МОБИЛЬДІ АҚША АУДАРЫМДАРЫ ТЕКСЕРІЛЕТІН БОЛДЫ

0
46

Соңғы кезде қарызға зат алып жүрген таныс сатушы қыз-келіншектерім қолға ақша түскенде берешегімді Каспий арқылы жіберейін десем, азар да безер болып, басқа телефон береді, соған жіберіңіз деп. Е-е-е, ұсақ кәсіпкерлердің де табысы салыққа ілініпті ғой деп ойлауға тура келді. Бұған дейін, естеріңізде болса, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері 3 жылға салықтан босатылған еді ғой. Одан бері талай уақыт өтіпті. Ал салықшылар не дейді қазір?

— Өкінішке орай, бізде әлі жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлер баршылық. Мобильді ақша аударымдарын тексеру соларды анықтауға арналған. Өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы қабылдайды, — дейді салықшылар. Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді аударымдарға қатысты кезекті ескертуінен кейін қазақстандықтар арасында осы мәселеге қатысты сұрақтар көбейді. Салықшылар аударымдардың санына қарай ма? Жоқ, әлде жалпы сомасы ескеріле ме? Бақылау шаралары қалай жүргізіледі? Ал, ең бастысы, қандай жаза қарастырылған?
«Sputnik Қазақстан» порталы осы тақырыптағы ең маңызды сұрақтарға Мемлекеттік Кірістер комитетінің жауабын ұсыныпты.
Салықшылар мобильді аударымдарды неге бақылай бастады?
– 2024 жылы Қазақстанда алты айдың ішінде кәсіпкерлердің 76 проценті өз табысын 5 миллион теңгеден төмен деп көрсеткен. «Енді осы соманы алты айға бөліп көрейікші. Сонда күн сайынғы табыс небәрі 27 мың теңгені құрайды. Ал үйдің жанындағы қай дүкенде ондай табыс болады деп ойлайсыз? Ондай кәсіпкерлердің бәрі өз табысын төмендетіп көрсетіп отыр», — дейді салықшы Дина Құсайынова.
Ұлттық банктің 2023 жылғы есебіне сәйкес, тауар мен қызметтер үшін төлемдердің жалпы көлемі 50,3 трлн теңге болған. Ал мобильді аударымдардың көлемі 80 триллионнан асып түсті.
Биылдан бастап кімдердің мобильді аударымдары бақылауға алынады?
– Жаңа жылдан кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары жасаған мобильді аударымдар бақылауға алынады. Бұған дейін салық органдары мемлекеттік қызметшілер, бюджет және квазимемлекеттік сала қызметкерлерінің мобильді аударымдарын тексере бастады.
Сонда биыл жасалған мобильді аударымдарға қатысты ақпарат алына ма?
– Жоқ, салықшылар былтыр жасалған мобильді аударымдарды тексереді. Ол үшін банктерден кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшыларына қатысты ақпарат алынады.
Тексеріс кезінде қандай талаптар ескеріледі?
– Дәл қазір мобильді аударымдардың саны ғана есепке алынады. Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, ай сайын 100 және одан көп тұлғалардан үш ай қатарынан түскен мобильді аударымдар бақылауға алынады. «Бұл жерде 100 аударым 100 түрлі адамнан түсуі керек. Мысалы, қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпан айында 100 түрлі адам, наурызда 100 түрлі адамнан мобильді аударым түссе, сонда ғана ол назарға ілінеді», — дейді Көптілеуұлы.
Бұған дейін мобильді аударымдардың сомасына да назар аударылады деген. Жалпы сомасы 255 мың теңгеден асуы керек деген ақпарат қайдан шықты?
– Иә, ондай ақпарат бар. Бірақ 255 мың теңгелік шек әлі енгізілген жоқ. Бұл өзгерісті салықшылар ұсынып отыр. Ұлттық банк өз келісімін берсе, мобильді аударымдардың санына ғана емес, сомасына да көңіл бөлінеді.
Кәсіпкер мобильді аударымдар арқылы үш ай қатарынан 100-ден астам төлем алса, не болады?
– Салықшылар алдымен ескерту жібереді. Оны орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыттың ішінде кәсіпкер қосымша декларацияда табыстың артқанын көрсетіп, салық органдарына жіберуге тиіс. Сосын нақты табыстың салығын төлеу керек. Ескертуден кейін осы шараларды өздігінен жасаған кәсіпкерлерге ешқандай жаза қолданылмайды.
Кәсіпкер ескертуді елемесе, салықшылар не істейді?
– Мемлекеттік кірістер комитетінің ескертуі орындалмаса, салықшылар өздері келіп, тексеріс жасай алады. Кәсіпкердің есепшоттары да бұғатталуы мүмкін.
Қайырымдылыққа арналған мобильді аударымдар бақылана ма?
– Садақа, қайырымдылық немесе біреудің ем-домы үшін жіберілген ақша кәсіпкерлікке жатпайды. Оған салық та салынбайды. Сондықтан ондай мобильді аударымдар бақылауға алынбайды.
Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары да бақылауға алына ма?
– Иә, 2026 жылдан бастап жеке тұлғалардың мобильді аударымдары да бақылауға алынады.
Банктер жеке тұлғаларға қатысты қай жылдың ақпаратын жібереді?
– 2026 жылы банктер жеке тұлғалардың 2025 жылда жасаған мобильді аударымдары бойынша барлық ақпаратты салық органдарына ұсынады.
Редакциядан: Қысқасы, бұл шара арқылы елдегі көлеңкелі бизнеспен күрес басталды деген сөз. Басталғаны дұрыс-ақ. Алайда, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» жүрмесе болды, экс — Бас прокурор Жақып Асанов айтпақшыдай «біз заңды бизнесті қорғауымыз керек, алайда кошмарить етпеуіміз де керек» — деп.
Жеке тұлғаның мобильді қосымшасын тексеру үшін де заңдылық сақталғаны дұрыс. Оған салықшының қандай заңды негізде құқығы бар? Әлде, бәріміз салықшының тұтқыны болдық па? Жеке тұлғаның кімге қанша ақша аударудың шегі бар ма? Оқып жатқан баламыз бен немеремізге жіберіп тұратын ақшамызға салық салынып жатса – ол қай заңда бар дүние? Маған сол жағы түсініксіз.
Салықшылар «айттым – бітті !» демей, ел арасына шығып, түсінік жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді.

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ