Бағынбаған баға, базардағы нарық

0
1194

Басқаға тоқтау болса да, кеңірдекке тоқтау жоқ. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы ырыққа көнбей барады. Тоқсан жерден тосқауыл қойып бағаны бақылаймыз, бағаны көтергендерді, ортадан пайда табатын делдалдардың дал-дұлын шығарамыз деген үкімет те бағаны бағындыра алмады.  Алматы облысында елдің бәрі сенбі күні өтетін  «Жерұйық» коммуналдық базарына барып, көтерме бағамен азық-түлік арқалап жүр.

Бірақ  ол жердегі баға да көрген көзді шарасынан шығарады. Бір жалақыға күндері қарап отырған отбасылар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылғандар  қалтасындағы бақырды санап,  саудагерлерге «барым осы еді, бағаңды түсіріп берші» деп жалынып,  жалпайып көкөніс алып жүргендерді көзіміз шалды. «Шоқпар тисе, сорлыға тиеді» дегендей, күнен-күнге қымбаттап жатқан азық-түліктің бағасы басты ауыртып, балтырды сыздатып тұр.

Халықтың әл-ауқатын жақсартамыз,  «Жаңа Қазақстан» құрамыз, 30 жыл ел байлығын тонағандардың шетел асырған ақшасын кері қайтарамыз, азық-түлік бағасы қымбаттамайды, бәрі бақылауда болады» деген үкімет қазір танауын тасқа соққан балықтай сансырап қалды. Оған себеп, Ресейдегі ахуал. Санкцияның астында қалған көрші елдің кесапаты бізге де тиіп жатыр. Тіпті, Ресейден Батыс өңіріне келіп, сауда үйлеріндегі азық-түлікті тонналап тасып жатқан бейнесюжеттерді әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалған-ды. Бұған дейін жылда көктемгі науқан басталар алдында егіншілер үшін жанар-жағар май  бағасы шарықтап шыға келетін, одан қалса егін орағы басталатын кезде жанармай өңдейтін зауыттар күрделі жөндеуден өтіп жатыр деген желеумен бағаны тағы да аспандататын. «Бақсақ бақа екен» демекші, Батыстан басталған бейбіт ереуіл қаңтардағы қантөгіске ұласып, мұқият тергеу басталғанда көгілдір отын мен жанар-жағар майды себепсіз көтерген,  ортадан пайда тауып жүргендер әшкереленіп, біразы жылы орындарынан босап, тергеу басталған-ды. «Әп, бәрекелді, енді өзіміз өндіретін өнімнің бағасы төмендейтін болды» деп газ бағасы Батыс өңірінде 50 теңгеге түскенде, әділдік орнады деп  қуандық. Әсіресе, азық-түлік бағасы қатаң бақылауда болады деген үкімет, жергілікті билікке базардағы бағаны қатаң қадағалауды тапсырған. Алайда, қолдан тежеп тұрған билікке, нарық шыдас бермеді. Өткен жылы азық-түліктің бағасы шарықтағанда ҚР Премер Министрінің орын-басары, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көрші Өзбекстан мемлекетіне барып картоп өніміне келісім шартқа отырып келген-ді. Қазақстанның Оңтүстік аймағы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Солтүстік өңірі Павлодар облыстары картоп өнімімен айналысады.  Бір ғажабы өндірген өнімдерімен Қазақстан ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай жатып, картопты экспортқа шығаратынына қайран қаласың. Жеріне шыбық қадаса жеті күнде шынарға айналатын Жетісу өңірінің Райымбек және Кербұлақ аудандарында картоп шаруашылығымен айналысатын қожалықтар бар. Алайда, жергілікті өнімдердің бағасы удай.  Көтерме базардың өзінде картоптың бір килосы 260-280 теңге. Көкөністер өсіретін арнайы жылыжайлар да бар. Мұнда қызанақ, қияр және тағы басқа да өнімдер мезгілсіз қысы-жазы өндіріледі. Жергілікті жерде өсірілетін өнімдердің бағасының шарықтауы –  өзекті өртеп, басты шайқатады. Мәселен Қапшағай қаласындағы жылыжайларда өсірілген қызғылт түсті қызанақтың көтерме базардағы бағасы 1200 теңге, қиярдың бір килосы  900 теңге, ал жуа 180 мен 200 теңге аралығында. Жергілікті өнімнің бағалары осындай болғанда, Түркістан, Жамбыл, Павлодар және Шымкент қалаларынан келген өнімдердің бағасын өзіңіз пайымдай беріңіз. Олардың жол шығыны және көтерме бағамен біздің саудагерлер сатып алып,  бағасын қосып сатады. Сауданың қызығын сатушы мен делдалдар көреді,  ал сатып алушылар үшін  бұл мұң-қайғы. Осы азық түліктің күннен-күнге қымбаттауына байланысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан демалыс күндері Елорда базарларын аралап, ондағы бағаларды бағамдап қайтқаны әлеуметтік желіде жарияланды. Сондай-ақ, ол, саудагерлер мен тұрғындардың пікірін тыңдап шыққан. Халық қалаулысы базардағы бағаның аспандап кетуіне қарсы ешқандай шара қолдана алмай отырған мемлекеттік органдарды сынға алыпты.

«Баға  удай. Күнделікті тұтынатын ет-сүт, картоп, сәбіз, пияз, көкөніс, күнбағыс майы, макарон бағасы еселеп барады. Наурыз  айында баға 13 пайызға өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті, –  дейді ол.

Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі тапсырмасы орындалмай тұр.

«Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция  министрліктері де, монополияға қарсы күрес агенттігі де, аймақтық әкімдіктер де жағдайдың алдын ала алмай отыр. Министрліктер біріне-бірі сілтейді. Үкіметтік ведомстволардың арасында өзара үйлесім жоқ, –  делінген жазбада.

Жанарбек Әшімжан осы салаға жауапты Премьер-Министр орынбасары,  Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Мәжіліс депутаттарының нақты сұрақтарына жауап бере алмағанын сынаған. Депутат «Базардағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасы инфляция өсімінен де асып кеткен. Мамандардың есебінше күнбағыс майы 36,7 пайызға, қант – 34,8 пайызға, картоп –  21,8 пайызға, жеміс-жидек –  19,9 пайызға, макарон өнімдері –  22,7 пайызға, жұмыртқа 10 пайызға қымбаттаған.

Мәжілістегі «Үкімет сағатында» да, пленарлық жиында да баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі мұның бәрі уақытша, жағдай реттеледі дейді. Баға реттеліп болғанша халықтың төзімі таусылып бітетін болды, –  дейді Жанарбек Әшімжан. «Бағаның бәрі уақытша жағдай, бәрі ретеледі» деген Ауыл шаруашылығы министрі көтеріліп кеткен бағаны қалай төмендетпек?! Ел ұлардай улап-шулап, қайтадан ереуілдетпесе, азық-түліктің бағасы енді төмендемейтіні айдан анық. Жең ұшынан жалғасқандар бұған дейін азық-түлікке және коммуналдық төлемдерге қатысты жұмысшылар жалақысын сәл көтергенде алдын-ала құлағдар болған кәсіпкерлер әуелі жанар-жағар май, содан соң азық-түліктің бағасын шарықтатып жіберетін. Енді көктемгі және күзгі науқан кезінде шаруалар шыққан шығындарын өтеп алу үшін тағы да бағаны көтеретін болса, бұқара халықтың  күнкөрісі тіпті қиындайды. Мұндай пікірді сарапшылар да жоққа шығармайды. Онсызда ауыл шаруашылық техникаларының құны 20 пайызға, тыңайтқыш бағасы 50 пайызға өсуі қымбатшылыққа ұрындырады дейді. Қазақстанда азық-түліктің  бағасын заңсыз көтеруге қатысты 749 факті тіркеліпті. Бұл ақпаратты да ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінен асып кету фактілері, яғни, 749 заң бұзушылық анықталды. Олардың көпшілігі: қант – 40%-ға дейін,  күнбағыс майын  –  35%-ға дейін,  көкөністер –  25%-ға көтерілген  деп Facebook парақшасында жазды. Анығында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының 1,7%-ға өсуі тіркелді,  жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі 9,9%-ды құрады. Бір аптаның  ішінде ең көп қымбаттаған өнімдер: қырыққабат – 11%,  пияз –  9,3%,  қант  – 6,3%,  картоп –  4,7%,  сәбіз –  3,3%,  тауық жұмыртқасы — 1,7%», –  делінген Үкімет басшысының орынбасары жариялаған ақпаратта. Бұл наурыз айындағы ақпарат болатын. Одан бері сәуір басталғалы баға тағы да тоқтаусыз өсіп келеді.  Енді  Талдықорғандағы сауда үйлеріндегі азық-түлік бағасына зер салып көріңіз. «Магнум» сауда орындарында қанттың бір килосы – 279 теңге, «Small»  сауда үйінде –  345 теңге болса, базарда – 400 теңгеден асады. Сұйық майдың 5 литрі –  4200, ұн 50 килосы – 12000, 25 килосы –  6600 теңгеге саудалануда. Ең қажетті деген нанның бағасы 160-170-ке дейін көтеріліп, 140 теңгеге әзер түскен. Солтүстік өңір Павлодарда нан бағасы 200 теңгеге көтерілгенін көгілдір экраннан бұқаралық ақпарат құралдары таратқан болатын. Бұдан бөлек сырттан тасылатын құрма өнімінің бір килосы – 2000 теңге, банан  –  900,  жүзім 1600-1800 теңгеге жеткен. Алма –  450-500 теңге аралығында.  Алма демекші алманың отаны Жетісу өңірінде де баға қымбат. Керісінше сырттан тасымалданатын өнімдерге баға қосылып, жергілікті жерде өндірілетін өнімдер бағасы төмен болуы шарт еді. Сүттің бағасы да  250-300 теңге аралығында.

Жалпы Қазақстан бойынша күнде қымбаттап жатқан азық-түлік өнімдерінен бөлек, киім-кешек бағалары да айтарлықтай өскен. Бірақ халықтың көңілін күпті етіп отырғаны күнделікті тұтынатын азық-түлік бағалары болып тұр. Үкімет жергілікті билікке бағаны қатаң бақылауды тапсырған-ды. Алайда, жергілікті билік тұрмақ,  жоғары биіліктің өзі асаудай тулаған базар бағасын ауыздықтай алмауда. Қазақтың «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей» деген тәмсілін еске алсақ, ірі қараның еті тұрмақ,  құс етінің өзі әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылар  түгілі, орташа өмір сүріп, бір жалақыға қарап отырғандардың түсіне кіретін болды. Бұдан бөлек, балық өнімін айтсақ, қылтанағы жоқ, балық етінің бір килосы –  2500, одан өзгелері 1500 теңге аралығында. Базардағы бағаны, бағынбаған нарықты кім тізгіндейді??!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ