Ақтөбеліктердің жанайқайына құлақ түріле ме?

0
1296

Ақсу ауданына  қарайтын бұл елді мекен тау баурайында орын тепкен. Ақтөбе деп аталатын ауыл Суықсай округіне  қарайды.  Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұрынырақта бұл жерде «Бұлан» деген кеңшар болған.

Кейін «Ақсу» қой совхозы болып құрылып, үш бөлімше  қараған. Атап айтсақ, Ақтөбе, Баласаз, Ащыбұлақ елді мекендері. Ауыл  мал шаруашылығымен айналысқан. Сол шақта 30 мыңнан аса  мал болыпты. Қазіргі таңда елді мекенде 20 шақты шаңырақ тұрып жатыр. Тұрғындар  сөзінше,  ауылдың бүгінгі  жайы  сын көтермейді. Айтуларынша, совхоз болып құрылғаннан бері ауылдарды байланыстыратын жол мүлдем жасалынбаған. Қазіргі жағдайы тіптен  адам шошырлық. Халық саны аз ауыл болғандықтан  болар  жол жөндеу жұмыстарына қаражат та қарастырылып көрмеген.

«Ауылға баратын жол – ағыны қатты Ақсу өзені арқылы өтеді. Оның үстіне салынған көпірдің тозығы жетіп құлаудың аз-ақ  алдында  тұр.  Елді мекенге апаратын жолдың 6 шақырымын жол таңдамайтын көлікпен ғана жүріп өте аласың.  Бұл жердің ең қиын учаскесі ол  –  Ақсу  өзеніне түсетін және шығатын шатқал.  Жол   ережесі бойынша жол асулары 12 пайыздан аспауы  керек.  Ал мұнда ондай участок  20  пайыз. Сол үшін  бұл маңда жол апаты жиі болады. Жыл сайын адам өлімі орын алады.

Су құбыры жердің үстімен тартылған. Күзден бастап жазға дейін су болмай қалады. Себебі суықтан құбыр қатып қалады.

Мұнымен қоса ауылда электр жарығы да жиі сөнеді. Электр жарығын тасымалдайтын бағаналар шіріп, қисайып тұр, тіпті, кейбір жерлерде электр сымдары шашылып жатыр. Бұл кез келген адамның өміріне өте қауіпті», – деген наздарын айтады  ауыл халқы.

Бұл ауылда түйіні тарқатылмай келетін шаруалар  шаш етектен. Соның бірі   – ауыз су  мәселесі. Осыдан  бес жыл бұрын ауыз су бағдарламасы бойынша су тарту мәселесі қолға алынған. Бюджеттен қаржы да бөлінген.  Алайда дәл қайнардың көзінде тас тұрғандықтан су ойдағыдай шықпай қалған. «Су құбыры  жердің үстімен тартылған. Күзден бастап жазға дейін су болмай қалады. Себебі суықтан құбыр қатып қалады»,  – дейді ескерусіз қалған  елді мекен  халқы. Мұнымен қоса олар бау-бақша, картоп, көкөніс өсіру үшін суаратын судан бөлек,  арық жүйесінің де жоқтығын айтады.

Ауылда электр жарығы да жиі сөнеді. Электр жарығын тасымалдайтын бағаналар ші-ріп, қисайып тұр, тіпті, кей-бір жерлерде электр сымдары шашылып жатыр.

Елдің жанына батқан тағы бір мәселе  – ауылдағы  медициналық пункт жайы. Айтуларынша, кішкене балалар мен оқушылар, ересектерге медициналық көмек дер шағында көрсетілмейді.  Ауырып қалған жағдайда,  жедел жәрдем көлігі жолдың нашарлығынан келе алмайды. Елді  мекендегі   1958-1960 жылдарда салынған қамысты-каркас үйлердің де тозығы жетіп,  біразы құлаудың аз-ақ алдында тұр… Ауыл жұрты  жайылым жердің тарылып бара жатқанына да алаңдаулы.

Отыз жыл ішінде ушыққан проблемалар  туралы тұрғындардың бармаған жері, кірмеген есігі қалмаған. Ал,  аудан басшылығы  елдің  жанайқайын жақсы білсе де  түйткілді мәселенің түйінін  тарқатуға асығар  түрі  жоқ сыңайлы. Елдің  ендігі үміті облыс әкімі  Қ. Бозымбаевта болып отыр.

Біздің ауыл туризмді дамытуға ең қолайлы жер. Облыс әкімінің өзі келіп көрсе, осы сөздің шындығына көз жеткізер еді.

«Ел  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылға назар аудару керектігін үзбей айтып келеді. Осы орайда, Алматы облысына әкім болып тағайындалған Қанат Алдабергенұлы  да ел үніне құлақ түріп, ауылымызға   ат басын бұрса екен дейміз.  Біздің ауыл туризмді дамытуға ең қолайлы жер. Облыс әкімінің  өзі келіп көрсе,  осы сөздің шындығына көз жеткізер еді»,  –  дейді ауыл  жайына алаңдаулы жұрт.

Табиғатымен көз қызықтырған Ақтөбе ауылының  бүгінгі  жайы мен елдің  үні  елеусіз  қалмас деген үміттеміз.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ