ӨЗ ЕРКІМЕН ӨРКЕНДЕГЕН САЛА

0
35

Табиғат бар, турист жоқ. Бағыт бар, бағдар жоқ. Балалар жазда қайда барады? Жетісуда демалыс лагерлері неге аз? Облыс туризмін дамытуда нақты жоспар бар ма? Осы сауалдарға жауап іздеп, облыстық туризм бөліміне бардық. Сондай-ақ, бұл мәселеде Түркістан сияқты өңірлер не істеп жатқанын салыстырып көрдік.

ТУРИЗМ БАР – БАСҚАРМА ЖОҚ

«Облыста туризм саласына жауапты дербес басқарма жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қарамағындағы туризм бөліміне жүктелген. Барлығы – үш маман. Сол үш азамат туризм субъектілерін тіркеу, инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу, лицензиялау, ақпараттық материалдар тарату секілді көпқырлы міндеттерді атқарып келеді. Бөліміміз шағын, алайда туризм – ауқымды әрі салалы бағыт. Сондықтан біз жүйелі серіктестікті дамытуға тырысамыз», – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Мадина Атабаева.
Туризм сынды кең әрі көп бағытты саланың мұндай тар құрамда жұмыс істеуі – мәселенің беткі жағы ғана. Сала мамандарының айтуынша, облыста туризмнің әлеуеті бар. Дегенмен, нақты жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру кезінде кадр тапшылығы мен құрылымдық шектеулер қол байлап отыр. Туризмнің бір тармағы – балаларға арналған экологиялық турлар мен жазғы туристік лагерьлер мәселесі өңірде толық жолға қойылмаған. Алғашқы мақалада көтерілген – балаларға арналған экотурлар мен туристік лагерьлер мәселесіне қатысты басқарманың жауабы қысқа:
«Балалар туризмімен біз айналыспаймыз. Бұл – білім басқармасының құзырындағы мәселе», – делінген бөлімнің ресми жауабында.
Қазіргі таңда «Оқушылар сарайы» сынды мекемелер арқылы оқушыларға экскурсиялар мен үйірмелер ұсынылады. Дегенмен, жазғы кезеңде балаларға арналған туристік лагерьлер ұйымдастыру – басқармалар арасындағы үйлесімсіздікке тіреліп, нақты қадамдар жасалмай отыр. Саладағы бұл үйлесімсіздіктер мен құрылымдық қиындықтар туризмді өңірлік даму құралына айналдыруға кедергі келтіруде. Сарапшылардың пайымынша, туризмді дамытамыз десек, алдымен дербес басқарма құрып, жауапкершілікті нақтылап алу керек. Сонда ғана бұл сала жоспарлы, жүйелі түрде өркен жая алады.

ШОМЫЛУ МАУСЫМЫМЕН
ШЕКТЕЛГЕН ТУРИЗМ

Көпшілікке Жетісу десе, ең алдымен жаздағы Алакөл, Балқаш еске түседі. Дегенмен, мамандар бұл өңірдің туризм әлеуеті тек шомылу маусымымен шектелмейтінін айтады. Облыста төрт мезгілге бейімделген туризмді дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр.
Мәселен, Алтынемел ұлттық паркі аумағында заманауи визит орталығы ашылып, келушілерге ақпараттық қызмет пен экскурсиялық бағыттар ұсынылуда. Бұл туристерге «Әнші құм» мен Бесшатыр қорғандарына бару барысында жолсеріктік қолдау көрсетіп, тарихи-мәдени танымды арттыруға сеп.
Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде де белсенді демалыс түрлері дами бастады. Әсіресе Сарқан мен Текелі бағыттары бойынша жаяу турлар ұйымдастырылып, гидтермен бірге таулы маршруттар бойымен табиғи ескерткіштерге баруға мүмкіндік бар. Бұл бағыттар экотуризмді таңдаған, табиғатпен үндестікте демалуды қалайтын туристер арасында танымал бола бастады.
Ал Бұрқан-Бұлақ сарқырамасына сапарлаушылар үшін 2026 жылға дейін сапалы автожол салу жоспарланған. Бұл туристік нысанға жетуді жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің ішкі инфрақұрылымын да жақсартпақ.
Қысқы туризмді дамытуға да назар аударылып отыр. Қазір шаңғы және биатлон кешеніне арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, Жетісу өңірі тек жазғы демалыс орны ғана емес, қысқы спорт пен белсенді демалыс орталығы ретінде де туристерді тартуға қауқарлы болмақ.
Осылайша, Жетісудың туризм саласы Алакөлмен ғана шектеліп қалмай, табиғи, тарихи және спорттық бағыттар бойынша кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілу жолында.

ҚОЛЖЕТІМДІ ТУРИЗМ –
ҚАШАН ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАДЫ?

«Неге бізде Тараз немесе Түркістан секілді қарапайым, қолжетімді маршруттар жоқ?» – бұл сұрақты жергілікті тұрғындар жиі қояды. Алайда, бұл сауалға берілер жауап әзірге мардымсыз. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарасты туризм бөлімінің айтуынша, Талдықорған – транзиттік қала, яғни туристер мұнда тоқтамай, тек өтіп кетеді.
– «Туризм бағыты – сұранысқа байланысты дамиды. Біреуге 5 мың теңге қымбат, біреуге ол – тиын», – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Мадина Атабаева. Бірақ мәселе бағада ғана емес. Өңірдегі көптеген бағыттарға апаратын жолдың жай-күйі, санитарлық жағдай, аялдамалар мен демалыс орындарының жетіспеуі – бұл саланың қолжетімді болуына негізгі кедергілердің бірі.
Мысалы, «Жасыл көл» сияқты табиғи нысандарға бару үшін турист жаяу жүруге мәжбүр. Инфрақұрылым жоқ. «Бұл мәселе бойынша министрлікке ұсыныс берілді», – дейді басқарма өкілі. Бірақ ұсыныстың нәтиже беруі – уақыт еншісінде.
Басқарманың көзқарасы бойынша, мемлекет халықты тегін турлармен қамтамасыз етуге міндетті емес.
– «Біз тек ақпараттық турларды БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырамыз. Бұл – тек насихат мақсатында. Ал азамат туристік қызметті тұтынушы ретінде сатып алуы тиіс», – дейді Атабаева.
Алайда, егер туризмді шынымен табыс көзі ретінде қарастыратын болсақ, қолжетімді бағыттарды жүйелі түрде қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс. Себебі инфрақұрылымсыз сұраныс та қалыптаспайды.
Басқарма өкілдері бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын айтады: инженерлік инфрақұрылым салу, жол жөндеу, жергілікті гидтерді даярлау және жекеменшік туроператорлармен серіктестік орнату сынды жұмыстар қолға алынған. Бірақ әзірге бұл жұмыстардың нақты нәтижесімен емес, жоспарымен ғана таныспыз.

ЖЕТІСУДА ЖОҚ –
БАСҚА ӨҢІРДЕ БАР

Қазақстанның әр өңірі өз ерекшелігімен, мәдениеті мен табиғатымен дараланады. Дегенмен, кейбір облыстарда туризмді дамытуда ерекше жетістіктер байқалады, олар Жетісу пайдаланбай отырған мүмкіндіктерді жүзеге асырып келеді. Мысалы, Түркістан мен Семей қалалары тарихи-мәдени және экологиялық бағыттағы туристік өнімдері арқылы туристердің қызығушылығын арттырып, өңірдің дамуына жаңа серпін беруде. Тіпті балаларды жазғы лагерлермен қамтамасыз еткен.
Түркістан — 2024 жылы Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесін алған киелі қала ретінде туристік өнімдерді өткізуде айрықша жетістіктерге қол жеткізді. 2024 жылы қалаға 1,1 миллионнан астам турист пен зияратшы келген, оның ішінде шетелдік қонақтардың үлесі шамамен 23% құрады. Туристер үшін ең сұранысқа ие бағдар – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен «Керуен-сарай» кешені арқылы тарихи-танымдық турлар, сондай-ақ этнотуризм аясында этноауылдар мен қолөнершілер қалашықтары ұйымдастырылды, онда ұлттық дәстүрлер мен қолөнер туындылары ұсынылды .
Экологиялық-сауықтыру туризм бағыты да дамып келеді: Сырдария–Түркістан мемлекеттік табиғи паркінде 4 туристік маршрут арқылы табиғатпен танысу ұсынылды. Сонымен қатар қалада бір күндік турпакеттер іске қосылып, туроператорлар ұйымдастырған гид, көлік пен тамақпен қамтылған турлар 100–150 АҚШ долларына дейін бағаланды, ал жеңіл туристік пакет бағасы 20–40 доллар аралығында болған.
Инфрақұрылымы белсенді түрде жақсарған: 2024 жылы қалада 68 орналастыру орны нақтырақ айтсақ 3 048 төсек орны жұмыс істесе, 46 қонақүйден 57-ге өскен, қолөнершілерге қалашық, су-спорттық каналы бар рекреациялық орталықтар бой көтерген. Аталған жобалар мен туристік өнімдер Түркістанды рухани–мәдени және серуен бағыттар бойынша ішкі және халықаралық туристер үшін тартымды қалаға айналдырды. Ал, ескі қала Семейге келетін болсақ.
Семейде өткен жазғы маусымда туризм мен балалар сауықтыруға ерекше көңіл бөлінген. Қала бюджеті 15 млн теңгеге жуық қаржы бөліп, өңірде 6 қала сыртындағы және 49 мектеп жанындағы жазғы лагерьге демалыс ұйымдастырылды – соның ішінде 6 туристік-сауықтыру лагерлері жұмыс істеді, олар жылдағыдай қала әкімінің орынбасары бақылауымен жүргізілген . Ең ірі лагерь «Радуга» 500-ден астам баланы қабылдап, 4 кезеңмен жаз бойы сауықтыру бағдарламасын ұсынса, «Жас қанат» лагерінде 137 бала бюджет есебінен, 187 бала ақылы негізде демалды.Сонымен қатар, № 22 мектеп-жүргізген «Балдәурен» тобы температуралыктай круизбен Ертіс өзенінде жалғасып үлкен шаралар ұйымдастырылған. Ерекше туристік бағдарлама – Семей орманында «Святой ключ» орналасқан экологиялық-экскурсиялық «Тропа открытий» жобасы. Ол мектеп оқушылары, студенттер мен әуесқой туристер үшін әзірленіп, 10 км маршрут бойымен табиғатпен таныстырылған, маршрутқа гидтер мен буклеттер дайындалған . Сонымен қатар Абай облысы бойынша оның ішінде Семей қаласының маңында 8 мемлекеттік және 5 жеке саяжай лагерлері орналастырылып, 2024 жылы «Радуга» мен «Жас Қанат» лагерлерінде 2943 бала сауықты, оның ішінде әлеуметтік осал 1869 бала бюджет есебінен қамтылған.
Әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени туризм түйткілдері де назардан тыс қалмады. Семей қаласында ашық тұрған «Ямышевские ворота», ескі қала қақпасы және Екінші дүниежүзілік соғыс мемориалдары, сонымен бірге «Сильнее смерти» ұшқыштар аллеясы сияқты орындарға экскурсиялар ұйымдастырылған. Біз осының бәрін бекер мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Жоғарыда айтылған басқа өңірлердің жетістіктері, ал біздікі әлсіз деңгейде.

ВИЗИТ-ОРТАЛЫҚТАР МЕН «ЖЕКЕМЕНШІК ВИКИНГТЕР»

Өңірде туризмді дамыту ісі негізінен жергілікті белсенділер мен жекеменшік ұйымдардың иығына артылғандай. Бұл туралы мен сұхбат барысында көз жеткіздім. Туризмді жүйелі түрде дамытып отырған бірлі-жарым құрылымдар – «Visit Zhetysu» ақпараттық орталығы мен жекеменшік туроператорлар ғана.
Солардың бірі – «Викинги» ұйымы, ол Жоңғар Алатауына бағытталған жаяу турлар ұйымдастырып келеді. Ұйымның жұмысы жүйелі, гидтері бар, бағыты нақты. Бірақ олар бұл істі мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз, өз беттерінше жүзеге асырып отыр.
Сол сияқты өңірлік бастамалар да назар аударуға лайық. «Кемел» сарқырамасына бағытталған маршрут, Алакөлдегі «Крылья» фестивалі, сондай-ақ «Жетісу Кэмпинг» сияқты жобалары – барлығы да жергілікті белсенділердің арқасында іске асып отыр. Бұл жобалар бюджет қаржысына тәуелді емес, бірақ қоғам тарапынан қызығушылық жоғары.
Алайда бұл жағдай бір қарағанда мақтанарлықтай көрінгенімен, екінші жағынан мемлекеттің бұл саладағы жүйелі рөлінің әлсіздігін көрсетеді. Туризмді дамыту – тек жеке бастамаларға сүйенетін сала болмауы тиіс. Кәсіби туризм тек жергілікті белсенділермен емес, инфрақұрылыммен, кадрмен, қолдаумен дамиды.
Сұхбат барысында белгілі болған тағы бір жоспар – Текелі қаласында жаңа «Vizit»-орталық ашу көзделіп отыр. Бұл бастама, сөзсіз, қажет әрі пайдалы. Бірақ туризм тек бір орталық ашумен шектелмейді. Егер ол орталық нақты ақпарат бермейтін, брошюра таратумен ғана айналысатын «формалды нүктеге» айналса, оның тиімділігі күмәнді болмақ.
Сұхбаттан түйгеніміз – өңірдегі туризмнің шынайы дамуы жергілікті жанкештілерге тіреліп тұр. Ал бұл ұзақмерзімді даму үшін жеткіліксіз. Мемлекеттік саясат нақты қолдау мен серіктестікке негізделген жүйеге көшуі керек.

ТАМАША ТУРИЗМ

Облыста туризм бағытында жұмыс жоқ деуге болмайды. Бірақ бәрі бір түйінді сұраққа келіп тіреледі: мемлекет – бұл салада ұйымдастырушы ма, әлде тек бақылаушы үйлестіруші ме? Қазіргі жүйе бұл сауалға нақты жауап бере алмай отыр.
Мәселен, балалар туризмі – білім басқармасының құзырында, ал турөнім – жекеменшік ұйымдардың мойнында, ақпарат – визит орталықтарға, үйлестіру – бар-жоғы үш маманнан тұратын туризм бөліміне жүктелген. Яғни салада жауапкершілік бытыраңқы, нақты шешім қабылдайтын орталықтандырылған тетік жоқ.
Жүйе бар ма? Бар. Бірақ ол тұтас индустриядан гөрі, әр тараптағы оқшау бастамалар жиынтығына көбірек ұқсайды. Бір жерде энтузиазммен жұмыс істеп жатқан жекеменшік операторлар, екінші жерде жергілікті әкімдіктің шала-жансар жобасы, үшінші жерде визит орталықтың брошюрадан әрі аспаған жұмысы – мұның бәрі ұзақмерзімді даму моделі емес.
Егер расында да туризмді өңірдің табыс көзіне айналдыру мақсаты бар болса, үйлесімділік, саяси ерік және нақты жауапкершілік қажет. Туризм саласы тек картадағы көрікті мекендер мен фестивальдер арқылы дамымайды. Ол – кәсіби кадр, заманауи инфрақұрылым, жүйелі маркетинг, және ең бастысы – салаға сеніп тапсырылған нақты басқарушы құрылым арқылы ғана алға басады.
Қазіргі таңда туризм саласындағы бастамалар әр тараптан жеке-жеке іске асырылып келеді. Бұл – алғашқы қадамдар үшін қалыпты жағдай. Дегенмен, ұзақмерзімді табыс пен тұрақты даму үшін бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, үйлестірілуі қажет. Өңірде сұраныс та, табиғи әлеует те жеткілікті. Ендігі маңызды кезең – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, барлық тараптың күшін бір арнаға тоғыстыру. Сонда ғана Жетісу өңірінің туризмі шын мәнінде экономикалық, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан пайда әкелетін салаға айнала алады.

Мұрат КҮМІСБЕК


ПІКІР ЖАЗУ