«Мейірімнің» мерейін арттырған суретшілер

0
493

«Жас   дарын»  дарынды  балалар  орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде Республикалық «Самға Самұрық» балалар байқауын  ұйымдастырады. Биыл «Балалар жылы» аясында өткізілген дода Жетісу облысында өтті.

300-ге тарта  өнерлі  өрен  «Хореография», «Аспапта өнер көрсету», «Эстрадалық вокал», «Көркемсөз», «Қолөнер», «Бейнелеу» сынды аталымдар бойынша  байқауда бақ сынады. Әділқазылар алқасының шешімімен  әр жанр бойынша бір емес, бірнеше бас жүлделер табыс етілді.

Жарысты ұйымдастырудағы  мақсат  – балалардың тұлғалық қасиетін, көпшілікпен еркін жұмыс жасау, өз ойын еркін жеткізу, эстетикалық мәдениетін қалыптастыру.

«Болам деген баланың бетін  қақпа, белін бу» дегендей, өңірдегі шәкірттердің ішінен суырылып алға озған, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктер іріктелді. Оның әрқайсысы номинация бойынша ерекшеленіп, арнайы  жүлделермен марапатталды. Соның ішінде «Бейнелеу» аталымы  бойынша  «Мейірім» шығармашылық орталығы шәкірттерінің жұмыстары  әділқазылардың көңілінен шықты.

Орталықтың атынан қатысқан  алты оқушының  да салған суреттеріне қарап, қайран қаласың. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын керемет көріністі бейнелеген қылқалам шеберлерінің суреттері талайдың  таңдайын  қақтырды.

Байқаудан оза шапқандардардың бұл жетістігі тікелей ұстаздың еңбегі екенін айтады «Мейірім» орталығының директоры Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

– «Бейнелеу» аталымы бойынша әділқазылар алқасы біздің орталықтың атын ерекше атады. Әрине, оның да өзіндік себебі бар. Ұстазымыз тәжірибелі, өз ісінің нағыз шебері. Елена апай әр сабақты тақырып-тақырыпқа бөліп түсіндіреді. Ұлы суретшілердің де суреттерін салғызып, олардың  өмірбаянын, сол суреттің шығу тарихын айтып береді. Ол кісінің табанды жұмысының нәтижесінде балалар да осындай жеңіске жетті деп ойлаймын, – дейді Гүлмира ханым.

Расында суретші – әр жерден: аспаннан, жерден, судың  сыбдырынан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүрлі көріністерінен келетін эмоциялар жинайды. Әркім әртүрлі пайым айтса да қылқалам құпиясын меңгеру – екінің біріне берілген қасиет емес. Сурет салуда ең әуелі еркіндік берілу керек. Сонда ғана бала мүмкіндікті пайдаланып, өзінің ой-қиялындағы нәрсесін суретпен жеткізе біледі.

– Біз байқау туралы 10 күн бұрын білдік. Қатысуға ниет білдіргеннен кейін оқушылармен тақырыптарды талқылай бастадық. Балалардың әрқайсысы өздеріне қызықты сурет таңдап, жұмысқа кірісті. Ал  мен мұғалім ретінде процесті бақылап отырдым, балаларға суреттің бүкіл ішкі дүниесін ашуға кеңес бердім. Суретімізді аяқтауға екі күн уақыт кетті.

Байқау күні туындыларымызды көрмеге қойып, комиссияны асыға күттік. Шәкірттеріммен бірге қобалжығанымыз рас, себебі, бұл біздің алғашқы жарыс. Жұмысты бағалаған соң,  басқа сайыскерлердің концерті өтетін залға шақырды. Марапаттау рәсімінде қыздарымның аты аталғанда қуанышымда шек болмады. Олардың медаль алып, сахнаға шыққандарына дән риза болдым. Еңбегімізді бағалап, ұстаздарға да қошемет көрсетілді. Менде сертификат пен медаль арқалап қайттым. Шәкірттерім бұл марапаттарға әбден лайық деп санаймын, – дейді  бейнелеу  өнерінің  ұстазы Е. ЖИЕМБАЕВА.

Туындылардың қатарында табиғат пен жануарды ұштастырып салынған суреттер де болды. Сондай суреттің авторы – Малика  СӘДУ.  Осы  шығармасымен ол  бас жүлдеге ие болды.

Ұстазының айтуынша Малика бұл суретті салу сәтінде өз ойымен, идеясымен оңаша қалған. Суретке  жан  тәнімен берілгені соншалық қолға алған жұмысын сапалы, әрі сәтті аяқтауға барын салған.

Өнер деген іштегі жасырын эмоциялар, адамның жай-күйі ғой. Өзегіңді өртеген керуен ойларды қалай да сыртқа шығармасаң жаның жай таппайды. Суретшінің қаламгерлерден айырмашылығы салған суретін өзге тілдерге аударып әуреленбейді. Себебі бұл өнердің тілі – тұтас адамзатқа ортақ. Оны әр ұлт өз өресінде, танымында түйсінеді. Сурет өнерінен ұлттың тарихын, қасиет-қалы­бын, тіршілік арнасын көруге болады.

Ендеше, жас өрендерді қылқалам әлеміне жетелеп жүрген «Мейірім» шығармашылық орталығының ұстазы  мен жеңімпаз атанған сурет өнерінің шеберлеріне бағындырар биіктеріңіз аласармасын дейміз!

А. НҰРЖАПАР.

 


ПІКІР ЖАЗУ