Жаңа ФАП ел игілігіне берілді

0
235

Осыған дейін Алакөл ауданы бойынша Байзерек, Қарлығаш, Ынталы ауылдарында блокті-модульдік медициналық ғимараттар халық игілігіне берілсе, енді бұл қатарға Қамысқала ауылы да қосылды.

Аудан орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдың тұрғындары енді бұрынғы ескі ғимараттың орнына жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте ем алатын болады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Қамысқала ауылдық округінде 840 адам тұрады. Ауылдағы дәрігерлік амбулатория 1978 жылы салынған, кезінде балық зауытына қарасты ғимарат болған. Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық ем алуына жағдай жасау мақсатында жаңа нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 143 млн. теңге бөлініп, ФАП тұрғызылды. Нысанды «Голден Строи» ЖШС мердігер компаниясы салды. Ондағы арнайы бөлмелер қажетті құралдармен жабдықталған. Медициналық мекеме бір ауысымда 15 емделушіге медициналық көмек көрсете алады.
Аудандық орталық аурухана директоры Асхат Бұтабаевтың сөзінше, бұрынғы ғимарат тиісті талаптарға сәйкес келмеген. Ем жасауға қолайсыздық туғызғандықтан әрі материалдық-техникалық базасы да тозып тұрғандықтан заман талабына сай, сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге лайықталған фельдшерлік пункт салыныпты. – Мұнда қазір жұмысшыларды қоспағанда 4 білікті маман – 1 фельдшер, 1 акушер, 2 медбике қызмет көрсетеді, – дейді ол.
Сондай-ақ, мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық- санитарлық көмек, екпе ектіру, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратына жүрек қағысын тексерту секілді қызметтер бойынша ем-дом ала алады. Оған қоса аудандық орталық ауруханадан арнайы білікті мамандар белгіленген кестеге сәйкес ауылға келіп, тұрғындардың денсаулығын қарайды. Қамысқалалықтар бұл жайдарман жаңалықты қуана қабылдады.

Алакөл ауданында 56 елді мекенде 75 мыңға жуық халық бар. Оларға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 2024 жылы Екпінді, Жайпақ, Қайнар ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт салу, 5 елді мекенде блокты-модульді нысандар салу жоспарлануда. Ал жалпы облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылса, жыл соңына дейін тағы 6-уы, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін құны 11 млрд. теңге болатын 59 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ