ЖЕТІСУДА 21 МЕКТЕП ЖАБЫЛДЫ
Кеңестік кезеңнің жақсы тұстарын айтсаң, заманауи үлгіден қалып қалған адамға санайды. Бірақ қазақтың «ескіні айтпай, жаңаның жаңғыруы екіталай» деген тәмсілі еріксіз ойға оралады.
Өткен ғасырдағы идеологиялық тәрбие бөлек еді ғой, шіркін. Әсіресе, білім-ғылым саласы қарыштап дамыды. Бір астаудан тамақ іштік, еркіндігіміз болмады деген желеу болмаса, ауылдар гүлденді. «Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз» деп ән де шырқадық. Үлкен ауылдардың орталықтары кішігірім қала үлгісіне айналды. Тіпті сол ауылдарға қарасты бөлімшелерге дейін халық шоғырланып, бастауыш және тоғызжылдық білім ошақтары ашылған болатын. Сол білім ошақтарының кейбірі әлі күнге дейін шықпа-жаным шықпа деп талмаурап, күн кешіп келеді. Кейбірі жабылып, есігіне қара құлып салынуда.
Тәуелсіздік алып, нарық жүйесіне көшіп, «өз-күніңді өзің көр» деген қағида қалыптасып, өндіріс орындары мен мемлекеттік дүниелер бөліске түсіп, талан-таражға жол берілді. Ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапханалар жабылып, идеология ит жеккенге айдалды. Ұры-қары, қарақшының заманы туды. Әдебиет, мәдениет, білім-ғылым кейінге ысырылып, бағыңды базарда сынайтын дәуір келді. Ауылдағы бар тіршілік көзі мектеп болды. Көзін тапқандар мектепке жұмысқа тұруға ұмтылды. Мұнда да бармақ басты, көз қыстылық, тамыр-таныстық белең алды. Оқу сапасы төмендеді. Мектептерде жалған дипломмен мұғалімдік қызметке тұрғандар арасында бұрын сотты болғандар оқушыларға сабақ берді. Бұл келеңсіздікпен құзырлы орган прокуратура әлі күнге күресіп келеді. Мұғалімдердің құқығы бұзылып, әкім-қаралардың науқандық жұмысына жегілді. Оқу жүйесі түрлі реформаларды бастан өткерді. Оқушы мен ұстаздың, ата-ананың арасы алшақтады. «Танауын тасқа соққан балықтай» сансырған ауыл халқы жаппай қалаға көшті. Сол көштің селі әлі тоқтаған жоқ. Мәселен, Жетісу облысындағы шалғай ауылдардағы бөлімшелерде халық тұрақтамауына байланысты кеңестік кезеңде ашылған бастауыш мектептер мен тоғызжылдық орта мектептер бала санының аздығына байланысты 21 мектептің басына қара бұлт үйіріліп, есігі жабылды. Бұл қадамға Жетісу облысының білім басқармасы амалсыздан барып отырғандарын айтуда. Себеп, ел-жұрттың сол шағын ауылдардан қалаға үдере көшуінен, жастардың тұрақтамауынан мектептердегі бала саны жыл сайын азайып, білім ошақтары біртіндеп жабылуда. Жылдан-жылға адам саны азайып, ажары қашқан ауылдардағы бастауышқа арналған шағын мектептер қаңырап қалуда. Осы уақытқа дейін ілдалдалап келген бастауыш мектептерде бала саны бес алтыдан әрі аспаған және бірінші, екінші, үшінші, төртінші сыныптардағы балалар біріктіріп оқып келген-ді. Бұл жерде қандай білім сапасы болады. Әрі бастауыш мектептерде балалар тамақтанатын асхана да жоқ. Ал тоғызжылдық орта мектептерде оқитын бала саны 40-тан кем болуына байланысты жабылуда екенін айтады Жетісу облыстық білім басқармасындағылар. Мәселен, өңірдегі сегіз ауданның алты ауданында, Ақсуда: «Шолақөзек», «ГЭС», «Қызылқайың», «Қызылжар»; Ескелдіде: «Жеңдік», «Қоржынбай», «Ақтасты», «Көктөбе»; Қараталда: тоғызжылдық орта мектептер; Сарқанда: «Еркін», «Лениска» бастауыш мектептері; Кербұлақта: 11 мектептің қалы мүшкіл. Себебі мектептердің көбі ескі. «Көктал», «Желдіқара» бастауыш мектебінде 5 маман дәріс берген, оның екеуі Сарыөзекте қосымша қызмет көрсетеді. «Қарлығаш» бастауыш мектебінде 5 балаға 2 маман, «Сайылкөл» бастауыш мектебінде 8 балаға 4 маман, «Сарбұлақ,» бастауыш мектебінде 7 балаға 7 маман, «Қызыл құдық» бастауыш мектебінде 9 балаға 5 маман, «Шаған» бастауыш мектебінде 8 балаға 4 маман сабақ берген. Панфиловта «Қызыл жиде», «Керімағаш», Қаратал ауданында «Ұмтыл», «Үш көмей» 9 жылдық орта мектеп жұмысын тоқтатқан. Осыған дейін бұл мектептерде білім алып келген балалар енді ауылдық окургке қарасты жақын мектептерге қатынап оқитын болады. Ол үшін арнайы көліктер бөлініп, балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Бұл Жетісу облысына ғана тән емес, республикалық көлемдегі болашағы жоқ шағын ауылдардағы ахуал. Аталған ауылдардағы бастауыш және тоғызжылдық орта мектептердің жабылуына тұрғындар қарсы болғанымен заңға қарсы шыға алмайды. Себебі 4-5 баланы оқытудың, оларды тамақпен қамтамасыз етудің әуресі көп әрі балалалар тамақтанатын мектеп асханасы да жоқ. Бұл бір жағынан мемлекетке де артық шығын. Мұндай шағын мектептерге маман да тұрақтамайды. Амалсыз жақын ауылдардан қатынап жұмыс жасап келген. Бұл талапқа ата-аналар да көніп отырғандарын айтады.
«Бір жағы бұл да дұрыс шешім шығар, ауылдағы шағын мектепте бес алты бала оқығаны білімнің сапасын төмендетеді әрі балалар үлкен толық мектептегідей улап-шулап жүрмеген соң томаға тұйықталып қалады. Әр сыныпта екі-үштен бала болғанда ары кетсе алты-жеті бала, оның ішінде бірінші, екінші, үшінші сыныптар топтасып оқиды. Бұл сонда қандай білім болады? «Ауылдағы тұрғындар да жылма-жыл сиреп барады. Қалаға, аудан орталықтарына көшіп кетеді. Құлазыған ауылды көріп жүрегіміз ауырады. Болашағы жоқ ауылдардың санатына жатамыз. «Туған жер, туған ел» деп ауылға бүйрегі бұрып тұрған жастарды көріп тұрғанымыз жоқ. Барлығының есіл дерті қала, әйтпесе, шаруашылықпен айналысамын десе ауылда мал ұстауға жер де жетеді. Ауылда қалған сол кәрі-құртаңдар қолдағы бес-алты малына, қара шаңыраққа қарайлап отырмыз», – дейді ауыл қариялары.
Жалпы Жетісудағы сегіз ауданның қай-қайсысын алып қарасаңыз да шағын ауылдардың мәселесі кесе көлденеңдеп шыға келеді. Облыс іргесіне тиіп тұрған Ескелді ауданындағы жағдай жоғарыда жазылды. Ал иық тірестіріп тұрған Көксу ауылдық округіне қарасты Көктал елді мекенінде 300-ге жуық адам тұрады. Мұнда бір қабатты шағын мектепте оқитын балалар жоғарғы сыныпты көрші ауылға қатынап оқып жүр. Халқының саны аз болғандықтан бастауыш мектепте 5 қызметкер болса, оқитын бала саны алтау. Төрт маман ауылдың өзінен болса, бір маман көрші ауылдан қатынайды. Ауылдағы 300 тұрғынның басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысуда. Бұл Көксу ауылдық округіне қарасты мекен.
Көксу ауылдық округінде 1 622 адам тұрады. Ал Көктал ауылында – 293, Көксу аулында – 803, Беріктас ауылында – 464, Қосағаш ауылында – 460 тұрғын бар. Көкталдағы мектеп 2006 жылы Көктал бастауыш мектебінің негізінде Көктал жалпы негізгі мектебі болып ашылған. Бала санының азаюына әрі ауыл халқы да тіршілік қамымен көшіп жатыр. Керісінше қалалы жерлерде мектеп жетіспейді. Ал ауыл-аймақтардағы шағын ауылдарда мектепке бала саны жетпейді. Халық саны аз. Кеңестік кезеңде салынған бастауыш мектептердің тозығы жеткен әрі бүгінгі талапқа сай емес. Демек, оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары орындалмай отыр. Жоғарыда аталған 21 мектепте бейімделген ғимаратта орналасқан, спорт және акт залдары, асханалары жоқ. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталмаған, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуда да қиындық тудыруда. 2022-2023 жылдары бала саны азайып кетуіне байланысты Ақсу, Қаратал аудандарын 4 бастауыш мектепте оңтайландыру жұмыстары жүргізілген болатын.
Жетісу облысында 337 мектептің ішінде 32 бастауыш мектеп тіркелген, яғни мұнда 1-4-сынып оқушылары ғана білім алады. Анығында мектептер саны қалаларда ұлғайып, болашағы жоқ шалғай ауылдарда жабылып жатыр. 2023 жылығы ресми деректерге зер салсақ, Қазақстанда 270 мың оқушыға орта мектептерде орын тапшы: қалалық жерлерде – 174 мың, ауылдарда – 96 мың орын жетіспеген екен. Ақын Аян Сейітовтың ауыл туралы өлеңіне ақын әрі сазгер Шырынбек Сүлейменов тамаша ән жазған-ды:
«Жетегіне еріп жалғанның,
Қалаға жедел жетіппіз.
Артында жүріп арманның,
Ауылдан шығып кетппіз» демекші, арман қуалап қалаға үдере көшкен жастардың жағдайы жақсы шығар. Ал туған ауылының болашағы жоқ болып, білім ошағына бала саны жетіспей жабылып жатыр. Өзекті өртейтін өкініш осы… «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген жыр жолы жанарға жас үйіреді. Болашағы жоқ ауылда қалған кариялар ауылмен бірге өмірден көшіп жатыр.
А. БҰЛҒАҚОВ.