Атақ та сатылады

0
1506

Қазақстанда отыз жылда жемқорлықтың желіндегені сондай, оның өсімі рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қызметтік сатыда қолы бұлғанбаған шенеунікті табу деген шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. Ары да, қолы да тазалар бар болса,  бірен саран шығар. Жоғары эшалоннан бастап қыл аяғы жергілікті билікке дейін жең ұшынан жалғасқандар бір-бірімен сабақтасып жатыр.

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментімен өткен жылдың қорытындысына зер салсақ,  166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 102-сі сотталған.  Бұл мәліметті департамент басшысының орынбасары Facebook желісінде өткен «AntikorLIVE» жобасының тікелей эфирінде айтты.  Пара  жүрген жерде пәле жүретін болды. «Денсаулық», «Білім» жүйесіндегі жүгенсіздіктер –  білім басшылары мен мұғалімдердің қадір қасиетіне кір келтіруде.  Атақ  абыройды сатып алу  білім дәрежесін көтере алмайтыны айдан анық. Бірақ  бүгінгі қоғамда бақталастық та бәсекеге түсіп тұр.  Оған да  көз жеткізу қиын емес.  Жыл аяғы болғанда аспаннан жауған ұлтарақтай  кеуделерін темір-терсекке толтырғандар арасында кімдер жоқ дейсіз. Сол марапатқа,  атаққа  лайықты жан болса құба-құп.  Кешегі кеңестік дәуірде марапатты нағыз Еңбек ерлері мен Мемлекет, Қоғам қайраткерлері ілуде бір алып жататын.  Олар жылма-жыл алмайтын.  Тәуелсіздік алғалы отыз жылда елге жыртыс таратқандай үлестірілген темір-терсектерде есеп жоқ.  Оның сыртында  қоғамдық қорлардың да  неше түрлі атақ-дәрежелері мен төс белгілері бар.  Олар мемлекеттік марапатқа жатпайды.  Алайда, қызып тұрған сауда  білім саласында саңырауқұлақтай қаулап тұр.  Фейсбук әлеуметтік желісіндегі білікті ұстаз, мектеп басшысы астаналық  Аятжан Ахметжанұлының «Шындықтан қаша алмайсың» парақшасына зер салыңыз.  Ұстаздарға арналған төс белгілер мен атақ-дәреженің құны қанша тұратынын көруге болады.

«Ғасыр ұстазы» –   13 мың,

«Алаш ұстазы» –  10 мың,

«Ұлт ұстазы» –  5 мың теңге. Ұлағатты ұстаз атану бұдан  сәл қымбаттау, оның құны 20 мың теңге.  Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды.  Иә, өз басым  Ғасыр ұстазы,  Ұлт ұстазы,  Алаш ұстазы,  Ұлы дала ұстазы  деген медальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға намыстанар едім.  «Ұлт ұстазы» деген атты тек А. Байтұрсынұлына  қолданып жүрміз.  Ал олар істеген тірліктерінің  жүзден бірін тындырмай, сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып,   арсыздықтың шыңына шықты», – дейді Аятжан Ахметжанұлы.  Бұған менің де алып қосарым жоқ.  Ғасыр ұстазы болу үшін ғаламат іс тындыру керек.  Алаш ұстазы болуда ауыр бейнетпен келеді. Ұлт ұстазы  деген атаққа жетуді мұғалім өзі сатып алмауы қажет.

Бағасын қымбаттатып жіберген  ұлғатты ұстаздың  төс белгісін сатып алып жүргендер өздерін қандай ұстазға балап жүр.  Ұстаз деген ұлағатты есімнің ұсақталып кеткені соншалық  білім ошақтарында мектеп директорлары мен ұстаздар арасындағы дау-дамай  ауылдан асып, аудан, облыстық сот табалдырығында талқыланып жатады.  Жоғарыда Аятжан  Ахметжанұлы айтқан саудаға түскен атақ-дәрежелер шынтуайтында  Білім және ғылым министрлігі ұсынған,  Президент пен Үкімет мөрлеп бекіткен дәрежеде ғана алуы керек.  Мұндай бей-берекет кеткен заңсыздықтарды Білім және ғылым министрлігі талқылап,  білім саласындағы заңды жүйелеп, Парламентке ұсынып,  қоғамдық бірлестіктердің заңсыз әрекеттеріне тиым салмаса бұл үрдіс жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай болады. «Бояушы, бояушы  десе, сақалын бояпты» дегендей, сатып алған атақ-дәрежелерін мұғалімдер өздерінің  түйіндемелеріне тіркеп, өзінің қандай ұстаз екендерін дәріптеп жүр. Бір ғажабы, осындай  атақ-дәрежені саудаға салып,  табыс көздеріне айналдырып жүргендерге  «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Бұл  жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бір тармағы. Бұл сауданың қызғаны сондай  ұстаздар  арасында медаль сатып алу  модаға айналыпты. Тіпті,  әлеуметтік желіде әлдебір жеке кәсіпкердің қолынан сатып алған медалін осындай марапат бұйырды деп жазып отырғанда бетімнен отым шығады. Себебі,  ұстаз атақ қуса,  ұстаз жалғандыққа барса, ұлттың ертеңі не болмақ?», – деп ашынады тәлімгер  ұстаз Аятжан Ахметжанұлы.  «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят  кетеді» деген осы. Бұл марапаттарды сатып алып жатқан ұстаздар арасында оқуды  сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп сабақ  беріп  жүрген,  жұмыс өтілі екі жылға жетпейтін шикі өкпе әріптестеріміз де бар. Құдай-ау  не деген атаққұмарлық дейді. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің деген де осы шығар. Тәжірибесі толысып болмаған,  білім ұясынан шәкірт ұшырып қанаттандырмаған шикі өкпе  ұстаз  «Ғасыр», «Ұлт  ұстазы»,  «Алаш Ұстазы»,  «Ұлағатты ұстаз» деген алатаудай атақты тер төгіп, қиналмай-ақ сатып алып, білім дәрежесін көрсетіп жатса жетіскен екенбіз. Осындайда қайран біздің арды ойлаған, тірлігінде рахат көрмей, зорлық-зомбылықтан көз ашпай, қуғын-сүргін көріп жүріп, білім жүйесіне өпшестей із қалдырып кеткен Ахмет Байтұрсынов сияқты «Ұлт ұстаздарының»  есімін асқақтатпай, қорлап жүрген  мұғалімсымақтар: «Мен осы атақ-дәрежеге лайықпын ба, мұны  сатып алғаным маған қандай абырой әпереді», – деп бір намыстанып қоймаса не шара.  Осындай ұстазсымақтардан тәлім алып жүрген жөсөспірімдер болашақта қандай маман болып шығады. Себебі,  «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді»  деген  тәмсіл бар. Кеуделеріне бір медаль тақпай кеткен Алты Алаштың ардақтылары қазақ білімінің іргетасын қалағанда артымыздан  жалған ұстаздар қаулап шығады демеген шығар. Керісінше «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі», –  деп Мағжан Жұмабаев  –  ұстаздардың қадір-қасиетін ардақ тұтқан.  Атақ-абыройды  темір-терсекпен өлшеп, табыс көзіне айналдырған қоғамдық ұйымдардың көздеген мақсаты білікті ұстаздардың басын біріктіріп бәсекелестік тудырып,  әлемдік олимпиадаларда шәкірттері оза шауып олжа салып жатса құба-құп дер едік. Олай болмай тұр.  Керісінше,  іс-тәжірибесі жетіспей,  сырттай білім алған,  ұстаздық жолында жарқырап көрінбеген шолақ-белсенділерге үлестіріп жатқан атақ-дәрежелері атанға жүк болды. Осы марапаттарды сатып алған ұстаздар  арасында мақтан тұтып,  той жасағандар да болыпты. Әлгілердің тойында  Ыбырай Алтынсарин,  Ахмет Байтұрсыновтар көзінің тірісінде естімеген алғыстар мен бата-тілектер қардай жауады», –  дейді Аятжан Ахметжанұлы. Осы тілектерді айтушы да,  естуші де екі беттері шым етіп ұялып қоймайды. Жалған сөйлеп, жалған мадақ естіп тұрғандарын екі тарап та жақсы біледі. Ал осыдан кейін сыныпқа кіріп оқушыларға  тазалық,  адалдық туралы көсіліп әңгіме айтамыз. Неткен жиіркенішті дейді. Расында өзі адал жолмен жүрмеген, атақ-дәрежені сатып алған ұстаз оқушыға қалай адалдық туралы айтады. Мұндай ұстаздардан ұлағаттылық күтудің өзі әбестік. Ол үшін ұстаздардың өзін атесттациялау керек.  Жаңағыдай атақ-дәреже қуалап жүргендерді білім ошағынан аластау қажет. Абай Құнанбаев: «Мен егер закон қуаты қолында бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп айтқан. Қисықты тезге салып түзегендей, ұстаз түзу жүрмей,  қоғам түзелмейді. Бүгінгі қоғамда ақиқат айту дегеннің өзі азап болды.

Айтқанның аузы, көргеннің көзі жаман болады.  Есесіне өтірік мақтау, жалғандық, жағымпаздық, көзбояушылық етек алды. Осындай ұстаз-дардың алдын көрген, солардан тәлім алған балалардың болашағынан не күтуге болады. Бұлда бір асқынған кесел және дауасы табылмай тұр. Тәйт демеген соң тәрбиеден құн кетті. «Ақша жүрген жерде албасты жүреді» дегендей,  төсбелгі жасап,  соны саудалап жүргендерде ұят жоқ. Оларда ойлануы тиіс. Өздерінше кәсіп жасап жүрміз десе қатты қателеседі. Бұлда бір кәсіп дейтін шығар,  алушы болса, тауар өндіруші табылады дегенге саяды. Оларда бір нәрсені өндірерде тауардың өтімділігін қадағалайды.  Демек, қоғам арасында арланбай атақ-дәреже сатып алатындар баршылық. Шпор шығарып сататын қоғамнан  жауапкершілік пен адалдық сұраудың өзі артық. Олар Абай дана айтқандай,  «Есектің артын жусаң да, мал тап» дегенін дұрыс жағынан түсініп алған алаяқ бизнесмендер.  Сол төс белгіні сатып алып төсіне тағып жүргендер де аляқтардың бірі. Атақ дәрежелердің саудаға түсуі үлкен қылмыс. Интернет желісінде мемлекеттік наградалардың саты-латыны жайлы ақпарат бар. Бұл қаншалықты шынайы, және жалған екенін құзырлы органдардың еншісіне қалдырдық. «Жас Алаш» газетінің 2021 жылдың 31 тамызындағы нөмірінде, авторы Нұрсұлу Мырзахметтің 2 020 жылдың 26 қарашасымен биылғы 25 қаңтар аралығында ресейлік интернет-аукционында 910 реттік нөмірімен «Құрмет» ордені сатылған. Сатушы оның құнын 205 мың рубльге бағалаған, теңгеге шаққанда 1,18 млн. теңге шамасында. Бұған қатысты да мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия наградталушы туралы жауап бере алмады. Ал заң тұрғысында мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салынған. Былтыр 7643 награда жасауға тапсырыс беріліпті. Оның ішінде төрт «Қазақстан Еңбек Ері» алтын жұлдызына, I дәрежелі 10 дана «Барыс» орденіне, 100 дана II дәрежелі «Айбын» орденіне және 5000 дана көпбалалы аналарға арналған «Күміс алқа» бар. Маусым айында «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл» 10 мың мерекелік медальға және 5000 төсбелгіге қосымша тапсырыс жасалған. Ең қымбат қазақстандық орден – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені. Оны 2016 жылы Қазақстандық теңге сарайында жасау құны 3,88 млн. теңгеден асқан (11 198 доллар). «Қазақстан Еңбек Ері» алтын жұлдызы 1 млн теңгеден қымбаттау тұрады. Әдетте маңызды мерекелерге орай, жылына бұл марапаттың бірнеше данасы беріледі. Бұл награда 213,6 мың теңге тұратын «Отан» орденімен қатар тапсырылады. Бұл ордендердің  көпшілігінде қымбат металдар мен зергерлік тастардың едәуір мөлшері бар. Осынау орден, медальдармен билік қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын Қазақстанда Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік қайраткерлерді, шенеуніктерді, кәсіпкерлер мен еңбек адамдарын марапаттайды. Былтыр Қазақстан Халқы Ассамблеясы да «Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 25 жыл», одан бөлек, «Бірлік» медальдарын оңды-солды таратқанын көпшілік  біледі. Тіпті ондай марапаттан бас тартқаны туралы журналист әріптесіміз әлеуметтік желіде жарияға жар салғанын ұмытқан жоқпыз. Сонда жалған атақты көксегендердің құрметке қаншалықты лайықты екенін, мемлекеттік наградалардың «ұста-ғанның қолында, тістегеннің аузында» кетуіне жол бермеуін қадағаламағанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия қайда қарап отыр, аспандағы жұлдыздарды санап отыр ма? – деген мақала жарық көрген-ді.

Мақала басында, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүреді» деген тәмсілді тектен айтпағымыз жоқ. Демек атақ: абыройды, медальдарды саудалауға Мемлекеттік наградалар жөніндегі комисияның өзі дәнекер болса, «Ұлт ұстазы» деген атақты саудаға салған қоғамдық ұйымдарға кім шара қолданады. Міне, жемқорлықтың жеті тамырының  бірі атақ-дәрежеде жатыр. Ал, оны саудалап және сатып алушылар ұялмай-қызармай «Ұлт ұстазына» айналды. Білім саласындығы былық пен шылықтың бір тармағы «Ұлт» ұстазының» атын жамылған ұятсыз ұстаздар дәріс беріп жүр. Ахмет Байтұрсыновқа «Ұлт ұстазы» деген атаудың өзі ол өмірден өткен  соң, алғаш рет педагог, ақын Мағжан Жұмабаев мақаласында қолданып,  бұл атау  Ахаңның төл паспортына айналған. Ахаңның білім жүйесіне  өлшеусіз сіңірген еңбегін, өзі өмір сүрген қоғамның, мемлекеті бағаламай, қуғына салып, азаптады. Ал, онымен заманында тізе біріктіріп, қоғамда, білімге қосқан сүбелі үлесін зерделеп «Ұлт ұстазы» деп атақ беріп, айдар таққан Мағжан Жұмабаевтай нар тұлға болатын.  Күні бүгінге дейін Ахмет Байтұрсынов тәуелсіз қазақ мемлекетінде тиісті бағасын ала алмай келеді. Тіпті өзі туған Қостанай өңіріндегі туған ауылындағы өмірге келген, мекен еткен баспанасы қамқорлықсыз қалғанын күні кеше ғана көгілдір экран көрсетті. Туған ауылына баратын жол да әлі күнге жөнделмеген. Биыл 2022 жыл «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсыновқа 150 жыл толды. Алаштың ардақты, реформаторының елді ағарту жұмыстарындағы рөлі, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегі ескерілуі тиіс. Бұл жөнінде экс Мемлекеттік хатшы болған Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік комиссия құрып, жиын өткізген болатын. Бұл бөлек әңгіме. Мақалаға арқау болып отырған тек Ахмет Байтұрсыновқа тиесілі «Ұлт ұстазы» болуды көксеп жүргендер бұл атақты сатып алмауы керек.  Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқанын, «Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел – бүгіншіл, Менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлының атына кір келтіріп, «Ұлт ұстазы» «Ғасыр ұстазы», «Алаш Ұстазы», «Ұлағатты ұстаз» деген атақты төлбелгісін сатып алып жүрген  мұғалімдер «судыңда сұрауы болатынын» білулері тиіс. Жалған атақ, жалған марапат жарға жығады. Басқа-басқа, ұстаздар ұлағатты болмай, ұрпақты ұшпаққа шығара алмайды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ