Жұмыссыздарға төленетін төлемақы

0
16

               Елімізде болып жатқан әлеуметтік саладағы өзгерістерге, жаңа ережелер мен заңдарға, жасыратыны жоқ, біз көбіне немқұрайдылықпен қараймыз. Жұмыссыз жүрсек те, қысқарып қалсақ та «е-е-е, таңғы нәсіп тәңірден» деген қазақылығымыз ба, немқұрайдылығымыз ба, жүре береміз. Бұл әсіресе, ер адамдарға байланысты дер едім. Жұмыссыз қалса да бала-шағаны асырауды әйелге жүктеп, диванда смартфон қарап жата беретіндер бар. Жақында сондай отбасында әйелдің күйеуін үйден қуып жібергенінің куәсі болуға тура келді… Айтайын дегеніміз, ең құрығанда жұмыссыз қалғанда не істеу керек екенін білмейтіндер үшін мына жаңа тәртіпті оқып біле жүрсін деген мақсатта Еңбек министрлігінің жаңа тәртібін назарларына алсын деген ниетпен жариялап отырмыз.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді. Ең төменгі жалақының өсуіне байланысты жәрдемақының ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғайып, оны алу мерзімі 3 аймен шектеледі. Еңбек министрлігі төлем алудың жаңа алгоритмін түсіндіріп берді.

Бірінші қадам – «Мәнсап» орталығына жүгіну

Министрлік жұмыстан айырылып қалған жағдайда ең алдымен мәнсап орталығына жүгінуді ұсынды.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.
«Осы уақыт ішінде мәнсап орталығының мамандары кәсіби тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды жан-жақты зерделейді. Содан кейін өзіңізге лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады», – деп хабарлады министрлік.

Екінші қадам –  жұмыссыз мәртебесін алу

Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, сізге ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Мәнсап орталығы сізге лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болса, мамандар кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқудан өтуді ұсынады.

Үшінші қадам – әлеуметтік төлемге өтініш беру

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтініш бере аласыз.
Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Ұялы телефоныңызға келген SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті де пайдалана аласыз. Бұдан бөлек, мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып, өтініш бере аласыз.
Әлеуметтік төлем алуыңызға қарамастан, мәнсап орталығы сізге лайықты жұмыс іздеуді жалғастыра береді.

Төртінші қадам –
төлемнің мерзімі мен мөлшерін есептеу

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлем алу мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліңізге байланысты және 3 айдан аспайды.
Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табысыңыздың 45 пайызын құрайды. Есепке алынатын орташа айлық табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспайды.
Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.  (дереккөз : Курсив кз.)

Міндетті әлеуметтік сақтандыруға да мән беріңіз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік сақтандыру жүйесі – ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар үшін тұрақтылықтың басты кепілі. Бұл туралы 2026 жылғы 23 қарашада министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатыр. Нақты айтқанда 7 миллион қазақстандық әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылған; жыл сайын 1,3 миллионнан астам адам әлеуметтік төлемдер алады; әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде сақтандырылған қызметкерлерге жыл сайын 900 млрд. теңгеден астам қаражат төленеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) азаматтарды мынадай әлеуметтік тәуекелдерден сақтандырады:
Еңбек ету қабілетінен айырылу. Егер жұмыс істейтін азамат денсаулық жағдайына байланысты еңбек ету қабілетінен айырылса, Қор оған зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ай сайын әлеуметтік төлем тағайындайды.
Асыраушысынан айырылу. Отбасының асыраушысы қайтыс болған жағдайда Қор оның балаларына кәмелет жасқа толғанға дейін (күндізгі оқу нысанында білім алған жағдайда 23 жасқа дейін), сондай-ақ басқа да асырауындағы адамдарға қосымша қаржылық қолдау көрсетеді.
Жұмысынан айырылу. Жаңа жұмыс іздеу кезеңінде азамат екі бағыт бойынша қолдауға ие болады: жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін Мәнсап орталығы оған бос жұмыс орындарын ұсынуға және тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін көмектеседі. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор бұрынғы жалақысының 45%-ына дейінгі мөлшерде үш айға дейін әлеуметтік төлем төлейді. Бұл азаматқа жаңа жұмыс табуға және тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндік береді.
Ана мен баланы қолдау (жүктілік және босану, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты). Болашақ аналарға жалақысына сәйкес келетін әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Ал бала дүниеге келгеннен кейін оның бір жарым жасқа толуына дейін ай сайынғы төлемдер төленеді.
Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу тәртібі барынша жеңілдетіліп, цифрландырылған. Егер азаматтың табысы туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорларда болса, төлемді eGov.kz порталы немесе SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті пайдаланып, қашықтан рәсімдеуге болады. Қажет болған жағдайда ХҚКО-на да жүгіну керек. Бүгінде мұндай цифрлық тәсілдердің көмегімен көрсетілетін қызметтердің 80%-ға жуығы электрондық форматта ұсынылады. Азамат ресми түрде жұмыс істеген кезеңде ол үшін Қорға әлеуметтік аударымдар түсіп отырады. Жалдамалы қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші жалақыдан ұстамай, өз қаражаты есебінен төлейді. Ал кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар аударымдарды өздері аударады.

Баян Таңатарова

«Алатау»