12 талдықорғандық баспаналы болды

0
907

Өңір бойынша аз қамтылғандар  қатарындағы 12 талдықорғандық отбасы меценаттар  көмегімен  баспаналы  болды.

Олардың арасында көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандар, жетім балалар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.  Бұл туралы  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кезекте тұрғандарға  пәтерлерді  меценат Ерік Айдарбаев пен «Харекет» Республикалық қайырымдылық қоры сатып әперген. Пәтер кілттері мен сертификаттар аналар үшін 8 Наурыз мерекесі қарсаңындағы ерекше сый болды.

9 пәтердің кілтін тапсыру салтанатында меценат Е. Айдарбаев өзінің жүрекжарды сөзін арнады. «Бүгінде әйелдер үйде де, түзде де өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүр. Әсіресе көпбалалы аналарға зор алғыс айтамыз. Өйткені  балалар  –  кез келген елдің басты байлығы. Сондықтан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын  қолдау  –  ортақ азаматтық парызымыз».  

Мұнан  кейін  «Харекет» қайырымдылық қорының Талдықорғандағы жетекшісі Амангелді Төлемісов мерекеге жиналған әйелдерді құттықтап, қорға қолдау көрсеткен демеушілерге ризашылығын білдірді.

Айтуынша, қайырымдылық қоры жұмысын бастаған жылдардан бері баспанаға мұқтаж жандарға 593 пәтердің кілтін,  соның ішінде Талдықорған өңірінде 48 отбасыға баспана  берген.

Өз кезегінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев меценаттарға алғысын білдіріп, өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі атқарылатынын  атап өтті.

«Биыл біздің облыста меценаттардың қолдауымен көп қабатты 15 тұрғын үй салына бастайды. Жалпы облыс көлемінде құрылыс ауқымын ұлғайтуымыз керек. Өйткені  бізде 60 мыңнан астам жетісулық үй кезегінде тұр. Қазіргі кезде қаржыландырудың әртүрлі көздері есебінен жыл сайын 3 мың пәтерді пайдалануға беріп келеміз. Осы көрсеткішті кем дегенде жылына 10 мың пәтерге жеткізуіміз қажет. Олай болмаса, тұрғындар өз кезегін 20 жылдап, тіпті одан да көп күтуі мүмкін. Бұл мәселеде бізге меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бизнес аяғынан нық тұрды, енді мемлекет пен оның азаматтарына әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге көмектесетін уақыт келді. Осындай үлкен жүректі азаматтардың арқасында талдықорғандық 12 отбасы бүгін үйлі болып отыр.  Бұл – көпшілікке үлгі боларлық іс»,  –  деді  аймақ басшысы Қ. Алдабергенұлы.

Баспаналы болған көпбалалы ана Әлия Кауменова қуанышқа кенелткен   меценаттарға алғысын білдірді. «Біз көп жылдан бері пәтер жалдап келеміз. Балалармен анда-мында көшіп жүрген қиын. Енді біздің өз баспанамыз бар. Қатты қуанып тұрмын, менің арманымды орындаған, отбасымды қиындықтан алып шыққан азаматтарға шын жүректен рахмет айтамын».

Айта кетейік, Алматы облысы халықтың табиғи өсімі жағынан Республикада алдыңғы орында,  бала  туу көрсеткіші жоғары.  2019 жылы 50 мың бала өмірге келсе,  2020 жылы 54 мың, өткен жылы 56 мың бала дүние есігін ашқан. Бүгінгі күні өңірде 59 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 28 мың ана – «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегері.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ