Мұғалім қадірін қашырған «категория»

0
1556

Биылғы оқу жылы да аяқталды. Білім саласындағы айғай-шу қамысқа қойған өрттей қаулап тұр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім жүйесіндегі сапасыздықпен  және  жемқорлықпен күресіп әлек. Әуелі, жекеменшік  құқығы бар жоғарғы оқу орындарының ішінен сапасыз білім беріп жүргендерінің біразын жауып, лицензия-ларынан айырды. Олар да қарап жатпады, сотқа жүгінді. Бұл күрес әлі тоқтаған жоқ, тағы да біраз білім ошақтары жабылатыны айтылуда.

«Жыланды үш кессең  де, кесірткелік әлі бар» демекші, азулы айдаһарлар оңайлықпен беріспейтіндерін көрсетуде. Бұл өз алдына бір бөлек тақырып. Бар гәп, мектеп табалдырығындағы білім басшыларының заңсыздықтары мен мұғалімдердің жоғарғы санат алудағы көз бояушылықтары әшкереленіп жатыр.

«Ойбай, білім сапасын жақсарту үшін мұғалімдердің жалақысын көтеру керек.  Мұғалімнің жағдайы жасалмай, білімді ұрпақ қалыптаспайды» – деп, дабыл қаққалы біраз жылдың жүзі болды. Әрине, дұрыс, «Еңбегіне қарай өнбегі болады» дестік. Толқын ұрған қайықтай теңселген білім жүйесінде  Асхат Аймағамбетовтің алдында он екі  Білім және ғылым министрі ауысты. Әр минстр ауысқан сайын реформа жасалды, білім жүйесі бірізділікке келіп, аяғына толық шыққан жоқ. «Шала піскен киіздей, қарпылмаған» қалған реформалар оқушыларға да, мұғалімдерге де сор болды. Білім жүйесіне Асхат Аймағамбетов келіп бүлінген білім жүйесінің жыртығын жамауға тура келді. Оқулықтардағы «Қамқа тонға сіркелеген биттей» өріп жүрген қателіктерден бастап «Таяқты әліп» – деп, үйренетін бастауыштағы әліппені қайтарудың өзі біраз күш болды. Жергілікті билік билеп төстеп алған, «Қойдай өргізіп, жылқыдай жусататын мұғалімдердің мәртебесін, құқығын қорғау, оларды барып кел, шауып келдің шабармандарынан ажыратып, тек білім жүйесімен айналысуға мүмкіндік жасау министрдің қолынан келді. Жарымаған жалақымен күн көріп жүрген ұстаздардың жалақысын көтерді. Бірақ бұған қанағаттанып жатқандар некен-саяқ,  ебін тапқандары екі асап жатыр. Заңды айналып өткендер жай қатардағы мұғалімдер емес, білдей бір мектеп басшылары болып тұр. Алматы облысында 23 мектеп директорлары мемлекеттік қызмет атқара жүріп, кәсіпкерлік қызметпен айналысыпты. Сау бастарына сақина тілеп алғандар кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынғанына қарамастан көз жұмбайлыққа барған. Енді әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ӘҚБтК-нің 154 бабына сәйкес, лауазымды тұлғалардың кірістері тәркіленіп,  200 АЕК көлемінде (612 600 теңге) айыппұл салынған. Сонымен қатар Алматы облысының 4 мекеме басшысы ӘҚБтК–нің  680-бабына сәйкес «Мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауына» байланысты әрқайсысы 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл арқалаған.

Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов айтты. 17 мамырдағы жағдай бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәсіпкерлік қызмет саласына және басшылық тарапынан қабылданбаған шараларға байланысты 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 миллионнан аса теңгені құрайды дейді. Жемқорлық туралы күнде айтылып, сағат, тіпті,  минут сайын жарнамлар беріліп, заңның қаталданып жатқанын жағы талмай жемқорлықпен күресетін мекеме айтып, мемлекеттік қызметкерлерді жемқорлық жағдаймен сотталғандарды көгілдір экраннан көрсетіп, ақбақтыларға апарып көзбе-көз көрсетсе де қорқу-үрку дегенді мүлде ұмытқандар заңға қайшы әркет жасауда. Біздің міндет мұғалімдерді жамандау емес. Осылар-ақ газет бетінен мұғалімдерді түсірмей қойды ғой дейтін шығар. Мектеп басшыларының өздері заңсыздыққа жол ашып отырса, қол астындағы мұғалімдер не істемейді. Жоғары жалақы алу үшін әрі санат көтеру сертифкатын да сатып алып жатқан мұғалімдердің қылмысы әшкерленуде. Басқа-басқа білім ордаларында балаларға адалдықты, әділдікті үйретіп, білімнің шамшырағын жағады деген мұғалімдердің ары таза болмаса кімге өкпелейсің. Жоғары жалақы алу үшін, сертификат сатып алып жүргендер жемқорлар емей кім?! Өйткені олар мемлекеттің қаржысын жымқырғанмен бірдей.

Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім санат көтеру сертификатын сатып алды деген күдікке ілінген. Қазір ол сертификаттарды құзырлы органдар тексеріп жатыр. Бұл ақпаратты Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы растап ғаламтор желісіне салған. Осыдан кейін білім ордасындағы былық-шылықтың тоқтайтын түрі жоқ-ау деген ойға қаласың. Жалған дипломмен сабақ берген, тіпті, араларында бұрын істі болған мұғалімдер жайлы құзырлы орган, прокуратура саласы жылма-жыл ақпараттар беріп келеді. Бұл бір ғана Түркістан облысында емес,  республиканың барлық аймағында етек алған деуге болады. Кейбір мектептерде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғарғы немесе жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімі туралы құ-жаттары жоқ адамдар мектепке жіберілмеуі тиіс. Жүргізілген  мониторингке сәйкес, оқытылатын пән бойынша Алматы облысы Алакөл ауданының «Достық орта мектебі» ішінара талданыпты. Алакөл аудандық білім беру бөлімінен алынған ақпаратқа сәйкес, аталған мекемелерде сыбайлас жемқор-лық тәуекелдері мен білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталған. 17 мұғалімнің оқытылатын пән бойынша тиісті дипломы жоқ екендігі және оқу орнынан алынған анықтама негізінде жұмыс істейтіні белгілі болған. Мектеп директорлары қызметте отырып кәсіпкерлікпен айналысады. Одан қалса дипломы сәйкес келмейтін мұғалімге сабақ бергізеді.  «Медальдың екі жағы бар» демекші, шалғай елді мекендер тұрмақ, қазір қаланың өзінде мұғалімдердің тапшылығы аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан шалғайдағы мектеп басшылары кадр тапшылығынан  амалсыз басқа пән мұғалімдеріне сабақ жүктемесін беретіні хақ.

Егер, тиісті пән бойынша дипломы жоқ мұғалімнің оқушысы жоғары жетістік көрсетсе, олда заңсыз болып табыла ма? Бұл да түйткілді мәселе. Ал жалған сертификат сатып алып жүрген мұғалімдер анықталған жағдайда айыппұлмен құтылса құба-құп. Ал жұмысынан аластатылса, не болмақ. Мектептегі кадр тапшылығын шеше алмай отырғанда бұл жығылғанға жұдырық тигенмен бірдей болмай ма?! Осы жалған сертификатты сатып алған мұғалімдер де алаңсыз сабақ беріп, тыныш ұйықтап жүр дегенге өз басым сене алмаймын. Қай күні қылмысым ашылып қалады деп, мектепте  тексеру жүрген сайын ішкендері  ірің,  жегендері желім болатын шығар. Себебі «Ұрының арты қуыс» деген тәмсіл барын олар да жақсы біледі. Бір ғана Түркістан облысында 500 мұғалім жалған сертификат сатып алған болса, ірі облыстар мен мегополис атанған халқы көп қалаларда қанша мұғалімнің жалған диплом мен жалған сертификат сатып алып жүргенін пайымдай беріңіз. Сертификатқа қатысты яғни, санат көтерудегі сынақтағы сұрақтар жайлы мұғалімдердің де айтар назы бар. Бір емес, бірнеше рет сынақ тапсырып өте алмаған мұғалімдердің жанайқайын бұған дейін де жазғамбыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мұғалімдер жалақысы өсуде. Демек, лайықты жалақы алу үшін мұғалімдер арасындағы бәсекеде жарыс қызып тұр. Ол жарыс жоғарғы – санат алу. Сынақтан өте алмай қалғандар түрлі айла-шарғыға барып жүр. Министр мұғалімдерді сүзгіден өткізіп сұрыптайтын уақыттың болғанын айтып қалды. Мектеп директорлары бес жылдан артық басшылық қызметте ұзақ отыра алмайды. Енді білім сапасын арттыру үшін мұғалімдер сұрыпталатын болса, мектептердегі құмырсқадай құжынап жүрген, аты мұғалім, ісі өнбеген талай ұстаздардың орны босап қалатын шығар. Мектепте ұзақ басшылықта отырған директорлардың да айғай-шуы аз болып тұрған жоқ.

Мәселен, Талғар ауданындағы мектеп директоры математика пәнінің мұғалімін жұмыстан шығарып, ол бірінші сатыдағы сотта жеңіліп қалғанын, жинаған құжаттарында заңсыз қол қойылғандардың аудио таспасын ғаламторда шығарғанын көрдік. Қызметте отырып кәсібін дөңгелетіп отырған 23 мектеп директоры да, енді жылы орындарын босататын шығар. Бұл нені аңғартады. 30 жыл мемлекетті жаулаған жемқорлықтың бір ұшы білім саласында жатқанын көрсетеді. Балық басынан шіріген соң, өзгелерге қайтіп өкпе артқандайсың?!

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ