АЗАМАТ НҰРМҰХАН: «ӨРТКЕ ОРАҒАН ӨТІРІК ПЕН ШЫНДЫҚТЫҢ АРАСЫНДА ҒҰМЫР КЕШІП ЖАТЫРМЫН»

0
695

Кімсің? — дейсің,
— Ең әуелі адаммын,
Мен де сендей топырақтан жаралдым.
Ақиқаттың ауыр жүгін арқама,
Арта алмасам таға көрме маған мін.
— Кімсің? — дейсің,
— Кім болайын, ақынмын,
Жалтаққа емес жалпақ жұртқа жақынмын.
Өртке ораған өтірік пен шындықтың,
Арасында ғұмыр кешіп жатырмын!
Өмірдің әр сәтін өлеңмен өрнектеген ақын Азамат НҰРМҰХАН тамылжыған тамызда қырық жасты еңсерді. Музыка мен өлең әлемінде самғап келетін Азамат бір сөзінде: «Мен ақындығынан азаматтығын, адамгершілікті жоғары қойған адаммын» деп ағынан жарылған-тұғын. Өмір-жолында азаматтығы мен адамгершілікті арқа тұтқан Азаматпен әңгімелесудің орайы туды.

Балдәурен балалық шақ

– 1990 жылы Қызылқайың орта мектебінің бірінші сыныбына бардым. Бақыт Каденова деген керемет ұстазым болды. Әке-шешем жаз жайлау, қыс қыстау малда жүргендіктен мектеп уақытында әжем – Күлбаран Батталқызының тәрбиесінде болдық. Малдағы үйге каникулға шыққанда баратынбыз.
Әже тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Әріп танып білгеннен мені кітап оқуға баулыды. Мектепте жаттаған әр тақпағымды үйге келген соң міндетті түрде оқып беретін едім. Қателікке бой алдырмаудың жолын да әжемнен үйрендім. Өз ұстанымы арқылы үйдегі төрт баланы темірдей тәртіпке үйретіп, тәрбиеледі десем болады. Тазалық пен жинақылықты, өзімізбен өзіміз болуды да бала кезімізден бойға сіңіріп, кез келген қиындыққа төтеп берудің де жолын үйреткен асыл әжем еді. «Азаматтың» азамат болып қалыптасуында әжемнің қолтаңбасы бар деуге әбден болады.
Бастауышты жақсы тәмамдап шықтым. Бесінші сыныпқа көшкенде сынып жетекшіміз Фарида Батырбаева болды. Алтыншы сыныптан бастап оқып жүрген батырлар жыры мен өзге ақындардың өлеңдері әсер етті ме, білмедім: Теремін бидай масағын, Несіне одан қашамын, – деген сыңайлы жолдардан тұратын өлеңдерді құрап жаза бастадым. Сол кезде бидайдың масағын теретін едік қой. Сондай құрама өлең жазып жүрсем де ешкімге тіс жарып айтып, не болмаса көрсеткен емеспін. Содан есейе келе, тоғызыншы сынып оқып жүргенде ғашықтық туралы өлеңдер жаздым. Мұны да жан баласына айтқаным жоқ. Көріп, біліп қойса мазақтап, келекететіндей көрінетін-ді.
Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы Дзержинск (қазіргі Алакөл ауданына қарасты Тоқжайлау) ауылындағы училищеге оқуға түстім. Екі жыл оқыдым. Оқу оңай болмады. Оқуға түскен 36 баланың бітіретін жылы 6-уы ғана қалдық. Олар оқудың ғана қиындығынан емес, жергілікті балалардың ұрып-соғуына да төтеп бере алмай, кетіп қалып жатты. Бастан түрлі жағдай өтті. Бірақ барлық қиындыққа мойынсұнбай, алдыға қойған мақсатқа жету жолында аянып қалмадым. 2001 жылы училищені жақсыға бітіріп, дипломымды қолға алып, үйге келдім. Ол жылдары ауылдағы адамдардың жағдайы мәз емес еді. Ата-анамыз да малдан шығып, үйде отырған шақ. Әрі сол тұста малдың да құны төмен кез, жұмыс жоқ. Анам көрші ауылдағы кафеде жұмыс істеп, күніне 200 теңге табатын-ды. Сол жылы мен бір жыл тракторист болып еңбек еттім. Жұмыс істеп жүрген кезімде «шіркін, қалаға барып оқысам ғой» деп армандай-тын едім. Ойымды жүзеге асыруда 2002 жылы Талдықорған қаласындағы музыкалық колледжге түссем деп шештім. Бұл ойымды шешеме айтып едім, ол кісі еш қарсылық білдірмей, жетелеп қалаға алып келді. Осылай Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледждің домбыра емес, сол жылы жаңадан ашылған контрабас класына оқуға түстім. Бұл класқа мені мұғалімдердің өздері бөліпті. Неге бұлай деп сұрағанымда: «Сенің қолың үлкен, домбыраға келмейді, пернеге сыймайды» деген соң контрабас класында оқуыма тура келді.
Әжем үнемі «ешкім сені басынбасын деп» тәрбиелеп өсірді. Сол тәрбиемен басыма ешкімді шығармауға тырысып жүретін едім. Колледжге түскенде біраз мінез де көрсеттім. Басынғысы келетіндердің ығына жығылмай, илеуіне илектелмеуге тырыстым. Көп жағдайда өз соқпағыммен жүрдім десем болады. Керісінше балалардың көбі айналамда жүруге тырысатын-ды. Себебі менің бойымда қорқу деген сезім мүлдем жоқ еді.
Жоғарыда айтқандай, контрабас аспабында ойнайтын класқа мені мұғалімдердің қалауы бойынша жіберді ғой. Жаңа оқу жылы басталып жатқан кез. Дәлізде кетіп бара жатып бір мұғалім «мына аспапта ойнайтын боласың» деді. Мен болсам ашуланып: «Мынау ма не, деп, әлгі аспапты аяғыммен бір тептім». Осы бір тентек мінезім үшін колледждің бөлім меңгерушісі Несіпжан Нұрасылқызынан қатты ұрыс естідім. Сөз сүйектен өтеді ғой. Несіпжан апайдың айтқандары маған өмірлік сабақ болды. Өзімді жаңа қырынан тәрбиелеуге тырысып, бойымды тіктедім.
Осылай колледждегі контрабас аспабында ойнайтын Азаматтың жаңа өмірі бастау алды. Бұл аспапты меңгеру үшін таңғы бестен коллдежге келіп, сабақ басталғанша дайындалатын едім. Осы аспаптан сабақ беретін Ертай Батырханұлы деген ұстаздың шебер ойнағанын көріп ішімде: «Неге маған да осылай ойнамасқа» деген оймен қатар от пайда болды және осы ойымды дамыту жолында барынша тырысып, көп еңбек еттім.
Бір жолы ағайым маған Раков деген композитордың методикалық және нота кітабын берді. Орыс тілінде жазылған методикалық кітапты түсінген жеріме дейін оқып, зердеме тоқуға тырыстым. Көп дүниені сол кітаптан алып, меңгеріп шықтым десем болады. Аспапта қалай ойнау керек мәдениетін осы Раковтың кітабын оқу арқылы үйрендім. Одан кейін Қайрат Байкенжинов деген ағай сабақ берді. Сол кісі бірде маған: «Азамат, осы аспапты терең меңгергің келсе Алматы қаласындағы П. Чайковский атындағы музыка колледжіне ауысып алсаң дұрыс болады» деген ақылын айтты. Екі курсты бітірген жылы еш ойланбай Алматыдағы оқу орнына ауыстым.

Өнердің сырты – сұлу, іші – майдан

Сол кезде Чайковский атындағы музыка колледжінің директоры Сұлтан Қожахметов еді. Ауысып келген студент қалай екен деді ме, менің аспапта ойнауымды көру үшін қабылдауға өзі қатысты. Алайда, маған «нөл» деген баға берді. Содан кейін мынадай шарт қойды. «Қаңтар айында тапсыратын емтиханға өзім кіріп қатысамын. Егер дәл осылай ойнайтын болсаң, бір жыл академияға кетесің. Ал бір жылдан кейін қайта бірінші курсқа тапсыратын боласың», – деді. Мені осындай шарт қоя отырып үшінші курсқа қабылдады. Директордың айтқан сөздері миымда жатталып қалған. Намысқа тырысып таңертең ертемен колледждің алдына келіп, есіктің ашылғанын күтіп, кіре сала қолыма аспабымды алып дайындыққа кірісіп кетемін. Күндерім үздіксіз дайындықпен өтіп жатты. Негізі контрабас деген аспаптардың ішіндегі ең күрделісі болып саналады. Бұл аспаптың диапазоны, позициялары да басқа. Аспапты меңгеру үлкен еңбекті талап етеді. Аспапта перне деген жоқ, ішектері өте қалың, грифқа жеткенге дейін басып ойнау үшін саусақ әлді болуы тиіс және құлақ дыбысты таза есту керек. Бір дыбыстан мүлт кетсеңіз бүткіл дыбыс таза емес болып шығады.
Күнде осылай дайындалатынымды директор да көріп жүрді. Айтқандай, қаңтардағы емтиханға өзі кіріп қатысты. Алайда, ол бұған дейін бірде-бір студенттің емтиханына кіріп көрмепті. Мүмкін менің жанарымнан от көрді ме, кім білсін?!
Емтихан тапсырар кездегі бір орында тұрып аспапта ойнаған сәт әлі есімде. Академияға кетіп қалмасам екен деген оймен қобалжығаным соншалық қара терге түсіп кеттім. Маңдайдан аққан терім еденге тамып, кесенің көлеміндей болған ғой. Ойнап біткен соң ортаға директор шығып сөйледі. Сондағы айтқаны: «Біз сені үшінші курсқа қалдыратын болдық. Ал қалдыру себебін не деп ойлайсың?» деді. Мен үндемей тұрдым. «Қалдырудың себебі сенің ойының үшін емес, сенің мына ойнағаның ары кетсе нөлден бірге ғана көтеріліпті. Сені үшінші курсқа қалдырып тұрған жерге тамған терің» деді де артынша мақтай жөнелді.
«Мен бұл баланы үнемі дайындық үстінде көремін. Дәл осындай дайындалған студентті көрмедім. Одан кейін, не деген тазалық, не деген құлақ, не деген интонация деп ұстазыма қарата айтып, мынау болатын бала» деп сөзін түйіндеді. Осындай жылы сөзден кейін ұстазым Мүсілім Әмзе де мені жақын тартып қалды.
Одан кейін Мүсілім Әмзенің қамқорлығының арқасында талай дүниені үйрендім. Музыка әлемінде жүріп өнердің сырты сұлу болғанымен, іші майдан екенін де терең түсіне бастадым.
Колледжде оқып жүргенімде Мүсілім ағайым: «Құрманғазы атындағы оркестрге жұмысқа тұрасың ба?» – деп сұрады. Мен қуана келістім. Осылай конкурсқа қатысып, Үсен деген бала екеуміз жарты ставкамен жұмысқа қабылдандық. Айлығымыз 16 мың теңге болды. Бір жылдан кейін, 2006 жылы Мүсілім ағайым менің Отырар сазы оркестріне жұмысқа тұруыма себепкер болды.
Құрманғазы атындағы оркестр-де жұмыс істеп жүрген кезімде (2005 ж) алғаш рет ұжыммен бірге Астанаға концертке баратын болдым. Сөйтіп бардық. Жанымда Самат деген қыл қобызда ойнайтын досым: «Жүр барып, музыкалық академияны (қазіргі «Шабыт» университеті) көріп қайтайық» деді. Мен ойланбастан келісе кеттім. Бұл оқу орнының ғимараты тура рояльға ұқсатып салынған екен. Сол тұстағы таң-тамаша қалыпқа енген менің санамда: «Шіркін, мына ғимараттың ішінде оқыған адамда еш арман жоқ шығар. Неге мен де осы жерде оқымасқа» деген ой жаңғырып тұрды.
Алматыға қайтып келгенде қасымдағы балаларға мен түбі Астанаға оқуға түсіп, сол жаққа кетемін деуші едім. Сол ойымды қалайда жүзеге асыру үшін қиялмен әлгі академияда өзімнің оқып жүргенімді көз алдыма елестететінмін. Ақыры колледждің дипломын қолыма алғаннан кейін Астана қайдасың деп сол жаққа тартып кеттім.

Бала кезінен алғыр болды

Бақыт ҚҰСАЙЫНХАНОВА: «Азаматтың әкесі – Сайлау Ыбырайұлымен 1979 жылы бас қостық. Атамыздың ала таяғын ұстап мал бақтық. Мал шаруашылығында алдыңғы қатарлы шопан болдық десем болады. Еңбегіміздің арқасында «Құрмет белгісі» орденін кеудемізге тақтық, одан бөлек жыл сайын ақшалай, заттай сыйлық берілетін еді. Сонымен қатар, Сайлау ВЛКСМ-нің ХVIII сьезіне делегат болып сайланып, Талдықорған қаласындағы жиынға қатысты. Мен де ауылдық, аудандық кеңестің депутаттығына сайландым. Қысқасы өте белсенді болып, совхоздың малына аса бір жауапкершілікпен қарап, жоғалтпай, оның өсіп-өнуіне барынша күш салдық. 1980 жылы үлкен ұлымыз – Дәулетқазы дүниеге келді. 1981 жылдың күзінде Асхат атты ұлымыз өмір есігін ашты. Содан кейін араға үш салып, 1984 жылдың тамызында шыр етіп «Жамантас» жайлауында «Азаматым» келді өмірге. Сондағы әкесінің айтқаны ғой: «Ана балаларды доғдырханада босандың, «мына ұлым» табиғат аясында туылды, нағыз өзіме ұқсаған бала болады» деп қуанған еді. Жас кезіміз ғой. Сол кездегі шопандар да өте ұйымшыл болатын. Менің босанғанымды естіп, үйге келіп ерлер жағы қойын сойып жатса, әйелдер қауымы бауырсағын пісіріп, ет асып, самаурынын қайнатып, әйтеуір отыз-шақты малшылардың үйі жиналып, тойды бастап кетті. Жайлауда босанып қаламын деп кім ойлаған?! Сол кезде жанымызда көрші тұрған Темеш ағамның жан жары, ақын Жангелді Немеребайды өмірге әкелген Зейнехан апамыз жанымда болып: «Қызым ешнәрседен қорықпа, бәрі жақсы болады», – деп мені босандырып, баламды жерден көтеріп алып, кіндігін кескен еді. Кіндігін өзі кескенімен жолын өзінен жастау ғой деп Мүбәрәк деген келіншекке беріп, кіндік шешесі сол болсын деп жолын ұсынды. Біз де кіндік кескен шешеміздің қолын бос қайтармай, бір қойымызды беріп, сый-сияпат көрсеттік. Ұлымыздың есімін әкесі екеуміз жанымызға сая болсын деп «Саят» деп қойған едік. Алайда, қырқынан шығар уақыт таянғанда ауылдан енем келіп: «Бұл елде жалғыз сен ғана ма ұл тапқан. Мен тұрғанда баланың атын қойып, той жасауға қандай хақыларың бар. Жүр менімен, мін машинаға» деп мені алды-артқа қаратпай алып жөнелді. Бәріміз үнсізбіз. Сайлау қалды. Үлкенге қарсы келе алмаймыз, бір ауыз сөз айту да мұң ғой… Осылай машинамен зырылдап отырып ауылға келдік (қазіргі Алакөл ауданына қарасты Қызылқайың ауылы). Келе сала үйдің алдына палатка құрып, көрші-қолаң, туған-туыс, құда-жекжаттардың басын қосып шілдехана жасады. «Немереме Саят деп есім беріпті. Ешқандай Саят болмайды» деп ауылдың молдасын шақырып, атын азан шақыртып « Азамат» деп қойды. Осылай өле-өлгенше «Менің Азаматым» деп өтті ғой. Азамат бала кезінен өте алғыр болды. Бірінші сыныпта қатарластары кітапты буындап әзер оқығанда ол еш мүдірмей, минутына 80-90 сөз оқитын еді. Сынып жетекшісі Бақыт Каденова апайы «Азаматыңыз сыныптағы ең алғыр бала» деп мақтайтын-ды. Үйдегі төрт балаға енеміз баскөз болды, біз болсақ малда жүрдік. Балалардың жақсы оқуын үнемі назарында ұстап отырды жарықтық. Кітапты жақсы оқитын Азаматтың бұл ісіне апасы да қуанып, күнде кешкісін ертегі оқытып қоятын болыпты. Екі көзін жұмып жатып немересінің оқыған ертегісін тыңдайды екен. Бала Азамат апам ұйықтап жатқан болар деп дауысын сәл бәсеңдетіп, ақырын кітапты жауып тұрғалы жатса, «оқи бер ары қарай» деп тыңдауын жалғастыра береді екен. Апамыздың бұл ісі Азаматтың да кітапқа деген құштарлығын оятса керек. Ол кісі немерелерінің білімді, тәртіпті, тәрбиелі болып өсуіне бар күшін салған жан. Мәселен, сол кездері ата-аналар балаларының сабағына барып қатысатын еді. Апамыз да немерелеріне айтпай мектепке барып, олардың сабағына кіріп қатысады екен. Егер сол күні сабақ айта алмай қалса, үйге келген соң ұрсып, тәртіпке салып отырыпты. Қысқасы, апамның еңбегі зор болды ғой. Немерелерінің түзу жолмен жүріп-тұруына, олардың адал еңбекпен мал табуына баса мән беріп, ешқашан өтірік айтпауды, шындық сөз ғана шыңға жетелейтінін жадыларына құйып отырған. Өзімнің де енемнен көріп үйренгенім, түйгенім көп болды. Тоғыз жылдықты бітірген жылы Азамат Дзержинск ауылындағы училищеге түсемін деді. Біз басында қарсы болып едік, ол айтқанынан қайтпаған соң бетін қақпадық. Сол оқу орнынан ауыл шаруашылығы бойынша білім алып шықты. Мұны бітірген соң Талдықорған қаласынадағы Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледжге түскім келеді, мені апарыңызшы деді. Қазақта «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар ғой. Ал неге музыкалық колледж десеңіз, біздің үйдегі балалардың бәрі әкесіне тартып домбыра аспабында жақсы ойнайды. Азаматтың да осы жолды таңдауы бекер емес еді. Сөйтіп әлгі оқу орнына құжаттарын өткізіп, емтиханға кірді. Өзінің талабымен оқуға түсті. Екі жыл оқығаннан кейін қалған екі жылын Алматы қаласындағы П. Чайковский атындағы музыка колледжінде жалғады. Бұл да оның оқуға деген құштарлығы мен талпынысының арқасы дер ем. Екі оқу орнының дипломын алған баламыздың қуанышында жайлауда ат шаптырып той жасадық. Сол жылы жазда ол: «Мен колледжбен тоқтап қалмаймын. Астанаға барамын»,– деді. Бұл жолы да қалтасына тиын-тебенін салып, жолға шығарып салдық. Осылай баламыздың жолы болып академияның студенті атанды. Бұған тағы бір қуандық. Азаматтың арқасында әкесі екеуміздің Астанаға табанымыз тиді. Одан әрі Бурабайды да көріп қайттық. Академияда оқып жүріп С. Тұрысбековтың «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестріне жұмысқа тұрыпты дегеніне тағы да қуанып, мәз болыстық. Мұнан кейін телевизорға шығып, мерейімізді тағы бір асқақтатты. Астанада жүріп өзін одан әрі шыңдай түсті. 2011 жылы жол апатына ұшырап, Алла сақтап аман қалды. Сол кезде ауылдағы бір үлкен кісі: «Бақыт, қиындықтың артында әрдайым жақсылық тұрады. Балаң әлі-ақ жарқырап, биікті бағындырады»,– деп еді. Айтқандай маңдайы жарқырап жүр ғой қазір аман-есен. Тәубе деймін. Адам алға қойған мақсатына жетемін десе жетеді ғой. Азаматым ешқашан білмеймін демейтін. Кез келген жұмысты иіріп әкетеді. Осы отырған үйімізді де талаптанып өзі салды ғой. Енем марқұм: «Азаматымды кейін көк жәшіктен (телевизор) көретін боласыңдар. Менің Назарбаевым»,– деп басынан сипап отыратын еді. Айтқандай-ақ, немересі өз биігінде жүр. Ақындық өнер де апасынан дарыды ма деймін. Себебі қандай жиын-той болмасын ол кісі сөз бастап, ән айта отырып ойдан өлең шығарып, жан-жағын қуанышқа бөлеп отыратын-ды… Осындай ұлды берген Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын».

Жаңа тыныс. Жаңа көзқарас

Поезда тамбурға шығып терезеден қарап тұрып іштей «Құдайым, менің оқуға түсіп кетуіме жәрдемдесе көр» деп дұға тілеймін. Астанаға келгенде ешкімді танымаймын. Академияның жатақханасына келдім. Әркімнен бір сұрастырып, не істерімді білмей, еңсем түсіп отырсам бетіме бажырайып біреу қарайды. Сөйтсем бізден бір курс жоғары оқыған Тілектес деген жігіт. «Сен Чайковскийде оқыған бала емессің бе?» деп мән-жайды толық білген соң мені жетектеп, жүгіріп жүріп шаруамның бәрін бітіріп, өзінің қасына жатақханадағы бөлмесіне алып келді. Сөйтіп маған тест кітаптарын беріп, осыған дайындал деді. Арасында сауал қойып, жауабын сұрайды. Тестке дайындаламын деп жүріп мамандығым бойынша дайындығым аз болып қалды. Дей тұрғанмен барлығын қосқандағы көрсеткіш 96 балл болып, академияға түсіп кеттім. Жаңа айттым ғой, тамбурда тұрып Алладан тілек тіледім деп. Сапардағы адамның дұғасы қабыл болады деген рас екен.
Қуанышым қойныма сыймай, ауылдағы ата-анама қоңырау шалып, академияға оқуға түскенімді айтып жар салғаным бар. Керемет сезімде ауылға келдім. Ата-анам тағы да ұлан асыр той жасады.
Астанада жүріп жаңа бір тынысым ашылды десем болады. Академияда оқыған төрт жылда контрабас аспабының қырсырына одан әрі тереңдеп, күн-түн демей дайындық үстінде жүріп, шыңдала түстім.
2007 жылы Секен Тұрысбектің «Ақжауын» камералық оркестріне жұмысқа тұрдым. Жаңа жерде жаңа тынысым ашылып, Секен ағамның арқасында көптеген тұлғаларды танып, білдім. Аға мені өзіне бауыр тұтты. Үнемі қасына ертіп жүрді. Үйіне де ертіп алып кететін. Қажытай  Ілиясов, Бақыт Беделхан сынды ағаларымды Секен ағамның үйінде алғаш көріп, танысқан едім. Осы әлемде жүріп менің өлеңге деген құштарлығым артты.
Академияда оқып жүргенімде тарих пәнінен ақын Сарин Қалқаман ағам сабақ берді. Сабақ қана беріп қоймай, маған ақын ретінде өлең жазудың техникасын, формасын, буынын, құрылымын, айтар ойын, мән-мағынасын түсіндіріп, бойыма сіңіруге бірден-бір себепші болған жан.

Бар өлеңі – бір әлем

Музыка әлемінде жүрсем де қолымнан қаламым түскен жоқ. Отырған жерімде әркімге бір өлең арнап жүретін едім. Сол жазғандарымды

достарымның кейбірі сақтап қойған екен. Қазір оқып «піспеген, шикі» қалыптағы өлеңдер екенін байқадым.
Ал енді өлеңге дендеп енген шағым сол Астана қаласында оқып жүрген кездерім еді. 2008 жылы М. Мақатаев атындағы екінші қалалық жыр-мүшәйрасы өтетін болып, соған қатысуға бел будым. «Ақиық ғажап аға» атты өлеңіммен байқауға қатыстым. Осы мүшәйрада әділқазы алқасында болған Ф.Оңғарсынова, Қ. Жұмағалиев және Н. Айтұлы сынды ақындардың алдында өлең оқу бұйырды. Мүшәйрада жүлделі екінші орынды иелендім. Сол кезде Фариза апам сахна төріне шығып, менің бір қолымды ұстап тұрып: «Болашағың бар, талпынып тұрған бала екенсің. Болашақта сенен жақсы ақын шығады», – деп мақтады. Бұл менің өзімді ақын сезініп ел алдына алғаш шыққан сәтім болатын. Әрі Фариза апамнан жылы сөз есту… көкке төбем екі елі жетпей қуанғаным да есімде.
Осы мүшәйрада Несібек ағам да мені қасына шақырып алып жөн сұрасқан соң бір жапырақ қағазға телефон нөмірін жазып беріп, ертең қоңырау шал деді.
Ертеңгі күні айтқандай ақын аға жазып берген нөмірге қоңырау шалдым. Телефонды үйдегі жеңгеміз көтеріп, тұтқаны ағайға берді. Несіпбек ағам үйінің адресін айтып, тез келе қал деді. Сол күні ақын ағаның үйінде болып кемінде үш сағаттай әңгімелестік. Осы күннен бастап тығыз байланыста болдым. Ақын ағамен араласа жүріп әдебиеттегі өзіндік орны бар жандарды танып білуді Алла маған нәсіп етіпті. Несіпбек ағамның жанында жүріп талай жақсы дүниені бойыма сіңірдім. Бұл да менің өмірлік жолымдағы үлкен бір ізгіліктің нышаны екен.
2011 жылдан бастап әнге сөз жаза бастадым. Әнге сөз жазу да үлкен шеберлікті талап ететін дүние екенін сезіндім. Осы жылы үйленіп, жол апатына ұшырадым. Екі-үш жылдай денсаулығым болмай, біразға дейін шығармашылықтан қол үзіп қалдым.

Ізденіс жолы

2014 жылы Қайрат Бақытжанұлы, Жангелді Немеребай сынды ағаларымның ақылымен Астанадан Талдықорғанға қоныс тептік. Сол кезде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры Әли Демегенұлы Алпысбаевқа кіргенімде: «Кел, келсең үйіңді де алып беремін», – деп сөз берді. Сөйтіп бір күнде жүгімізді жинап, көз жұмып, нар тәуекел деп Талдықорғанға тарттық. Сол тұста жас мамандар үшін баспана беріліп жатқанымен біз бірден үй ала алмадық. Келген соң филармонияға жұмысқа тұрдық. Жан жарым Мақпал екеуміздің алатын айлығымыз шайлығымызға жетпей жүрді. Алатын 72 мың теңгенің 45 мың теңгесін пәтерге төлейміз, 20 мың теңгені балабақшаға береміз. Қалғаны азық-түлікке жетпей қалады. Қысқасы қатты күйзеліп, қиындыққа тап болдық. Дәл осы жылдарда тоқтамай өлең жаздым. «Алғыс» атты кітабымдағы өлеңдердің басым бөлігі сол жылдары дүниеге келген еді.
Талдықорғанға келген соң Жангелді ағамның жанында жүріп осы жердегі әдеби ортамен араласа бастадым. Талай ақын аға-әпкелеріммен таныстым. Жетісудағы әдеби ортаға сіңіп, етене араласып кетуіме де Жан сері ағамның ықпалы мол болды. 2016 жылдан бастап таза әдеби әлемге аяқ бастым.

«Өзіне ғана сенеді»

Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы: «Азаматтың азаматтығын бағалаймын. Сөзге берік, іске мығым, достыққа адал, әділетсіздікке жаны қас жігіт. Ер-азаматқа керек негізгі қасиеттерді бойына жинақтаған. Аға-іні болып араласып келе жатқанымызға да он жылға жуықтапты, сол аралықта тек осы қырынан таныдым. Уәде берді ме, орындайды. Қандай істің болсын қиынына өзі жүріп, жеңілін саған қалдырғысы келіп тұрады. Достықтың өзіне аса жауапкершілікпен қарайды. Талай адамдарды көріп жүрміз ғой, сәл еркіндік беріп, еркелетіп жіберсең төбеңде ойнақтағысы келіп тұратын. Бұл сол кішіпейілдігінен бір танған емес. Үнемі «аға» деп тұрады, қалжыңды да қас-қабағыңа қарап айтады. Сонан кейін біреуден бірдеме дәм етпейтін адам. Өзіне ғана сенеді. Осы күнгі өнердегі һәм өмірдегі барлық жетістігіне адал еңбек, маңдай термен жетіп келеді».

Өлеңімді өлтіріп алмайын деп өзімді қамшылай түстім. Бұрын таныс емес ақын-жазушылардың кітаптарын тауып оқып, бос уақытымда кітапханадан шықпайтын едім. Үнемі ізденіс жолында жүрдім. Жаңа өлеңдер жазу арқылы әдеби ортада өзімді көрсетсем дедім. Жақсы өлең жазғым келді. Оны жазу үшін не істеу керекпін деп өзіме сұрақ қойдым. Бұл үшін әдеби кітаптарды кеміру керекпін деп өзімді қамшылай түстім. Үздіксіз оқығанымның арқасында сөздік қорым да молая түсті. Өлең жазған кезде көмейіме дайын сөздер келіп тұратынын сездім…
2015 жылы Талдықорғанға ақын Ерлан Жүніс, Есболат (Айдабосын) ағам қоныс аударып келді. Ерланның жанында, әңгімесін тыңдай жүріп көптеген ақынды одан сайын терең біле бастадық. Бүкіл әлемдік деңгейде сөйлей алатын ақынның әңгімесі арқылы әлемдік ақын-жазушыларды біліп тануға жол ашылды. Әдеби кеңістігім кеңейіп, өмірімде жаңа бір мотивация болды. Осындай адамдардың жанында жүріп «бұлардың бәрі мықты, мен сонда осалмын ба?» деген сөзбен өзімді іштей қайрай жүріп, алға аяқ бастым.
Бірде Есболат ағаммен сөйлесіп отырғанымда: «Азамат, саған азаматтық өлеңдер жазу керек қой», – деді. Оның осы сөзі «Неге маған азаматтық лирика» жазбасқа деген идея тастады.
«Алғыс» деген кітабымдағы өлеңдердің тең жартысы азаматтық лирика болып табылады. Мәселен, «Премьера» деген өлеңімді театр туралы деуі мүмкін. Бірақ олай емес. Сол секілді «Көл» деген өлең көл емес адам туралы…

«Ым»

Бұйырса «Ым» атты екінші кітабым жарық көргелі отыр. Бұл да таза азаматтық лирикадан тұрады. Сондай-ақ, бұл тек менің ғана «ымым». Өлеңдерімнің басым бөлігінде қоғамға айта алмай тұрған үн бар, оқыған адамдар осыны түсінсе екен деймін.
Кезінде ата-бабаларымыз ойын ашық емес, ымдау арқылы жеткізген ғой. Мәселен: «Мен ана таудың бауырында келе жатқан кезде бір жалғыз қарағаш тұр екен. Соның бір жапырағы үзіліп түсті ғой» дейді екен. Бұл дегеніңіз «Мына қаратаудың бауырындағы кедей отбасының жалғыз шынашақтай баласының өмірден озғандығы» туралы мағынаны беруі мүмкін… сондай дүниені осындай сөзбен астарлап, ымдап жеткізген. Ым деген тек сөзбен ғана емес, қимылмен, іс-әрекетпен де болуы мүмкін. Кітапқа осындай атау беруіммен біздің осындай дүниеден ажырап бара жатқанымыздың бір нұсқасын бергім келді. Тағы бір нұсқасы «Алғыс» деген кітаптың жалғасы іспеттес. Яғни «алғыс» дегенге «ым» дегенді қоссаңыз «алғысым» болады. Бұның ары қарай да жалғасы бар. Сол жалғастардың бәрін қосқанда барлығы бір тақырыпты беретін болады. Оны енді болашақтың еншісіне қалдырайын.

Отбасы – шағын жұмағы

Ақын Сағыныш әпкемнің өлеңіндегі «Отбасым – шағын жұмағым» деп айтатынындай, менің де өз жұмағым бар. Жан жарым Мақпалмен Астанада академияда оқып жүрген кезде танысып, табыстық.
Мақпал орыс тілді қыз болды. Сырттай көріп жүргеніммен арамыз достықтан әрі аспады. Кейін «Ақжауын» оркестріне жұмысқа тұрғанда сол жерден Мақпалды көрдім. Сөйтіп бірге жұмыс істеп жүріп оған тіптен жақындай түстім. Адам жақындаған сайын бауыр басу пайда болады екен. Оның алдындағы іштей пайда болған шоқ бар, сол шоғың жақындаған сайын отқа ұласады емес пе? Мақпалдың әр қылығы мені тәнті етті. Сонымен қатар, анамның бойындағы дүниелерді Мақпалдан көріп, одан сайын ынтызар етіп, ғашықтық сезімі пайда болды. Ғашықтығым махаббатқа ұласып, отбасын құруға бел будым. Өмірге Аңсаған, Ақниет, Айкөркем есімді қыздарымыз дүниеге келді. Бүгінде шағын жұмағымызда бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар.

Түйін орнына: «Егер өмір екі айналып тағы келсе осы әйеліме қайта үйленер едім. Содан кейін музыканы құрбан етіп, барымды өлең жолына жұмсар едім» дейді тағы Азамат ақын. Өміршең өлеңдеріңмен бірге қалықтай бер Азамат!

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ