ДИХАНДАРҒА ЕНДІ СУБСИДИЯ БЕРІЛМЕЙДІ

0
281

Бұл туралы 15 қарашада Астанада өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің Форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен болатын. Соған сәйкес алдағы 2025 жылы дихандарға субсидияның орнына жеңілдетілген бес пайыздық несие берілетін болды.

«Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады»- деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс.
Субсидияның орнына бес пайыздық несиелеу неге туындап отыр?
Біріншіден, мемлекет басшысы айтып отырғандай, дихандарды субсидиялаудың көлеңкелі тұстары аз болмаған сыңайлы. Жасыратыны жоқ, субсидияны тамыр-таныстықпен алу жағдайлары болмай қалған жоқ. Кейде субсидияға алған қаржы той-томалаққа, қымбат көлік сатып алуға немесе диханшылықты дамытудың орнына басқа бизнес түріне жұмсалып жатты. Алған субсидиясына шаруасын жайқалта алмағандар бар. Өйткені кедергілер көп болды.
«Мәселен, былтырдың өзінде ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлағандар мемлекет қазынасына 2 млрд 600 млн. теңге залал келтірген. Мемлекеттік қолдауды қолды қылу бойынша қазір антикорда 54 қылмыстық іс жатыр. Ал биыл жыл басында арнайы комиссия 2 млн ірі қара мен 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады – деп жазды «Жас алаш» жақында 22 қарашадағы санында.
Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 2 трлн. теңге жұмсалыпты. Сонда да оңалмайтын бұл не қылған іс? Не қылған шаруа?.. – деген сауалдарға кім жауапты?
Басқа ақпарат көздері, мысалы, Atameken Business, мемлекеттен бөлінетін субсидияны ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің 5 пайызы ғана алып отыр, — деп хабарлайды. Оның өзінде билікке жақын кәсіпкерлер ғана ала алады. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, көмек қаржыны беру тетіктерін түбегейлі өзгертпей, азық-түлік бағасы тұрақтанбайды. Тапшылық та жойылмайды.
Қараталдық кәсіпкер Орынбек Сағымбаев: Мына субсидия деген адамды әбден шатастырып жіберген болатын. Таныстық, туыстық, алу — үшін біреуге беру деген сияқты күмәнды істер болатын. Ал 5 пайыздық несие деген – өте дұрыс табылған жол. Керек пе банктен аласың, өтейсің. Бәріне өзің жауаптысың. Жүгірмейсің әр есікті бір ашып.
Қазір енді несиелеудің бес пайыздық мөлшері қалай рәсімделеді? — деген сұрақ туындап тұр. Өйткені жақында өткен Форумда мемлекет басшысы осы бес пайыздық несиені желтоқсан айынан бастап беріле бастауы керек – деп хабарлаған болатын. Президенттің олай деуінің себебі – дихандар көктемгі егіске сақадай сай болуы керек. Ал біздің жайбасарлығымыз жасырын емес, сол айтылғанды тез арада игере алар ма екенбіз? Ақпараттық жұмыс қалай жүзеге асып жатыр? Әлде, әлі де баяғыдағыдай «дала поштасының» хабарламасын күтеміз бе? Несие қай банк арқылы жүзеге асырылады? Несиені алу үшін диханды қолдаушы кім? Осы сұрақтарымызды Жетісу облыстық ауылшаруашылығы басқармасына жолдауды жөн көрдік.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ