ҚЫЗЫҚ КҮНДЕР БАСТАЛМАҚ

0
35

Жетісудың жауһары саналатын Талдықорған қаласы биыл да жазды ерекше сән-салтанатпен қарсы алмақ. Өткен жылы облыс орталығында ұйымдастырылған Summer TDK – 2025 «Жаздың қуаты» жобасы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс алаңына айналғаны көпшіліктің есінде. Жаз бойы қалалық жағажай маңында апта сайын өткен ойын-сауық кештері, спорттық сайыстар мен музыкалық бағдарламалар талай жанға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған еді.

Аталған бұл игі бастама биыл жаңа серпін-мен жалғасын таппақ. 30 мамыр күні сағат
12:00-де қалалық жағажайда Taldyk Summer: «Тірі жағалау» атты жазғы маусымның басты ашылу фестивалі өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек концерттік бағдарлама емес, қала тұрғындарын біріктіретін үлкен мәдени-демалыс алаңына айналмақ.
Фестиваль күні жағалау аумағы жаздың жарқын бояуына бөленіп, қонақтарды таңнан кешке дейін ерекше атмосфера күтіп тұр. Әсіресе балаларға арналған ойын-сауық аймақтары кішкентай қонақтардың шат күлкісіне толмақ. Түрлі аниматорлар мен көңілді сайыстар тұрғындарға ұмытылмас әсер сыйлайды.
Белсенді өмір салтын ұнататындар үшін де қызық аз емес. Қонақтар SUP-доска тебу мүмкіндігіне ие болып, түрлі спорттық сайыстарға қатыса алады. Жағалау бойында ұйымдастырылатын үлкен фестивальдік квест жастардың қызығушылығын арттырып, командалық рухты күшейтпек.
Күн бойы жағалауда жанды музыка шырқалып, жазғы кештің сәнін келтіретін ерекше көңіл күй орнайды. Сонымен қатар фестиваль аумағында фудкорттар мен гастроаймақтар жұмыс істеп, келушілерге түрлі дәм мен заманауи көше тағамдарын ұсынады.
Шара барысында түрлі байқау ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы жазғы мерч (логотипі, ұраны мен дизайны бар жазғы киімдер мен аксессуарлар жиынтығы) табысталады. Ал кешкі уақытта көпшілік асыға күтетін ауқымды концерт басталып, сахнаны өнер адамдары жандандырады.
Жаздың алғашқы шуақты күндерін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, жағалаудағы ерекше атмосфераны бірге сезінуге асығыңыздар. Табиғат аясындағы әсем кеш, жанды музыка мен мерекелік көңіл күй әр қонаққа ұмытылмас әсер сыйлайды. Қаратал шағын ауданындағы қалалық жағажай маңында өтетін жазғы маусымның басты мерекесінде жақындарыңызбен бірге кездескенше!