Тарихы терең қызмет

0
27

Қазпошта — ұлттық байланыс пен цифрлық трансформацияның көпірі. Ол тек хат пен сәлемдеме тасушы ғана емес, ел экономикасы мен әлеуметтік өмірінде де маңызды рөл атқаратын ірі логистикалық және қаржылық институтқа айналды. Қазпоштаның басты міндеті — халыққа сапалы пошталық қызмет көрсету. Соңғы жылдары электронды сауданың жедел дамуына байланысты компания өз жұмысын айтарлықтай өзгертті. Қазпошта — тарихы терең, бірақ болашаққа сенімді қадам басқан компания. Ол ұлан-ғайыр қазақ даласындағы инфрақұрылымдық байланысты сақтап қана қоймай, цифрлық заманда жаңа технологияларды енгізу арқылы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруды жалғастыруда.
Қазан айының тоғызы «Дүниежүзілік пошта күні» екені мәлім. Осыған орай көкейде жүрген сұрақтарымызды «арқалап» Талдықорған қаласындағы «Қазпошта» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалына бас сұққан едік. Бізге жауап берген осы мекеме директорының орынбасары Ержігітов Болатхан Топанбайұлы болды. Көпшілік назарына осы сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

 

 

— Болатхан Топанбайұлы, бізге әлі түсініксіз: Сіздер басқарып отырған ұжым мемлекеттік пе, әлде көрсеткен қызметі ақылы бизнес саласы ма? Көпшіліктен сіздердің қызметтеріңіз туралы түсетін шағым көп десе болады…
— Сіздердің қойып отырған сұрақтарыңыз бізге түсініксіз. Біз басқарып отырған ұжым жекеменшік емес, «Қазпошта» акционерлік қоғам, 100 пайыз акциясы мемлекеттің меншігінде, «Самұрық қазына» АҚ-ы бізге құрылтайшы. 100 пайыз акция солардың қолында. Біз ештеңе өндірмейміз, біздің міндет — халыққа қызмет көрсету. Әрине, ақылы. Бізде үш қызмет түрі қарастырылған: пошталық қызметтер, қаржылық қызметтер және агенттік қызметтер.
Пошталық қызметтер, ол — біздің күнделікті хат-хабар тасу, сәлемдемелер жеткізу, оларды қабылдау. Сосын тездетілген курьерлік қызмет түрі бар, ол — сәлемдемелерді үйіне дейін жеткізіп беру қызметі, ол — екі. Үшіншіден, ірі көлемді жүк тасымалдаймыз, яғни 20 килограмнан жоғары салмақтағы пошталық сәлемдемелер. Хаттардың өзі регистрленген, регистрленбеген болып бөлінеді, ақылы жіберілетін және ақысыз жіберілетін хаттар. Ақысыз хаттар совет үкіметі кезіндегідей пошталық жәшіктерге салынатын хаттар.
— Сондай жәшіктер әлі бар ма? Қай жерлерде тұрады?
— Осы ғимараттың алдында тұр, сосын қай жерде біздің бөлімшелер бар, сол жерлерде осы пошта жәшігі қойылған. Сол жәшіктерге салынған хатты көрсетілген мекен-жайға тегін жеткізіп береміз.
— Қанша уақытта алынады?
— Күнделікті жинап алынады десе болады және арықарай жөнелтіледі.
Сонан кейін бізде екінші деңгейлі банк ретінде қаржылық қызметтердің барлық түрін көрсетеміз тек басқа банктен айырмашылық — бізде несие берілмейді. Қаржылық қызмет түрлері мынадай — тұтынушыға жеке есепшот ашу, оған түскен ақшаларын беру, есепшоттарын жүргізу, жеке және заңды тұлғалар қызмет түрлерін ала алады, есепшот ашып, оны жүргізе алады, депозитке ақша сала алады және біздің агенттік қызметті пайдалана алады. Агенттік қызмет деген, біз басқа банктермен келісіп, жеке немесе заңды тұлғалардың несиелік жұмыстарын жүргізіп бере аламыз, яғни олар біз арқылы рәсімдеп, басқа банктерден несие ала алады. Одан бөлек бізде бағалы қағаздар нарығы жұмыс істейді, яғни бағалы қағаздарды біз арқылы сатуға, сатып алуға болады.
Біздің табыс көзіміз — осы ақылы қызмет. Үкімет тек тегін тасымалдау қызметі көлеміне ғана субсидия бөледі. Біз өзімізді өзіміз қаржыландырып отырғандықтан ақылы қызмет көрсетуге мәжбүрміз. Біздің шығындарымыз көп. Қаншама адам жұмыс жасайды, олардың жалақысы бар, ел сәлемдемелерін тиісті орындарға жеткізуіміз керек, зейнеткерлердің зейнетақысын таратып береміз, транспорттық шығындар, ол үшін жанар-жағар май керек. Қай жерде ауыл бар сол жерде біздің бөлімше бар. Ауылдағы бөлімшелерге отын-су керек, электр энергиясы үшін төлейді, қызметкердің жалақысы бар деген сияқты, оған да қаржы керек. Халыққа көрсеткен қызметімізден біз табыс аламыз, соны өзіміздің қажеттілігімізге жаратамыз.
Жұмыс болғандықтан кемшіліксіз болмайды, шағым түсуі мүмкін нәрсе. Бірақ соншалықты көп дей алмаймын. Мекен-жай дұрыс жазылмай қалады, т.с.с. келеңсіздіктер болса, соны тіркеп отыратын ситуациялық орталық бар, оны қарап отырамыз және кемшілікті дер кезінде түзетуге тырысамыз. Халық «Е – өтініш» арқылы бізбен байланыс жасайды, сол арқылы да шағымдарды қарастырып, қажетті жауаптарын беріп отырамыз.
— «Е- өтініш» болғанда, халықпен тікелей байланыс жоқ па? Көпшілік жағдайда сол «Е – өтінішке» арыздарын бере алмай жатады. Ашығын айтсақ, смартфон, компьютер дегендерді жасы үлкен кісілердің барлығы игере алмайды ғой.
— Ол енді біздің құзырымызда емес. Ал, поштаға келіп, арыз-шағымын қалдырса, біз қарап, тиісті жауабын береміз. Міндетті түрде жауап береміз.
— Болатхан мырза, қызметтеріңіздің түрлерін айттыңыз. «Ауыл поштасындағы қызметкердің айлық жалақысы 10 000 (он мың) теңге» деген пікір қаншалықты шындыққа жанасады? Олай болмағанда, жалақы мөлшерін атай аласыз ба? Ауылдық және шалғай елді мекендерді пошта мен баспасөзге (газет-журналдарға) жазылумен қамту деңгейі қалай шешіліп жатыр? Хат тасушылардың (почтальон) материалдық-техникалық базасы қанағаттанарлық па?
— Біздегі қызмет түрі жоғарыда айтылғандай үшеу: соның ішінде хат тасу бар. Түсінбегендіктен шығарып жатады, тіпті он мың деген жалақы жоқ, одан жоғары. Бірақ ауылды жердегі пошташының жұмыс ауқымы үлкен емес. Бұрынғыдай көп хат, сәлемдеме келіп жатқан жоқ, бір-екі сағаттық жұмыс қана. Соған қарай жалақы төленеді. Шалғай ауылдарда тіпті бір сағаттық қана жұмыс болады, енді жалақы мөлшерін жария ете алмаймыз. Жұмыс ауқымы бір бірлік болса, ол – сегіз сағаттық жұмыс жасау керек.. Ал енді содан екі сағаттық жұмысқа шақса, он мыңнан көп шығады. Кейбір бір сағат қана жұмыс жасап отырған жерлерде де жалақы он мың теңгеден көп. Негізінде заң тұрғысында ең төменгі жалақыдан төмен төлеуге құқымыз жоқ, сол бір сағат болса бір сағаттық, екі сағат болса екі сағаттық жұмыс ақысын алады. Қанша алатынын жария ету біздің құзырымызға кірмейді.
Ауылдық жер болсын, қалада болсын қазан айының бесінен бастап келесі жылғы баспасөзге жазылу басталады. Міне, 2027 жылға жазылу науқаны басталды, әр ауданға берілетін жоспар бар, сол бойынша аудан әкімдеріне хабарласып жатырмыз. Облыстық «Жетісу» газеті бар, «Алатау» газетіне де жоспар қойылған. Мысалы, Алакөл ауданына 400, Ақсу ауданына 180 жазылған, басқаларға да осындай жоспар береміз. Енді жазылу барысы біздің ғана айтуымызбен жүрмейді, оған әкім де, ұжым басшылары да қатысуы керек. Оқитын халық болу керек, ал оқитын халық жазылмаса, ол газетті қайдан оқиды? Сондықтан аудандық әкімшілікті біз міндеттейміз, бірақ олардың да қолынан келе бермейді. Жалпы халық болып жұмылуымыз керек қой. Өздеріңіз де жарнамалауыңыз керек. Сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр, 100 пайыз болмаса да газет-журналдарға жазылу науқанын 80-90 пайыз орындайық деген талап қойып отырмыз.
Хат тасушылардың материалдық-техникалық базасы бар. Ауылды жерге берілмейді, бірақ қаладағыларға велосипед береміз, сөмкемен, формамен, аяқ киіммен қамтамасыз етеміз, сүт беріледі. Сол сияқты иттен, тағы басқалардан қорғауды қамтамасыз етеміз. Енді ауылдағы он-он бес хатты тасу үшін ондай материалдық база бөлінбейді, өйткені жетпейді. Қазақстан бойынша жұмыс өте ауқымды, адам көп, ауданда, қалада Қазпоштада қызмет ететін адам саны өте көп. Ауылға қарағанда қалада жұмыс он есе, жиырма есе ауқымды.
— Ауылдық болсын, қалалық болсын заманауи цифрлық технологиялармен және жаңа бағдарламалармен жабдықтау деңгейі қандай?
— Бізде облыс бойынша барлық пошта бөлімшелерінде банктік бағдарламамен автоматтандырылған, компьютерлері бар, жабдықтары бар, қағаз басып шығаратын, сканерлейтін жабдықтары бар. Байланыс жоқ таулы аймақтар болмаса, бар жерде интернет жұмыс істейді. Мысалы, Сарқанд ауданының кейбір жерінде мүмкін емес, тарелка қойсақ та тартпайды, тағы сол сияқты ауылдар бар. Жалпы бөлімшелердің 90 пайызы автоматтандырылған.
— Газетке жазылғандардың газетін үйге дейін жеткізіп беру үрдісі тоқтаған ба? Поштаны тұтынушы неге редакциядан немесе пошта бөлімшесінен алуға мәжбүр?
— Жоқ жеткізіп беру қызметі тоқтаған жоқ. Біздің міндетіміз жеткізіп беру, бірақ пошташы барған кезде үйде болмай қалады. Бұрынғыдай пошта жәшіктері жоқ. Ол енді КСК сияқты мекемелердің жұмысы.
— Әңгімеңізге рахмет! Алдағы мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз жана берсін! Дегенмен, поштаның қызметінде көпшілікке түсініксіз сұрақтарымызды келесі сұбхатымыздың еншісіне қалдырайық. Халық ойынан шығатын қызметтеріңіз сәтті болсын!

Құралай Мұсанова
«Алатау»