Бағбан әйел

Шынғожанова Нұртай Уалиқызы 1948 жылы Сарқан ауданы Алмалы ауылында дүниеге келген. ҚазПИ-дің хим-биология факультетінің түлегі, еңбек өтілі 40 жыл. Талдықорған қаласы Ардагерлер Кеңесі мүшесі, Ғарышкер шағын ауданының Ардагерлер төрайымы. «Үздік аула» байқауының жеңімпазы. Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының қамқоршысы. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша қала мектептерінің кеңесшісі. «Қазақ тілі» қоғамының мүшелігінде жүріп, Қойлықтағы көше аттарын қазақшалауда еңбек сіңірген. Қала мүшәйраларындағы жүлделі орындардың, көптеген «Алғыс хат» иегері. Екі қыз, бір ұлдың анасы, алты немеренің апасы. Бірнеше жинағы жарық көрген ақын.
Бағбан әйел
(Кенжехан Рақыштың арнауы)
Біздің аула гүлбағымен нұрланды,
Алау гүлдер таңсәріден гүл жарды.
Қызылы бар, аппағы бар, сарысы,
Көзді ұялтып, күлімсіреп тұр бәрі.
Гүлге оранған бағбан әйел Нұртайды,
Көрші тұрғын пейілдене құптайды.
Ертелі-кеш гүлазарды суарып,
Өзі-дағы сол гүлдерге ұқсайды.
Өскіндермен безендіріп ауланы,
Тыным таппай айналаны барлады.
Бойлап өсті отырғызған көшеттер,
Үйіміздің жасыл желек жан-жағы.
Елгезек жан бәлсінуді білмейтін,
Достары көп «Біздің үйге кір» дейтін.
Деген осы – «Жаттығы жоқ жақсының»,
Көре алмаған сөз таппайды күндейтін.
«Ғарышкерде» бес қабатты екі үй бар,
Жолай өтсең, көкейіңе тоқи бар.
Мекен-жайы – отыз бір мен отыз үш,
Мақтан етіп айтпағымыз осылар.
Арнау
(М.Мақатаевқа)
Айтайын мен ақтарып, тарих сырын
Паш етіп көрсетейін оның қырын.
Өмірде адамдар бар құдыретті,
Ән-жырмен сусындатқан, беріп білім.
Отыз бірдің қысында Қарасаз жері түрленді,
Сүлейменнің үйіне ел қуантып ұл келді.
Тұңғыш ұлы болған соң, мәз боп ата-анасы
«Қайсар, қайтпас болсын» деп тиді елдің батасы.
Ерен еңбек иесі — ата-анасы ер, епті,
Баласы да білім ап, елгезек боп ер жетті.
Азан айтып қойғаны Пайғамбардың есімі ед,
«Ауыр ғой, — деп, — балаға», атын кейін өзгертті.
Мұқағали атанды жап-жас бала,
Қарасаздан шыққан ұл болды дара.
Қиын-қыстау кездерден көп өтсе де,
Мұқалмады жігері, сезім, сана.
Сезім серпіп жазды ол қолы тала,
Түстерге еніп түрленді сай мен сала.
Жырларынан мыңдаған ән туыпты,
Ақиыққа айналды аты дара.
Қысқа болды ғұмыры, бергені – көп,
Жырға айналған халқынан тергені тек.
Сезім толы ән-жырды тыңдағанда
Жүректердің пернесін басады дөп.
Елінің ерен ұлы, ақтаңгері,
Таныды арттағы жас ұрпақ сені.
Тоқсан жылдық биылғы құтты болсын!
Пір тұтып көтеруде халқың сені!
Әкем Уәлиге
(арнау)
Асыл әкем, асқар тауым, ардақтым,
Ақыл қосып, тірек болған, жан-жақтым.
Келді, міне, Жеңіс күнгі мерекең,
Аунап түсші, құран тиіп, салмақтым.
Өмір жолың кейде түзу, бұралаң,
Көңілім пәс, әлі де бар бір алаң.
Ұлдарыңыз есіміңді өшірмей,
Жалғасты өмір, осыған мен қуанам.
Суретіңмен үнсіз ғана тілдесем,
Ойға батып, сағыныштан жүдесем,
«Қызым» деген үнің келер құлаққа,
Медет етіп аруағыңды күн кешем.
Жылда барам, бейітіңнің басына,
Немерені ертіп алып қасыма.
Өзіңменен өткен күнді еске алам,
Мұңым шағып, ерік берем жасыма.
Ақтадым ба, сеніміңді, үмітті,
Кім біледі, жағдайымды кім ұқты?
Аруағыңмен қолдай берші тек өзің,
Ұрпағың да шайқамасын тұнықты.
Асыл әкем, пана болған тірегім,
Туған болса өлу де – хақ, білемін.
Жайлы жатшы топырағың жеңіл боп,
Ұрпағыңа тек амандық тіледім.
Сексен жылдық, Жеңіс күні – мереке,
Өзің жоқсың, тойлар елің, жан әке.
«Мал қалғанша, тал қалсын» деп айтушы ең,
Отырғыздым сексен дана тал әкеп.
Осы ағаштар сая болсын басыңа,
Сен жаққа мен бара алмаймын асыға —
Жұма сайын жеті нан бар салатын,
Күтім жасап жүрейінші тасыңа.
Тағдырымның қалауы
Елмарым, тағдырымның қалауындай,
Шырақ бердің жанған от алауындай.
Қырық бір жыл жаныма шуақ бердің,
Желбіреп пәк сезімнің жалауындай.
Жан-жарым – жаратқанның марапаты.
Өмірдің қызық жерін аралатты.
Ырысты, ынтымақты болып едік,
Кеттің де жүрегімде жара қапты.
Кете бардың артыңа қарайламай,
Үйде қалған жарыңа алаңдамай.
Еш шара жоқ, аңырап қала бердім,
Бұл өмір болып кетті қалай, қалай?
Айрылып сенен қалай жаным қалды?
Дүлей азап не үшін жанын салды?
Сен барда төрт құбылам түгел еді,
Болып жүрмін бүгінде жарымжанды.
Жанымның қыл пердесін сезіп өттің,
Өрлеген өмірімді езіп кеттің.
Нұр шашқан өткен күнді ойлағанда,
Келеді бұл дүниеден безіп кеткім.
Күн туды қара басқа ала-бөтен,
Мәреге жарты жанмен қалай жетем?
Қызық пен бақытқа енді оранғанда
Жарымды бөліп-жарып ала ма екен?
Болды ғой он алты жыл көрмегелі,
Ел-жұртқа сен батаңды бермегелі.
Еңбекпен өріліп ең бала үшін,
Жемісін сол баланың термегелі.
Жан жарым, өзге жаннан ерек едің,
Сабырлы, елге сыйлы, зерек едің.
Талғамың ісіңменен үлгі болған
Әр ісің сап ауадай, керек едің.
Алаңмын, сені келіп қала ма деп,
Күтемін, «Қақпамызды қаға ма?» — деп.
Тиеп ап көлігіне сәлем-сауқат
«Ұл-қызға құстай ұшып бара ма?» — деп.
Тілеймін жатқан жерің жайлы болсын!
Мәңгілік мекеніңе шуақ толсын!
Жалғайтын өміріңді үш қарғаңның,
Өмірі баянды да ұзақ болсын!
Еліміз бір, ол – Қазақстан
Жерімде Тәуелсіздік атып таңы,
Желбіреді елімнің көк Байрағы.
Аз жылда асуларды бағындырып,
Орындалды елімнің көп арманы.
Жерім бай жеміс-жидек тұнып тұрған,
Досым көп әрбір ұлттан келіп тұрған.
Қара, ақ, сары, қоңыр болсақ-тағы,
Елім бір, ол – біздің Қазақстан.
Көп ұлтты елім тыныш, ашық аспан,
Нұр төккен жан-жағына көгім – дастан.
Еліммен мақтанамын егеменді,
Ерлерімді пір тұтам үлес қосқан.
Мың алғыс көш бастаған ағаларға,
Ақылмен ой өрбіткен даналарға!
Соңынан ұмытылмас із қалдырды,
Аманат болашақта балаларға!
Жайнай бер, көгере бер, елім менің!
Биікте желбіресін Туың сенің!
Астығың бітік шығып, мал мыңғырып,
Бақытты ғұмыр кешсін жеріңде ұлың!
Тәуелсіз елде тұрамын
Жетісу – менің тұрағым.
«Бейбіт өмір» — ұраным.
Тұнып тұрған Жерұйық –
Талдықорғанда тұрамын.
Жерім бар табиғаты жайнап тұрған.
Құстары ертеңгілік сайрап тұрған.
Ұлдар – ер, елім азат, мықтымыз біз,
Еңбектен бақыт тауып, сайран құрған.
Жерімнің қазбалары болған дастан.
Болсыншы мәңгілікке ашық аспан!
Тауы бар, жазығы бар, құм-шөлі бар –
Жерұйықты ата-бабам қорғап баққан.
Ұрпақтың текті екен шыққан жері,
Жайнаған ауыл, қала, момын елі.
Жетімін жылатпаған, жесірін де
Қаңғытпай тарлан елім ұстай білді.
Жастарым көп талапты дара туған,
Құрыштай қорғасыннан жаратылған.
Халқыма қауіп төнсе, (аулақ болсын),
Жұмылып, жұдырық боп қарсы тұрған.
Жалғассыншы ұлы істер –
Тәуелсіздік тынысы!
Бейбіт елім – жұмыскер,
Арта берсін ырысы!
Нұртай Шынғожанова, зейнеткер









