Нақты қылмыстық жаза қарастырылған

0
33

Өткен жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда дропперлікке қатысты жаңа қылмыстық жауапкершілік заң жүзінде күшіне енді. Бұл – банк шоттарына, төлем карталарына немесе жеке сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу мен оларды пайдалану әрекеттерін қатаң бақылауға алу мақсатындағы маңызды заңнамалық қадам.

 

Дроппер дегеніміз алаяқтардың заңсыз жолмен алынған ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын адам. Олар өз атына банк картасын рәсімдеп, сол арқылы ақшаны аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру жұмыстарын жүзеге асырады. Дропперлер сондай-ақ басқа адамдардың шоттарын пайдаланып, алаяқтық схемаларын іске асырады. Дропперлер – бұл басқа біреудің шоттары, карта деректері немесе құжаттарын пайдаланып, алаяқтар ұрлаған ақшаны алу немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін көмектесетін адамдар. Олар көбінесе алаяқтардың ізін жасыруға және ұрланған ақшаны заңсыз қолдануға арналған.
Дропперлер тікелей алаяқтық емес, бірақ олардың (алаяқтардың) жұмысын қолдап, заңсыз әрекетке қатысады. Сондықтан оларды әдетте алаяқтардың серігі немесе қылмыстық серігі деп атауға негіз бар.Ал егер дроппер тек алаяқтарға көмектесіп, заңсыз әрекет жасап жатқанын білсе, оны алаяқтардың серігі деп атауға болады. Яғни, ол алаяқтыққа жанама түрде қатысады және заң бойынша жауапқа тартылады.
ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 232-1-бапқа сәйкес, енді дропперлік әрекеттері үшін нақты қылмыстық жаза қарастырылған. Демек, оңай олжа табамын деген адамдар мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалап кету де ғажап емес. Мына бір мәселені де есте сақтаған жөн. Осы бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ осы құқық бұзушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қазақстанда дропперлікке қарсы күрес жаңа деңгейге көтеріліп, алаяқтықтың алдын алу бойынша шаралар күшейтілуде. Жастардың, әсіресе студенттердің, алаяқтыққа тартылмауы үшін құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізуде. Өз қауіпсіздігіңізді сақтау және заңсыз әрекеттерге араласудан аулақ болу – әр азаматтың міндеті.
Бүгінде интернет-алаяқтар адамның сенгіштігін, қаржылық сауаттылығының төмендігін және оңай табысқа деген қызығушылығын пайдаланады. Сондықтан банк картасы – жеке құжатыңыз сияқты маңызды қаржылық құрал екенін, оны бөтен адамға беру – өз қаражатыңызға ғана емес, өз болашағыңызға да қауіп төндіретінін қатаң есте сақтағандарыңыз абзал. Бір сәттік жеңіл табыс ұзақ уақытқа созылатын құқықтық мәселелерге әкеп соғуы ықтимал. Ендеше, кез келген қаржылық ұсынысқа сын көзбен қарап, сақтық шараларын сақтау – интернет-алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы болып табылатынын естен шығармаңыздар.

Меруерт ЕСЕЛБАЕВА, Текелі қалалық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы