Ағаштан түйін түйген

0
2815

Қазақта «ағаштан түйін түйген» деген керемет  теңеу бар. Он саусағынан өнер тамған нағыз шеберлерге берілетін бұл баға екінің біріне қаратылып айтылмайтыны даусыз. Төзім мен шыдамдылықты серік етіп, қарапайым ағашты әдемі бір дүниеге айналдыру нағыз шебердің ғана қолынан келеді. Қазіргі таңда қолөнердің түр-түрімен айналысып, өз ісін өркендетемін деушілерге кәсіп көп. Тек жоғарыда айтылған екі түрлі қасиетті жанына серік етсе болғаны. Әңгімеміз сол темірдей төзім мен болаттай берік шыдамдылықты бойына сіңіріп, бармағынан бал тамған қолөнер шеберлердің бірі  Жеңіс ЫСҚАБАЙ  туралы болмақ.

      «Жігітке жеті өнер де аз». Бұл мақал дәл біздің кейіпкерге арналып айтылғандай. Себебі, жігітке тән түрлі қасиетімен айналасына танылып, талайдың таңдайын қақтырып жүрген ол бір өзі – суретші һәм сәулетші, өзі – фотограф, өзі – ағаш ұстасы. Бұл өнердің барлығы Жеңіс Жұмалұлының  бойынан табылғанымен, бүгінде ұлттық өнерімізді ұлықтап, ағаштан қолөнер бұйымдарын жасауды күнделікті жұмысына айналдырған. Ол – Талғар ауданы, Туғанбай ауылының тумасы. Мамыр айының 9 жұлдызында дүниеге келгендіктен жеңіс күнінің құрметіне орай атасы тұңғыш немересін Жеңіс деп атапты.

      Қолөнер кез келгенге қона бермейді. Оны екінің бірі үйреніп, кәсіп қылып  кете алмайды. Бұл – атадан балаға берілетін ерекше қасиет. Жастайынан суретші болуды  армандап, ағаш жонуды сүйікті ермегі  еткен оның бұл асыл қасиеті атасы Сақбай ақсақалдан дарыған. Соғыс ардагері өмір бойы жылқы бағуды кәсіп еткен. Ұстаның айтуынша,  атасы  – нағыз шебердің өзі болған. Сондай-ақ, ол  адам баласына өнер атадан-балаға  қан арқылы, оның өзінде  бір атадан тараған баланың бәріне емес, ілуде  біреуіне ғана берілетінін айтады. Себебі, өзі бір әкеден ағайынды үш ұл болғанымен өзінен кейінгі екі інісінің бұл салаға аса икемі жоқ екен.  

     – Өзім  немереден ең үлкені болғандықтан атамның баласы болып, көп тәлім-тәрбиесін алдым. Ол кісі өте шебер адам еді. Шынымды айтсам қазірге дейін атамның өрген қамшысындай қамшы көрген жоқпын. Оның қамшы өрудегі ептілігі соншалық, қамшының аяқталған жерін де білдіртпей доғал етіп шығаратын. Сонымен бірге,теріні өзі илеп, өзі өңдеп, қамшыға таспаны өзі тілетін. Атамның қолынан шыққан әрбір дүние мен үшін құды жәдігер іспеттес. Өз қолымен жасаған ер тоқымын қастерлеп әлі күнге дейін үйімде сақтап жүрмін. Шынымды айтсам, атаның баласы болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ екен, – дейді ол.

     Жайлауда малшылар үшін керекті дүниелердің бірі – флюгер. Ол желдің бағытын анықтау үшін таудың биік жеріне орнатылатын аспап. Шебердің қолынан шыққан ең алғашқы қолөнер туындыларының бірі де осы флюгер болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала күннен атасы мен әкесінің жанында ере жүріп, көрген-білгенін шұқылап жасай беруге қызығатын Жеңіс ағаның ең алғашқы өз қолымен жасаған бұйымы әлі күнге дейін есінде. Ол туралы: «жасалуы аса қиын емес сол бір қарапайым ғана дүние мен үшін балалық шақпен байланыстырып тұратын керемет әсерге ие» деп есіне алады.

 

   

     Жеңіс Жұмалыұлы мектеп бітіргеннен кейін «Алматы құрылыс және менеджмент» колледжінде сәулетші мамандығына оқуға түседі. Колледжді тәмамдаған соң, әскер қатарына шақырылып, екі жыл  Отан алдындағы борышын өтеген ол тағы бір  жарым жыл сол жерде қалып жұмыс атқарады. Кейіннен Абай атындағы педагогикалық университтің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алып шығады. Студенттік шағында бала күнгі қызығушылығын  әрі қарай дамытып, қолөнердің қыр-сырын меңгеруіне үлес қосқан жандардың бірі – ұстазы Геннадий Пак болатын.

   «Ресейден білім алып келген Геннадий Борисович есімді мұғалімім өте шебер адам еді. Өз кезінде Дінмұхамед Қонаевқа  қолөнер бұйымын жасап берген. Осы өнердің қыры мен сырын терең ұғынуыма оның тигізген әсері зор. Осы күні жұрттың мені «Жеңіс – шебер» деп тануы атам мен осы ұстазымның арқасы деп ойлаймын», – дейді кейіпкеріміз. 

      Жеңіс Ысқабай тек ағашшылықпен ғана айналысып қана қоймай, басқа да көптеген салаларда: «Алматы ақшамы» газетінде фототілші, кейіннен Алматы облысы әкімінің жеке фотографы болып қызмет атқарып, кейінгі жылдары Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында балаларды фотографияға да баулиды.

 «Адамның жасағанын адам жасайды» дегеннің өзі бекер емес. Тек өзі жасап жатқан дүниесіне деген қызығушылығы мен шыдамдылығы болуы шарт. Сол себепті де, үйренемін деген  әрбір жанға үйретуден жалықпаймын. Мен ешқандай да жаңалық ашып отырған жоқпын. Тек ата-бабамыздан келетін   мұраларымызды жаңғыртып, бүгінгі заманға сай көркемдеп жеткізіп жүрмін деп ойлаймын. Қазіргі таңда жұмысымның ауқымын кеңейтіп, өз шеберханамды ашып жатқан жайым бар», – дейді.

      Жеңіс Жұмалыұлының қолынан бүгінде түрлі керемет дүниелер туындауда. «Жусанның» жаңа шеберханасы ашылып, жұмыс жасап жатқанына аз ғана уақыт болса да, іс қызу қарқынмен алға ілгерілеуде. Бағасын халықтың қалтасына қарай қолжетімді етіп қойған қолөнер бұйымдарына сұраныс пен тапсырыс та аз емес.Ұстаның қолынан қазақтың қарапайым сандығынан бастап, төсекке дейін жасау, керек десеңіз, бөлмені сән салтанаты жарасқан ұлттық нақышта безендіру де келеді.Сонымен қатар, оның ең басты жаңалықтары –балаларға арналған «Zhorgatay» мен «Qua-qua». Біраз уақыттан кейін бұлардың қатары «Дігідік-дігідік» деп аталатын ағаш атпен толықпақ.

«Бұл ойыншықтар балаларды түрлі гаджеттерден арылтып, денсаулығын нығайтуға, спорт түрлері мен ұлттық болымысымыздан алшақтамауға баулиды. Сол себепті де бұлар біздің балалар үшін табиғи әрі таптырмас ойыншық деп есептеймін», – дейді шебер.

     Жеңіс ағаның  алға қойған мақсаттары да айқын. Жұмыс ауқымын кеңейтіп, шеберханадағы заманауи құрал-жабдықтар санын көбейтпек. Қазақтың ұлттық өнерін өрістетіп, жас ұрпаққа ұлағаттап, жаңғыртып отырған алтын қолды шебердің қолынан әлі талай құнды бұйымдар шығарына сеніміміз кәміл.

     Отбасында бірнеше бала тәрбиелеп отырған бақытты әке бүгінде екінші ұлы Марғұланды да барынша осы өнерге баулып жүр. Ұлы да әкесінің айтқандарын жадында сақтап, оның осы бір ерекше шығармашылығын игеруге тырысады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, кішкентайынан әкесінің жанында шеберліктің қыр-сырын үйреніп жүрген 8 жасар Марғұлан да қолынан құрал-сайманы түспей, демалысын шеберханада өткізуді әдетке айналдырған. Өзі тәп-тәуір көмекші. Жұмысына тиянақты әрі ұқыпты қарайды. Шеберханадағы жұмыстарға көп көмегін тигізіп жүрген ол әке жолын қуып он саусағынан өнер тамған шебер болсам деп те армандайды.  Ата-бабамыздың дәстүрлі мұрасын бүгінгі күнге жалғастырушы шеберлерге күннен-күнге сұраныс та артып келеді. Себебі, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағандармен қымыз-қымыранын құйып, астау сынды табақпен ас әкелу, ағаштан жасалған түрлі кәде-сыйларды бір-біріне сыйға тарту бұрынғы дәстүріміздің жалғасы ретінде бүгінгі күні үрдіске айналған. Сандық, кебежелерді әспеттеп төрге қойып, қасиетті қара домбыра мен қамшыны қастерлеп іліп қою да – соның айқын айғағы. Атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлеріміздің ісмерлігін жалғаушы ұрпақ бүгінде некен саяқ. Ал олардың абыройын асырып, қадірін көтеруге ел болып барынша атсалыссақ,  нұр үстіне, нұр болар еді.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:КЕЙІПКЕР


ПІКІР ЖАЗУ