Жақсылық жасау жалғасуда

0
1653

 Ел көлемінде өткізілген «БІЗ БІРГЕМІЗ» Республикалық акциясы Алматы облысының барлық аудан-қаласында жалғасуда.  Мақсат – өңірдің аз қамтылған, көпбалалы, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету, қиыншылық уақытындағы мемлекет қамқорлығын азамттарға сезіндіру.

«Біз біргеміз» республикалық акциясын Алматы облысы 19 наурыздан 5 сәуір аралығында «Nur Otan» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдарының бастамасымен қолға алған. Осы игілікті іске «Jas Otan» жастар қанатының жастары мен еріктілері тартылды. Аз уақыт аралығында  140 миллион теңгедан астам қаржы жиналып, азық-түлік және жеке гигиена заттарын сатып алу үшін жұмсалды. Облыс көлемінде 12 мыңнан астам адамға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар таратылды. «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалы Кербұлақ ауданында 200 ден астам отбасыға азық-түлік таратты. Аталмыш шараға Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев қатысып, қиыншылығы бар отбасыларға Елбасының ыстық сәлемі мен партияның қамқорлығын жеткізді.

Сонымен қатар билік партиясы ардагерлерді  Жеңіс күні  мерекесімен құттықтады. Жеңістің 75 жылдығына байланысты республика көлеміндегі жеңіс жалауын желбіреткен ардагерлерге құрмет көрсету шарасы облысымызда бір  ай бұрын басталған болатын. Болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа тосқан ҰОС жауынгерлеріне құрмет «Біз біргеміз» республикалық акциясында да көрініс тапты. Көзі тірі, өткен өмірі өнегеге толы қариялар жас буынға қазір де өз білген ақылымен бөлісіп отырады. Сондай ардагердің бірі Көксу ауданының Құрметті азаматы Николай Огнев пен Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Иван Ковалев. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жөргенбаев ҰОС ардагері Николай Огневтің үйіне барып ақсақалды мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде Н. Огнев мемлекеттің ардагерлерге көрсеткен көмегіне ризашылығын білдірді.

 «Біздің жастық шағымыз сұрапыл соғысқа дөп келді. Бес жыл бойы қан майданда фашистердің көзін жоюға тырыстық. Осы жолда қаншама боздақтарымыздан айырылдық. Біздің тірі жер басып жүргеніміз солардың арқасы. Мемлекеттің біз сияқты ардагерлерді ұмытпай қалымызды  біліп, көңілімізді сұрап тұрғанына қатты қуанамын. Қартын қадірлеген елдің болашағы зор. Осындай қиыншылық уақытта көмек көрсетіп жатқандарыңызға алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді майдангер қарт.

Екінші бір соғыс ардагері, Кербұлақ ауданындағы көзі тірі жалғыз майдангер Иван Ковалев. Ол соғыс даласында ерліктің ерен үлгісін көрсете білген қарт жауынгер. Ковалев тізгіндеген ұшақ неміс армиясына талай мәрте әуеден соққы жасаған. Осындай батырлығының арқасында «Германияны жеңгені үшін», «Ерен ерлігі үшін» ордендерімен және «Жуков медалімен», «Соғыс ардагері» медалімен марапатталған. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жөргенбаев соғыста көрсеткен батылдығы үшін ардагерге алғысын жеткізіп, гүл шоқтарын тарту етті.

– Ардагерлер біздің құрмет тұтатын тұлғаларымыз. Олардың ерлік істері тарихта мәңгі қалады. Партия тарапы бұдан бұрын да оларға көмектесіп келді, бұдан былай да жалғасты көмек көрсетіліп тұрады», – деді партия өкілі.

Кездесуде партияның аудандық бастауыш партия ұйым өкілдері мен бір топ жас еріктілері болды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кілтсөздер:#BizBirgemiz


ПІКІР ЖАЗУ