Сараның көзі еді ғой…

0
1330

Бәрімізде өмірдің қонағымыз! Біреуге ажал ерте, біреуге кеш келеді. Тіршілікте бір-бірінің қадір қасиетін жете түсінбегендер мәңгі өлместей көрген қадірлісінен көз жазып қалғанда, әттегенайын айтып, «неге көзі тірісінде  қадіріне жетпедім» деп бармақ шайнап, бас шайқап, сартап болған сағынышын баса алмай жатады. Бұл жұмыр басты пенденің барлығының басында бар. Аз күнгі өмірдің жалғандығын біле тұра өзеуреп өкпелегендер, бір-бірін көрместей болғандар жақындарынан айырылғандар, қабырғалары қайысып, жүректері жұлынғанда ағаттық жасағандарын кеш түсінеді. Бұл да тағдырдың ащы сабағы. Әттең, сол ащы сабақтан тәлім алып жатқандар некен-саяқ-ау.

Ақын Ханша Райысованың өмірден өткеніне 40 күн толды. Ханшанның дәурені , жұлдызды сәтті, Құдай қосқан қосағы Қожамұраттың тірі кезінде болды. «Әйелді қадірлесе, Қожамұраттай қадірлесін» деп, талай ақын (әйелдері де, еркегі де) айтқан-ды. Сонау  1990 жылдары Республикалық айтыстарда ел назарына  іліккен  Ханшаны жолдасы Қожамұрат сан айтыстарға өзі баптап алып барып жүрді. Тіпті бағыт-бағдар беріп,  Ханшаның айтыстарын талдап-таразылап, саяси кеңес беріп, «мына дүнилерді оқы» деп кітап, газет-журналдарды, жұбайының қолына  ұстатқан сәтінің талай куәсі болғам.    Ата-бабасының қанында болған ақындық өнер Ханшаға жұғысты болыпты.  Бірде Ханшаның бойындағы қайнар-бұлақтың көзін ашқан, өнерінің өзен арнасына айналуына себепкер болған Қожамұрат  айықпас кеселге шалдығып, бақилық болған соң, Жетісудың Сарасы атанған Ханшаның да күйі қашты. «Ауру кірді дегенше әлек кірді» десеңші дегендей, әуелі жолдасын аруханадан-ауруханаға сүйреледі. «Қант» диабетімен ауырған жолдасының аяғының саусақтары  бір емес алты  мәрте кесілді.  Өмірінің соңына таман  қалалық ауруханада  жатқанда халін сұрап кірдім. Екі көзі ішіне кіріп кеткен, өңі сарғыштанып,  төсекте арқасына жастық сүйеп  ентігіп отыр  екен. Мен барғанда  қасында Ханша және палатада  бірге жатқан ер адам болды. Мені қасына шақырды, Ханшаға қарап: «Мен енді қатарға қосылмаймын, өзіңе-өзің берік бол» деп оған   қарады. Солқылдап жылаған Ханша: «Қожамұрат,  сен олай жа-мандық шақырмашы, бәрі Алланың қолында ғой» деп  маңдайынан қолмен сипады.  Өзегіме өксік кептеліп, сөйлей алмай «Алла шипасын берсін, Қожеке» деп жұбату айтқан болдым.  «Бес баламен қиналып қалатын болды ғой» деп  өзі ажал аузында жатып,  артында қалған  балаларына алаңдаған Қожамұрат  араға  екі-үш күн салып   дүние салды. Ұмытпасам күйеуінің сүйегін  базар маңындағы қазіргі  Шевченко көшесінің бойындағы көп қабатты пәтерден шығардық. Расында  күйеуі айтқандай, шиеттей бес баламен қалған Ханша қатты қиналды. Баяғыда  бір жетім: «Әкемді алсаң ал Құдай, шешемді алма, шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» депті.   Сол бес жетімекті жеткізем деп  Ханша  небір қиындықты басынан өткерді.  Балаларын  «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай»  оқытты, тоқытты.  «Жалайырдың келіні»  деп  қала әкімі болған  марқұм  Сәкен Жылқайдаров Қонаев атындағы «Заң» университетінің ректоры Өмірәлі Жалаири көп қол ұшын созды. Ханшаның өзіне де жоғары білім  алуына, кенже баласы Азаттың оқуға түсуіне, балаларының жұмысқа орналасуына ат салысты. Бұрынғы Қазақстан кино театрының жанынан кең бөлмелі үй берді. Осы бес балапанын асырау қамымен жүріп Ханша айтыстан қол үзді. Айтысуға да үлкен бап керек. Мың жерден суырыпсалма болсаң да, ізденіп, біліміңді ұштастырып отырмасаң, көшке ілесе  алмайсың. Себебі, айтыс та шарықтау шегіне көтеріліп, тыңдармандардың да талғамы өзгерген. Бір кездері жанынан табылып, айтыстың қыр-сырын айтып, бағыт-бағдар беріп, жон арқасынан Алатаудай сүйеп тұратын жолдасы Қожамұраттың жоқтығы білінді. Тірліктің қам-қарекетімен жүріп, айтыс алаңынан алшақтаған Ханшаны Жүрсін Ерман да маңдайынан сипай қоймады. Балапанын шұбыртқан мамақаздай  бес баланың тауқыметін тартып, басындағы баспанасын сатып, жаңа үй салмақ болып, ол аяқсыз қалыпты. Бірде  шәкіртім Балғынбек Имашовқа қоңырау шалып, қиналып жүргенін айтыпты.

Балғынбек те Жалайыр ғой. «Балғынбек,  мен жалайырдың  жетім қалған бес баласын жеткіздім. Бесеуі жабылып,  жағдайымды жасай алмады. Сен баспана үлестірем депсің ғой, маған да көмектесші» депті.

«Ой,  жеңеше, ол баспаналарды алушылар өздері аз да болса салым салулары керек, жеңілдікпен берілетін баспаналар ғой» дедім. «Қатты қиналып жүріпті жарықтық, ауыртпалық жүрегіне салмақ салып жіберді ғой» деп топырақ салуға келе алмай, кейіннен келіп бала-шағасына көңіл айтқан Балғынбек қайтар жолда үйге соғып, осы әңгімесін аса бір күрсініспен айтты.

Ханша 60 жылдығын жасағанда әкімдік көмектесті,  кеш өткізіп, артынан дастархан жайды.  Кешіне бара алмай, кеш те болса тойына кіріп  шықтым. Той бітіп, қонақтар кеткесін бір екі күннен кейін ренішімді айттым.

«Мерейлі жасыңда  айтыстарыңды топтастырып, тым құрыса биттің қабығындай болса да  кітап шығармадың ба? Той өтті, кетті. Болашақ  сені несімен есіне алады. Айтысқа киген кимешегіңді иіскей ме, оны мұражайға  өткіз» дедім.  Ол болса: «Ой, менде жөнді айтыстар жоқ қой»деді. «Барын жинастыр. Сен түгіл  ғылым докторы Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабековтар өздерінің де, қарсыластарының айтыста айтқан сөздерін  жонып,  кітап шығарып жүр.Сенің олардан қай жерің кем» деп қатты батырып айттым.

«Осы сенің білмейтінің жоқ» деп күйініп, кетіп қалды. Үстіміздегі жылдың  мамыр айының  орта тұсы ма, әлде аяғына таман ба  «Қазақ әдебиетінің» редакторы,  Ханша Райысованың жерлесі Дәурен Қуат хабарласып: «Ханша айтыстарын топтастырып, кітап шығарғалы жатыр.  Алғы сөзін  жазып беріңіз» деді. «Әрине,  жазып беремін,  алып келсін» дедім.

«Ееее, Ханша менің айтқан сынымнан қорытынды шығарған екен ғой» деп күттім. Бірақ, ол келмеді. Араға  бір жарым  ай салып, «Ханша дүние салыпты,  естідіңіз  бе» деп Балғынбек қоңырау шалды. Айтыстарын топтастырда ма, жоқ па, ол жағын анық білмедім. Жинақтаса,  бала-шағасының қолында бар шығар.  Ханшаның ақындығынан әртістігі басым еді. Ақындарға пародия жасағанда дауыстарын айнытпай салатын. Әрі орындау шеберлігі оқыған артістерден кем емес еді. Сараның сіңлісімін деп алғаш айтысқа шыққанда-ақ шәлісін жамылып сахнаға шығып, кейіннен ақ шәлісі  кимешекке айналған Ханша –  Сара Тастанбекқызының өзіндей болмаса да көзі еді!..

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ