Талдықорғанға «Астана Балет» театры келді
Аталған шығармашылық кеште «Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі еліміздегі қазақ биін қоюшылардың көшін бастап отырған Айгүл Тәтидің шығармашылығы көрермен назарына ұсынылып, көпшілікті тәнті етті. Балетшілердің әр биі көшпелі халықтың дүниетанымын көрсетіп, ұлы дала кеңістігінде орын алған қызықты оқиғаларды суреттейді.
Театрдың атын шығарып жүрген бұл туынды еліміздің, Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Ұлттық бидің сан қырлы иірімдері мен көркем музыка көрермендерді бей-жай қалдырған емес. Ұлттық нақыштағы би мен музыканың үйлесіміне қарап, би үйретуішінің шеберлігі мен қазіргі заман хореографиясының жоғары деңгейге көтерілгенін бағамдауға болады.
«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасында визуалды-көркемдік әсерлер кеңінен қолданылған бишілердің костюмдері де көз тартарлық. Қайталанбас пластикалық би өрнегі мен бишілердің көркем бейнелері көздің жауын алып, ұлттық бидің бірегей үлгісін паш етеді. Хореографиялық туындының тартымдылығы мен ой тереңдігі көрерменнің көңілін тербеп, тамсандырмай қоймады.
Атап өтейік, «Астана Балет» театрының репертуарында әлемдік және Отандық классиканың жауһарлары, бірегей хореографиялық қойылымдар бар. Репертуардың сан-алуандығы, бишілердің шеберлігі, сахнаны безендірудің көркемдік биігінің арқасында «Астана Балет» өз елінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметке ие.
Арайлым НҰРЖАПАР