Жүз жасаған әжелер

0
1836

Қазақта  «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» деген нақыл бар. Екі ғасырдың да өтпелі кезеңін бастан өткеріп, тар жол, тайғақ кешудің талайына куә болған ғасыр  жасаған  әжелеріміздің арамызда  бары көңіл қуантады.  Көктемнің жайма шуақ күнінде сондай  әжелермен жолығып, олардың ғұмырлық тарихынан сыр шерту  бұйырыпты.  Біз тілге тиек еткелі отырған  қос  әже  Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылдық округінде ғұмыр кешуде.  Ұлыстың ұлы күні қарсаңында   жүзге келген әжелерімізбен  жолығып қайтудың  сәті  туды.

      Қазыналы кейуана

 

 «Құрыштан құйған құдіреттей болып төріңде қазыналы кейуана отырса – ол әулет бақытты. Өйткені   «Қариясы  бар үй –қазына» деп атам қазақ тегін айтпаған» –дейді жүз жасқа келген енесі Қалшықан ДОСЕТОВАНЫ   бағып-қағып отырған қарашоқылық Құралай апай.

     Айтуынша, бұл әулетке 21 жасында келін болып түсіпті. Содан бері аттай зулап арада отыз жыл уақыт өткен. Бүгінде Құралай тәтеміз Алла берген бес баланы өсіріп, жеткізіп, жүзге келген қарт енесін әлпештеп, бағып отырған жайы бар.

      «Апам осы  ауылға үлгілі адам болған. Бұл  босағаға келгелі бері апамнан  үйренгенім көп. Атам қазақ айтпай ма, келін деген ертең өзі ене болады деп. Сол айтқандай, ененің мектебінен өткен келін еш жаман болмайды.

     …Алғаш  келін болып түскеннен кейін  біраз жыл іштегі балам туған соң көп өмір сүрмей шетінеп кете берді.  Төртінші рет балалы болғанымызда апам нәрестені әдейілеп ауылымыздың қазіргі әкімі Дина апайдың үйіне ырымдап  апарып, «бала тұрып қалсыншы» деген ниетпен бала   сатып алу рәсімін ұйымдастырып,  немересінің пұлын төлеп, одан кейін ауылдағы  жеті апаның бұтының астынан өткізді. Осы бір қазақтың ырымнан кейін бала тоқтап, одан кейін  тағы  төрт баланы өмірге әкелдім. Сол тұста апам біліп, мұны жасамаса, қалай болар еді?! Аллаға сансыз шүкір деймін.

     Апамыз жас кезінен өте пысық, он саусағынан өнер тамған қолөнердің хас шебері болғанын да ауыл жұрты жақсы біледі. Қандай үйде той, қандай үйде қаралы қаза болмасын апам сол жерден  табылатын. Етін асып қана қоймай,  ең ақыры тамақ  асқан қазанына  дейін жылтыратып жуып кететін   пысық адам болғанын  ел ішінде  әлі күнге  әңгіме етіп айтып жүреді. Бір сөзбен айтсам, көптің алғысына бөленген жан. «Көп тілеуі – көл» деген ғой. Апамыздың жүз жасқа жетуінің бір сыры осы өмір-жолында жақсы адамдардың батасын алып, алғысқа бөленуінен болар деймін.

     Апамыз 97 жасына дейін зыр-жүгіріп, сиырын сауып, майын шайқап, қатығын жасап, нанын жауып  жүрген еді. Жүргенде жылдам жүретін, тіпті қасына ешкім ілесе алмайтын. Денсаулығының  сыр бергеніне үш жылдай болды.  Ал, жолдасым – Әлімғазы марқұмның өмірден өткеніне 17 жылдай болып қалды. Өзім көпбалалы  отбасынан шыққанмын. Отағасы қайтыс болған соң туыстарым көшіріп әкетсек деген еді. Бірақ,  мен кетпеймін дедім. Жалғыз тұяғы ұлы  өмірден өтті. Енді мен кетсем, бұл кісінің жайы қалай болмақ.  Жастайынан құлағы тәуір естімейтін, қазір көруден қалды. Қасына келген адамды сипалап отырып біледі. Түнде осы кісінің қасына жерге төсек салып жатамын. Оянса  бірге оянып, жыласа бірге жылап өмір кешіп жатырмыз. Шынымды айтсам, өзімнің туған анамдай болып кетті.  

      Ауыл әкімдігі әр мереке сайын апамды  арнайы құттықтап, сый-сияпатын жасап жүреді. Апаммен бірге бұл құрметке мені де қосып қойған. Осы орайда   ауыл әкімі Дина Ақбасова апайыма да алғысымды білдіргім келеді –деп ағынан жарылды  Құралай Майлыбаева.

      Бүгінде Майлыбаевтардың отын өшірмей, түтінін түтетіп, жүзге келген енесін балаша  бағып  отырған Құралай  тәтеміздің бұл ісін қарашоқылықтар үлгі етіп, мақтанышпен айтады.  Әлбетте, Құралай тәтеміздің бұл ісі көпке үлге емей не дерсің?!  …Алла берген  немерелерден 5 бірдей шөбере сүйіп отырған Қалшықан әже әңгіме айтудың ауылынан алыстап қалғанымен, қолын жайып, ақ батасын бергеніне қуандық. 

 

«Тау тескен»  әже

 

     Ғасыр жасаған Несіпбала  әжейдің өзі айтқандай: елдің баласы құсап оқымады. Оқымаса да  өмірден көргені мен түйгені  көп екен. Мұны кейуананың   бізге айтқан зейінді әңгімесінен аңғардық. Қалшықан әжедей емес, Несіпбала апамыз сөзге зерек, әнге әуес жан болып шықты.

     «Келген жерім Керей елі болса да, өзім Албанның қызымын.  Райымбек батырдың тұқымы,  Мұқағали ақынның  аталас туысы, былайша айтқанда әпкесі  боламын. Ақын менен бес жас кіші еді.  Үш жасымда қытай асып, отыздан асқан шағымызда  ата-мекенімізге қайта оралдық қой»  деп ағынан жарыла сөйледі  Несіпбала БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.

     1959 жылдың  маусымында Қарашоқы ауылына қоныс теуіп, содан бері тұрып келеді. Мұнда келгеннен кейін  алты жылдай мал баққан. Одан кейін  сол үйдің тіршілігі, бала-шағаның қамымен шаңырақтың түтінін түтетіп, Құдай  берген балаларды тәрбиелеп жеткізді.

     «Шалымның  ана жаққа аттанғалы отыз жылдан асты. Енді өзім артынан барсам ба деймін, бірақ шақырмайды» деп бір күліп алған  кейуана: «Шалыммен  бірге 47 жыл ғұмыр кештік. Құдай берген екі  баламыз болды. Ұлым  өмірден ерте кетті. Қазір осы Таңатқан қызымның қолындамын» –дейді.

      «Біздің заман бүгінгідей болмады ғой.  Наурыз мейрамын тойламадық. Бірақ,  қаңтар мен ақпан соғым айы деп, екі ай ауыл халқы соғымның етін жеп шықсақ, сосын наурызда ауыл болып көже пісіріп, жаяуы бар, аттысы бар түсіп жүріп, тоқтаған үйімізден көже ішеміз.

       Қытайдағы өміріміз  қазақ үйде өтті . Таңнан тұрып, құла таудың басынан жылқыны жинап, қайтар жолда етегіме алманы толтырып қайтатынмын. Содан әлгі алманы дорбаға салып, түскиіздің артына қыстырып  қоятын едім.  Біздің үйге келгендердің бәрі осы үйден алманың иісі аңқып тұрады дейді екен. Бұл  келіншек болған  кезім ғой.

      Ол уақытта қызды жастай ұзататын. Он бес жасымда бөркіме үкі тағып, өлтірісін беріп, алып кетпек болған ғой. Соның арасында қытайдағы Үкіметтің  «он алтыға толмай, қызды ұзатуға болмайды» деген Заңы шығып, тойды тоқтатып қойып, он алты жасымда аттандырды ғой. Ол тұс наурыздың 16-мен 17 күндері еді. Табалдырықтан аттаған тұстың ертеңінде үйдегі үш абысынымның бірі ұл туды. Одан кейін өзімнің енем егіз қыз босанды. Мұнан соң үйдегілер тіптен қуанып, босағамызға құтты келін келді  деп, сол шақтан  «құтты келін, құтты жеңге» атандым. Бүгінде жүз жасауымның сыры елдің алғысы мен батасын алғандығымнан  болар деймін» деп өткені туралы тамаша  естелік айтқан  Несіпбала әжеміз атамыз өзінен бір мүшел үлкен болғанын  айтты.  Болашақ жарының кім, қандай адам екенінін құда түсіп келгенде біліп, бет-жүзін де сол күні көріпті.  

     Әжеміздің айтуынша, бала шақтан ішкені қымыз, шұбат,  жегені тары, қатық, ет болған. Таудың басынан таңқурайды теріп жеп, рауғаш пен қымыздықты да үзбей жеп өсіпті. Бүгінге дейін денсаулықтың сыр бермей, ғасыр жасауы содан болар.

     Әңгімешіл әжей  келіншек кезінде ерлермен  қатар  жүріп,  ауылға су тарту  үшін таудың басына барып, тауды тесіп, су шығарғанын да айтты. «Бұл менің келін болғанда  жасаған ең ауыр жұмысым еді. Одан кейінгі өмірім бие, түйе сауумен өтті.  Бірақ,  «тау тескен «деген атымыз қалды ғой ел ішінде», – дейді.  Ғасыр жасаған  әжей бүгінде немерелерінен шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп отырған жайы бар.


P.S. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде адам өмірінің орташа жасы – 66 жас екен. Бүгінде 100-ге толған қарттардың бар екенін есту біз үшін таңқаларлық жаңалық. Ал  адамдардың өмір жасының ұзақтығы жөнінен Қазақстан соңғы орындардың бірінде тұр екен.


     Сөз орайында Құралай мен Таңатқан тәтелеріміз  апаларының  осындай ұзақ жасауы  адалдығы  мен кеңпейілділігінде жатқан деп есептейтінін айтып қалды. Айтуынша, олар   ешқашан  біреуге таршылық жасап көрген емес. Келген қонағын жылы қабақпен қарсы алып, барын алдына қоя білген. Балаларын да солай тәрбиелепті.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ



ПІКІР ЖАЗУ