ӨРТ ПЕН СУ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
«Өрт пен су – тілсіз жау» деген тәмсілді ұдайы айтып келеміз. Бұл екеуінсіз тіршіліктің де түлеуі екіталай. Алайда, от пен судан келетін қауіп-қатер бейжайлықты көтермейді. Жылдың төрт мезгілінде де от пен судан зардап шеккен, болмаса ажал құшып жатқандар жайлы ақпарат құралдары ұдайы хабар таратып келеді. Жаз айларында шомылу маусымы басталғалы бері өзен-көлдерді жағалаған жандардың арасында ажал құшқандар аз емес.
Ай мен күннің аманында абайсыздықтан суға кетіп, не болмаса өрт қауіпсіздігін жіті сақтамаудан газ балондары жарылып, электр желісінің ақауынан, не болмаса аптап ыстықтан, табиғат апатынан болып жататын төтенше жағдайларда адам шығынына жол беріліп жатады.
Республика бойынша 2023 жылы өрттен келген материалдық шығын 168 млрд. 834 млн. теңгені құраған. 12 айда республикада 11 805 өрт тіркелген. Онда 375 адам қаза тауып, 304 адам жарақат алса, материалдық шығын 168 млрд. 834 млн. теңгені құраған. Өрт, тасқын және шомылу маусымы кезіндегі болатын төтенше жағдайларға зер салсақ, өзекті өртейтін өкініштері аз емес. Алапат өрттен қаншама орман қызыл жалынға оранды. Қостанай, Абай облыстарында болған өрттен адам шығынына жол берілді. Төтенше жағдай министрлігінің ақпарат құралдарына берген мәліметі бойынша, алдыңғы жылмен салыстырғанда өрт 414 жағдайға немесе 3,4 пайызға азайғаны айтылады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіш. 2022 жылы 12 219 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт кезінде жарақат алғандар саны 3,2 пайызға азайса, 2022 жылы 314 жағдай тіркеліпті.
Жыл сайын өрттің орын алуы тұрғын үй секторларында 60-70 пайыз, 20 пайыз көлік құралдарында орын алады екен. 2023 жылы тұрғын үй секторында болатын өрт саны 9 пайызға немесе 7598-ден 6909 жағдайға дейін азайған. Сондай-ақ, бақылаудағы объек-тілердегі өрт саны 4 пайызға немесе 1084-тен 1042-ге дейін төмендегенін министірліктегілер айтқан болатын. 2023 жылы 14 402 нысанда тексеру жүргізіліп, оның ішінде: профилактикалық бақылау – 10 809, жоспардан тыс – 3593 бақылау жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының 109 510 рет бұзылғаны анықталған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 14 438 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ескерту түрінде – 12 085, айыппұл түрінде – 2352, олар жалпы 103,1 млн. теңгеден астам сома айыппұл төлеген. «Ескіні айтпай жаңаның жаңғыруы екі талай» екенін ұдайы айтып келеміз. Мемлекеттің басты құндылығы ол адам факторы. Тосын жағдайларда адам шығынына жол берілмесін десек те болып жатады. Жеке тұрғын үйлерде, сауда ғимараттарында, көпқабатты баспаналарда, көліктерде қауіпсіздік шарасын елеп ескермегендердің әсері өзгелерге сабақ болсын деп үгіт жұмыстары, жарнамалар мен өрт, су тасқыны туралы видеороликтер көрсетіліп, тіпті парақшалар таратылып жатады.
2024 жылдың жыл басынан бері Республика ормандарында 161 өрт тіркелген. Жалпы алаңы 36,2 мың га құрайтын 161 өрт тіркелсе, соның ішінде орманмен көмкерілген жерлер 12,4 мың гектар отқа оранған. Биыл жоғарғы жалынды өртке ауысу фактілері тіркелмеді. Әйтсе де әкімдіктерге қарасты ормандарда жалпы алаңы 30,5 мың га құрайтын 71 өрт тіркелгені туралы Экология және табиғи ресерустар министрі айтқан болатын. Министрлікке қарасты ормандардың жалпы аумағы 5,7 мың гектарында 90 өрт тіркелсе, соның ішінде 5,6 мың гектары Іле-Балқаш резерваты аумағында болған. Бұл ретте өрттің көбі Ертіс өңірінің қарағайлы ормандарында, Семей орманында – 43, Ертіс орманында – 23 оқиға тіркелген.
Ал Жетісу облысы бойынша ағымдағы жылдың басынан бері 176 өрт оқиғасы тіркелген (-22,4%, 2023 ж. – 227), оның ішінде 31 өрт автокөліктерде орын алған (-6%, 2023 ж. – 33), жеке тұрғын үйлерде 117 өрт оқиғасы (-34%, 2023 ж. – 176) тіркелген. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғалы облыс аумағында 45,8 гектар аумақта 4 орман өрті тіркелген.
Жетісу облысының Төтенше жағдай департаментінің баспасөз өкілінің берген мәліметіне зер салсақ, 7-тамыз, түнгі сағат екі жарымда «Әлдибек» сауда үйінің жанындағы дүңіршектердің бірінен от шыққан. Әзірге өрттің неден болғаны анықталуда. Алдын-ала болжам бойынша өрттің себебі электр желісінен болуы мүмкін деп айтылуда. Өрт пен су тасқыны мәселесіне қатысты Жетісу облысының ТЖД құтқарушылары ұдайы профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Мәселен, шаруа қожалықтарының иелері мен олардың қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Сондай-ақ, өртке қарсы құралдарды дұрыс пайдалану тұрғысынан да консультациялар жүргізілуде. Бұл іс-шаралар өрттің алдын алуға және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүлкін қорғауға бағытталады.
Өрттің тағы бір қауіп төндіретіні автокөліктерді жүргізу кезінде не істеу керек? Расында халықтың басым бөлігінде ескі көліктер әлі қолданыста. Олардың күтіп баптап ұстайтындар да, ұстамайтындар да бар. Көлік өртенген жағдайда үрейленбей, қозғалтқышын тоқтатып өшіріңіз. Көліктен шығып, жолаушыларды қауіпсіз қашықтыққа (кемінде 10 метр) кеткеніне көз жеткізіп, түсіріңіз; «112» нөміріне қоңырау шалыңыз; Егер өрт қатты болмаса өрт сөндіргішті пайдаланып, өзіңіз сөндіруге тырысыңыз; Отты сөндіруге тырысқанда, таза ауаға қол жеткізе отырып, капот қақпағын көтермеңіз.
Егер өрт салонда басталса, терезелер мен есіктерді қажетсіз ашпаңыз. Оттегінің жетіспеушілігінен жалын сөніп, жану сатысына өтуі мүмкін екенін айтады төтеншеліктер.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде көп адам орналасқан объектілерді, тұрғын және биік ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өрт бақылауын қайтаруға қатысты тапсырмасын орындау үшін ТЖМ-ге өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келу қорытындысын беру құзыретін қайтару көзделген-ді. Сонымен қатар, өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қарастырылған. Бұл осы қызмет түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу мақсатында ұсынылған болатын.
Биылғы шомылу маусымында да адам шығыны болмай қалған жоқ. Жетісу облысының су айдындарында 3 адам суға батып кеткен, оның 2-еуі шомылу маусымы кезінде болған. Мәселен, 2023 жылы 6 адам суға батса, оның 5-еуі шомылу маусымы кезінде ажал құшқан.ТЖД баспасөз қызметі берген мәліметке жүгінсек, 2024 жылдың басынан бері 27 адам құтқарылыпты. Оның ішінде 8 бала бар. Ал шомылу маусымында 24 адам құтқарылған, оның 6-уы бала. Бұл бағытта да Жетісу облысының құтқарушылары күнделікті демалушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Алакөл көлінің жағасындағы осындай іс-шаралар қауіпсіздік деңгейін арттыруға және демалушыларды суда жүріс-тұрыс ережелері туралы хабардар етуге бағытталған. Іс-шаралар барысында азаматтарды ықтимал қауіптер туралы белсенді түрде хабардар етіп, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері туралы жеткізеді. Демалушылар суда өзін қалай дұрыс ұстау керектігін, қауіпті жерлерді қалай тануды, өздерін және жақындарын суда қауіпсіз демалумен қамтамасыз етуді үйренді. Сондай-ақ, әрбір демалушыға барлық маңызды ережелермен танысуға болатын ақпараттық жадынама табыс етілді.
Күндіз түні демей бастарын қауіп-қатерге тігіп жүрген құтқарушылар да мемлекеттік наградамен марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезеңіндегі көрсеткен ерлігі үшін Әлішер Баймұханбет «Ерлігі үшін» медалі мемлекеттік наградамен марапатталды.
Әлішер Ерболұлы Баймұханбетовты Абай облысындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарына атсалысқан-ды. Көктемдегі су тасқыны Аягөз ауданының тұрғындарына орасан зор зиян келтіріп, үйлерді, жолдарды, ауыл шаруашылық жерлерінің су басуына әкелді. Орын алған жағдайда Әлішер су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан-ды.
Шомылу маусымында ата-аналар балаларын көзден таса жіберіп оның арты орны толмас өкінішке ұласып жатады. Мәселен, Жетісу облысының құтқарушылары Балқаш көлінің жағалауын патрульдеу кезінде 2013 жылы туылған ұл баланы тапқан. Белгілі болғандай, бала ересектердің қарауынсыз қалып, адасып кеткен. Алакөл ауданында да 2017 жылы туылған қыз бала демалыс аймағынан көлге қарай кетіп қайтып оралмаған. Құтқарушылар дереу іздеу жұмыстарына кірісіп, баланы көл жағасында аман-есен тапқан. ТЖМ ересектерге демалыс орындарында балаларды үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығын еске салады.
Өрт пен су қателікті кешірмейді. Шомылу маусымы аяқталғанша Жетісу облысының құтқарушылары Алакөл, Балқаш көліндегі демалушылармен қауіпсіздіктің алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.
Айтақын МҰХАМАДИ