Кәсіпкердің көмегі

0
2017

 Алматы облысында кәсіпкер төтенше жағдайға байланысты табыссыз қалған, күнкөрісі төмен 500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Қайырымдылық керуені» атты ауыр жүк көліктері облыстың үш ауданына бір апта бойы азық-түлік  тасыды. Алғашқы көмек  Ақсу ауданының әлеуметтік тұрғыда әлжуаз 200 отбасына теңдей бөліп берілді.

Осындай қиын кезде  елдің жайын ойлап, қолұшын берген атымтай азаматқа ауыл тұрғыны Бикен Баетова  аналық алғысын білдірді.

«Басқа түскен қиыншылық кезінде ауылдан шыққан азаматтар елін ұмытпай, халыққа көмегін беруде.  Осыншама азық-түлікті сатып  алуға  әркімнің жағдайы келмейді. Сонау Алматыдан  мол дүние келеді деп ойламаппын. Осыны ойлап, көмек берген  Молдияр Нұрбаев деген азамат екен. Ауыл тұрғындары  атына алғысымды білдіремін» –дейді.

Бұл  өнімдер  әр отбасы үшін бірнеше айға жетеді. 50 келі ұн, 25 келі күріш, 25 келі қант, 10 келі макарон,  5 литр күнбағыс майы мен 1 келі шайы тағы бар. Әр отбасына жалпы жиынтығы 116 келіден астам азық-түлік таратылды.

Алыстан   жеткен аманатты алғандардың қатарында  жасы  тоқсанды   еңсерген  Биғайша Машанова да бар. «Жастар бұндай қауіпті, қиындықты көрмесін. Дерт келмесін. Қазір мына ауру қиын болуда. Күндіз-түні халым аман болсын деп уайымдаймын. Жастар жұмыс таппай қалғанда бұл елге әжептәуір көмек болады. Елін ойлаған азаматтар аман болсын», – деген әже ақ батасын  берді .

Алматыдан жеткен азық-түлікті аудан әкімдігі қабылдап,  жасаған тізім бойынша тұрғындарға таратты. Ал ақсулықтар ауылдан 25 жыл бұрын кетсе де  елін ұмытпаған кәсіпкер  Молдияр Нұрбаевтың бұл ісіне дән риза.

Ол өткен жылы  өзі оқып, білім алған, 54 жыл күрделі жөндеу көрмеген Мамания мектебін толықтай жаңартқан еді. Сонымен қатар қажетті техникалық жабықтардан бөлек   білім ошағына автокөлік те алып  берді.

Бұл тұста Ақсу ауданы ардагерлер алқасының төрағасы Арнай Амантаев: «Өткен жылы ауыл халқы бау-бақшасын суарсын, қиналмасын деп Молдияр Қылшықұлы халыққа 7 шақырым жерден су арнасын тартып берді. Сондай-ақ, алаштың  ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай  аудан орталығынан ақынның алып ескерткішін тұрғызды. Бүгін міне төтенше жағдай кезінде халыққа тағы қол ұшын берді. Үлкен-кішінің атынан алғыс айтамыз», – дейді.

Осындай қайырымдылық көмек  Жамбыл  мен Талғар аудандарының тұрғындарына да  жіберілді.  Күн көрісін Алматыдан тауып жүрген тұрғындар  карантинге байланысты қалаға келе алмай, табысынан айырылған.  Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде тұратын Айнагүл есімді ананың 8 баласы бар. Сүт сатумен ғана күн көріп жүрген көпбалалы ана  азық-түліктің бірнеше айға дейін жететінін айтып, қуанды.

«Жамбыл ауданына қарасты таудың түбіндегі Сұңқар деген 5-6 ғана үйі бар бөлімшеде тұрамыз. Мөшектеп берілген күріш, қант ұн бізге бес-алты ай азық болады. Үлкен баламыз енді 18 жасқа толса, кішіміз небары  5 жаста. Алғысымыз шексіз. Ораза айында осындай игі істі жасаған Молдияр ағамыздың отбасына амандық тілеймін.  Алланың нұры жаусын», – деген ризашылығын жеткізді  көпбалалы ана.

Ал қайырымдылық керуенін ұйымдастырып, қайырымды іс жасаған меценант Президенттің бастамасын қолдап, көмек қолын созу  қазіргі таңда аса  қажет деп есептейді.

«Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы  карантин кезінде халыққа бірнеше рет үндеу жасады. Вирустың қауіпті екенін, халыққа қиын соғып  жатқанын түсіндірді. Мемлекетті дамыту жолында ел азаматтарына үміт артатынын алғашқы жолдауында да айтты.

Қолында қаржысы бар  әр азамат  қолдан келгенінше  көмек қолын созу керек деп есептегендіктен, 60 тонна азық-түлікті алып, таратып беруді жөн санадым. Мемлекет басшысы қандай тапсырма берсе де орындауға тырысамын.  Шын мықты мемлекеттен көмек сұрай бермей, елге қызмет қылуы керек», –  деп ағынан жарылды  Алматы облысы «Газ шаруашылықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Молдияр Нұрбаев.

Жасы жетпістен асса да аттан түспеген кәсіпкер ағамыз мұнан өзге Алматының  Наурызбай  ауданындағы және қалаға іргелес  жатқан елді мекендердегі жүз отбасына да қолұшын созып, көмек көрсетті.  Сондай-ақ, елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты  өзі басқаратын компаниядағы  әлеуметтік жағдайы төмен  117 жұмысшының әрқайсысына 45 мың теңгеден қосымша  ақшалай көмек берген.

Осы уақытқа дейін елдің жайын ойлап келетін меценант  Молдияр Нұрбаев Талғар, Қарасай және Наурызбай аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Мұнымен қоса  кәсіпкер компаниядағы 300-ге тарта  жұмысшыны күнделікті тегін түстендіруде.

С.ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:#BizBirgemiz


ПІКІР ЖАЗУ