БОЛАШАҒЫ АЙҚЫН ЕЛДІ МЕКЕН

0
764

Өткен апта соңында әріптесім екеуміз ауылдың жағдайын көзбен көріп қайтайық деп Ескелді ауданындағы «Жалғызағаш» ауылдық округіне жол тарттық. Қаладан аудан орталығына көзді ашып жұмғанша тез жеттік. Әкім жіберетін көлікті күтіп тұрған уақытта ауылдың таксистерін сөзге тарттық. Олардың дерлігі ауыл түтіні түзу шығып жатқанын, былтыр ғана сайлаған әкімдерінің де жұмысын жоғары бағалады.

Осы уақыт аралығында күткен көлігіміз келіп жетті. «Жалғызағаш» ауылы қайдасың деп жолға шықтық. Ауылдың орналасқан жері керемет екен. Биік жоталардың ортасындағы алақандай елді мекен алыстан көз тартады. Атауы «Жалғызағаш» болғанымен жасыл ағашпен көмкерілген елді мекен құдды бір орман секілді көрінді.
Жалғызағаш ауылдық округіне «Биғаш» елді мекені кіреді. Екеуінің арасы үш шақырым. Екі елді мекеннің тұрғындарын қосқанда барлығы 1127 адам тұрады. Ауылға кіріп келе жатқанда көше тазалап жүрген жұмысшыларды да көзіміз шалды.
Тым ескі ғимаратта отырған ауыл әкімімен танысып, әңгімелесуде оның осы ауылдың баласы екенінен хабардар болдық. 1994 жылы туған Сапарғалиев Диас Асқарұлы мектепті бітірген соң Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған. Артынша Ө. Жолдасбеков атындағы академиясының магистратурасын бітіріп, заң ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие болған. Осы академияда қосымша экономика және бизнес магистратурасын бітірген, бірнеше колледжде оқытушылық қызметті атқарыпты. Мұнымен қатар қосымша жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы лауазымын, кейін 2023 жылдың ақпанына дейін Алматы облысы бойынша «СЕНІМ» жергілікті кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің заңгері болып жұмыс істеген. Ауыл ақсақалдары мен белсенділерінің ұсынысы болған соң өткен жылдың ақпан айында ауыл әкімінің сайлауына қатысып, озып шыққан.
Жауапкершілігі мол қызметке сайланған соң білек сыбана жұмысқа кірістім. Оның үстіне бұл менің өз ауылым. Халыққа нақты не керегін, не қалайтынын жақсы білемін десем артық айтпаспын, – деген жас әкім қызметке кірісе сала ауылдан өрт сөндіру бекеті мен ветеринарлық пунктің салынуына ұйытқы болғанын айтады.
Ауылда жаңа әкімдік ғимараты, блоктты-модульді мәдени нысанның құрылысы жүріп жатқанын да тілге тиек етті Диас Асқарұлы.
«Жаңадан салынып жатқан әкімдік құрылысының 90 пайызы жасалып, аяқталуға шақ қалды. Сонымен қатар, жаңа мәдениет үйінің де құрылысы басталып, 70 пайыздық жұмыс қалды. Ендігіде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы бастау алады», – деген ауыл әкімі сөз арасында екі жобалық сметалық құжаттаманы көрсетті. Оның бірі 1970 жылы салынған ескі су құбырларын жаңарту жобасы болса, екіншісі ауылдық округке газ кіргізу жобасы.

Әкімнің сөзінше, су құбыры, газ да келесі жылы тартылады. «Президент тапсырмасына сәйкес, газ 2026 жылға дейін тартылып бітуі тиіс» деген ол газға Жалғызағаштағы – 279 аула, Биғаштағы – 51 үй, сонымен қатар барлық әлеуметтік нысандар қосылатынын да тілге тиек етті.
Балалардың ойнайтын алаңына жарық шамдары орнатылыпты. Олар түнгі он жарымға дейін жанып тұрады екен. Екі елді мекенде де орталық көшелерге жарық шамдары орнатылғанын айтқан әкім мырза ішкі көшелеріне су мен газ құбырлары жүргізіліп біткен соң асфальт төселіп, артынша жарық шамдары орнатылатынын айтты.
Қазір асфальт төсеп, шамдарды орнатып тастасақ, құбырларды тартқан кезде бәрін қазып, сосын қайта төсеу керек болады. Бұл екі жұмыс және артық шығын. Сондықтан әзірше ішкі көшелерге асфальт төсемейміз, жарық орнатпаймыз , – дейді ол.
Негізінен Жалғызағаштағы алты көшенің үшеуі асфальтталып, үшеуіне тас төселген екен. Ал Биғаш ауылындағы бір көшеге асфальт та төселіп, жарық та жүргізіліпті.
Әңгіме желісінде ауыл әкімінен интернет, ұялы байланыс жайын да сұрадық.
– Жалғызағаш ауылдық округінде қазір Beeline, Altel, Tele2 ұялы желісі жақсы ұстайды, 4G де жұмыс істейді. Интернет жақсы ұстамайды-ау деген жерде тұратын 50 үйге өткен айда ғана Қазақтелекоммен келісіп, интернет пен модемді тегін орнатып бердік. Енді сол тұрғындар тек ай сайынғы төлемақысын төлеп тұрады, – дей келе келесі жылы ауылдың балаларына арнап спорттық сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отырғанын ерекше атап өтті.
Ауыл шағын болса да спортқа қабілеті бар балалар көп көрінеді. Олар аудан бойынша күрестен және волейболдан үнемі үздік үштіктің қатарынан табылса, палуандары соңғы үш жылда ауданның барысы атағын ешкімге бермей келеді екен. Мұндай жетістіктерге жетіп жүрген жастарға кішігірім болса да спорт кешені салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның салынатын жері де белгіленіп қойылыпты, әкім өзі барып сол белгіленген жерді де, құрылысы аяқталып қалған жаңа әкімдік пен мәдениет үйін де, күрделі жөндеуден өткізген балалардың ойнайтын алаңын да көрсетті.
Ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған Диас Асқарұлынан ауылдың білім көрсеткіші туралы да сұрадық.
«Биғаш елді мекенінде мектеп жоқ болғандықтан 53 бала Жалғызағашқа қатынап оқиды. Екі ауылдың арасы небары 3 шақырым, сондықтан балаларды таситын арнайы белгіленген автобус күніне үш рет қатынайды, – деген жас болса да бас бола білген әкім ауылдағы мектепке дейінгі шағын орталыққа баратын баланың да, мектеп бітіргендердің де және басқа да деректерді ешқандай қағазға қарамай-ақ тәптіштеп айтып берді.
«Шағын орталыққа 25 бала барады. Барлығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 2023-2024 оқу жылында мектепте 232 оқушы білім алды. 11 сыныпты 14 оқушы бітірді. Оның үшеуі Үздік аттестатпен аяқтады. ҰБТ нәтижесінде мектеп бітірген 14 оқушының 6-уы жоғары оқу орнына грантқа, тағы 1-уі колледжге грантқа түсті. Қалған жеті түлек те жоғары жоғары оқу орнының ақылы бөліміне ілікті. Алдағы оқу жылына бұйыртса 20 бала бірінші сынып табалдырығын аттамақшы».
Сондай-ақ ол «Мектепке жол» мектепке дайындық акциясына да тоқталды. Айтуынша, ауылдың атқамінерлері әлеуметтік осал отбасынан шыққан 6 баланы керек-жарағымен толық қамтамасыз етуді мойнына алыпты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдағы мектепке жұмыс істеуге келген төрт мұғалім барлық тиісті көмекті алып, үймен де қамтамасыз етіліпті. Әкімдікте жастар практикасы бойынша екі жас маман жұмыс істеп жүр екен. «Олар ауылда қалып жұмыс істегісі келсе, екеуіне де жұмыс тауып береміз», – деп ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылу жағын да қамтып өтті әкім.
Ауыл тұрғындарының дені өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ауылымыздың табиғаты, орналасқан жері малмен, егінмен айналысқанға өте қолайлы. Сондықтан округте тіркелген 98 шаруа қожалығы мал және егін шуаруашылығымен айналысады. Солардың ішіндегі екеуі ғана сүт жинап өткізеді. Жалғызағаш ауылында үш, Биғаш ауылында бір дүкен бар. Жалпы тұрғындар еңбекқор. Мемлекеттен кәсіпкерлерге беріп жатқан қайтарымсыз гранттарын алған 4-5 ауыл азаматымыз бар. Барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Қалған тұрғындар ауылдағы жұмыс істеп тұрған мекемелерде жұмыс істейді. Жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» штабы құрылған, онда қазір бес бала үшінші ай қатарынан жұмыс істеп келе жатыр. Қоғамдық жұмыста жиырма адам жұмыс істейді. Жұмыссыз деп өтініш берген 13 адам болған. Олардың оны жұмысқа орналастырылды. Енді қалған үшеуін алдағы аптада басталатын медициналық пункт құрлысына тартуды жоспарлап отырмыз, – деген Диас Асқарұлы ауылдағы ақсақалдар мен аналар кеңесінің, сонымен қатар қоғамдық кеңестің нәтижелі жұмысын да алға тартты.
Аталған үш кеңестің белсенді жұмыстарының нәтижесінде ауылда соңғы екі-үш жылда ешқандай құқық бұзушылық болмапты. Ақсақалдармен әр тоқсан сайын жиналыс өткізіп тұратын Диас Асқарұлы әр бастаманы қолға алмас бұрын олармен ақылдасып отырамын дейді.
Елдің талай бөлігін су басқанда біздің де ауылдың бір-екі жерінде қауіп болды. Бірақ ақсақалдардың ақыл-кеңесімен қажетті жерлерді бекітіп, қазуды қажет еткен жерлерді қазып тастаған соң екі елді мекенде де бір көшені немесе бір үйді су алған жоқ, – деді ауыл әкімі.
Елді мекен ішін аралағанда тазалығына да таңғалдық. Арықтары тап-таза. Ауылдағы Кеңес Одағынан қалған бұрынғы темір құдықтарды да көрдік. Әкім өзі сол құдықтардың бәрінің аузына бұрандасын жасап қойыпты. Қалаған адам бұрап, суды ашып іше алады. «Судың да сұрауы бар ғой, тоқтамай тұрған суды көріп жаным ашитын, сосын өзім осы бұрамаларды орнаттым», – деген Диас Сапарғалиев кішкентай болса да әр затқа жіті назар аударатынын көрсетті.
Ауылдағы жалғыз басты бірнеше қарттың жағдайын да үнемі барып біліп тұрады екен. «Қарғыс алма, алғыс ал» дегенді басшылыққа алған әкім тұрақты түрде қарттардың үйіне белсенді жастармен бірге барып шөбін шауып, үйінің шаруаларын атқарып кететінін де тілге тиек етті.
Ауылда қолөнермен айналысатын шеберлер де барын айтқан Диас Асқарұлы олардың жасаған ұлттық бұйымдары аудандық, облыстық түрлі көрмелерге қойылып, көпшілікті тәнті етіп жүргенін де мақтанышпен айтты. Ауылдан шыққан атақты шабандоз Хамза Амангелдінің ертоқымдарын осы ауылдың шеберлері жасайды екен. Ол шебердің жасаған ертоқымдарын адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен алдыратын көрінеді. Бұл туралы келесі мақалада кеңірек жазу керек екен деген оймен жас та болса бас болып, болашағы айқын ауылдың тынысына қан жүгірткен ауыл әкіміне ризашылығымызды білдіріп, қалаға қарай бет түзедік.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ