Қазақтың тілі қашанғы қағажу көреді?

0
2538

Мемлекет болып қалыптасқан 30-жылдың ішінде қазақ тілі төрден ойып  орын  ала алмады. Мың жерден қазақ мектептерімен балабақша санын көбейтіп, тіл орталықтарының жұмысын жандандырсақ та ана тіліміз орыс тілінің көлеңкесінде қалды.

«Қазақстан көп ұлтты мемлекетпіз» деген желеумен, мемлекттік қазақ тілімен ресми тіл орыс тіліне ата заңнан ойып тұрып орын  беріп, қазақ тілімен қосақтап  қойғанымыз ұлт тілін ұшпаққа шығармады. Міне, соның зардабын күні бүгінге дейін тартып келеміз. Тәуелсіздік  алған жылдары «бар жоғы 40 пайызбыз, өсейік-өнейік,  айғайламайық, аттандамайық, көршімен тату болайық, қабағына кірбің түсірмейік, экономикамыз қалыпқа келгенде ұлттық тіл де түлейді»деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Орыс тілінің шылауында кетіп, мінберлерден ресми тілде сайрадық. Түрі қазақ, тілі орыс шенді-шекпенділер ана тіліне адырая қарады. Іс қағаздың барлығы, қылаяғы ауыл кеңселеріндегі құжаттар да ресми тілде толтырылды. Бозторғайдай шырылдаған ұлт зиялылары қол жинап, Елбасыға дейін хат жазды. «Жартасқа бардым айғайды салдым, одан да шықты жаңғырық» деп Абай дана айтқандай,  жаңғырығымыз жер жарғанмен,  ана тілмізге қуат бітіре алмадық.  ХХ-ғасырда  Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастап,  үш бәйтеректің бірі де бірегейі Сәкен Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің  төрағасы болып тұрғанда, қазақ тілін, мемлекеттік тілге, кеңсе тіліне айналуына бар күшін салды. Ол ойларын жүзеге асырды. «Тар жол тайғақ кешу» заманында ана тілдің мәртебесін көтерген арыстардың ерен ерлігін, тәуелсіздігін  қолына алған Қазақ мемлекеті әлі күнге дейін іс қағаздарын толықтай мемлекеттік тілге көшіре алмай отыр.  Өткен ғасырда ала-сапыран заманда ұлттың  жоғын-жоқтап, мұңын мұңдаған Алаш көсемдерінің көзсіз ерлігіне қайран қаласың. Себебі, ол дәуірде ормандай орыстың қол астында тұрып, кеңсе қағаздарын қазақ тіліне көшіру туралы шешім қабылдау, ұлт үшін басын бәйгеге тіккен арыстар, нағыз арыстан жүректі тұлғалар еді. Ал, тәуелсіздік тізгіні қолына тиген Қазақстанда, үш рет кеңсе қағаздарын кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру туралы шешім шағарған-ды. Алайда, одан кеңселердегі мемлекеттік тілдің көсегесі көгеріп-көктеп кеткен жоқ. Қағаз жүзінде шығарылған шешім іс-жүзінде жүзеге аспай, аяғына жем түскен тұлпардың күйін кешті. Республика бойынша, 2007 жылы  Алматы облысы бірінші болып кеңсе қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді.  «Әп, бәрекелді,  енді мемлекеттік тілдің аясы кеңитін болды» деп бөркімізді аспанға аттық. Барлық облыста тіл басқармаларында ана тілге жанашыр азаматар отырды. Басқасын айтпағанда,  Алматы облысында Тіл басқармасын 2005-2009 жылға  дейін басқарып, кейін Нұр-сұлтанға қызметке ауысып, қайтып келіп,  тіл басқармасын басқаруды  қайта қолына алған Ахмет Кендірбек қыруар шаруаны жүзеге асырды. Мемлекеттік тілдің аясында алуан түрлі шараны жүзеге асырды. Кеңселерде  мемлекетік тілде тұралап қалған іс қағаздарына  мораторий жүргізіп, кежегесінен кейін тартып  отырған мекеме басшыларын әкімдік жиындарда сын тезіне алып, сан баяндама жасағанын көзбен көрдік. Сол кезде облысты басқарған Шалбай Құлмаханов та, Серік Үмбетов те, Ахмет Кендірбекке бар мүмкіндікті жасады. Алайда, кеңселердегі іс қағаздарының өрісі ұлғаймады. «Мемлекеттік тіл, Мемлекеттік тіл» деп жан ұшырғандардың барлығының үндерін шығармай, кейбіреулерін қызметтерінен айырған   ақ үйдегілер мен әкім-қаралар, қазақтың байлығын қалтасына басып  шетелге қашып кеткен жездеміз «Храпуновша» сөздің басын «Ассалаумен» бастап, баяндама жасағанда ресми тілде су төкпеген жорғадай бүлкілдеді. Іс қағаздары да  ресми тілде толтырылып,  орыс тілінің мейманасы тасыды. Елбасы Нұсұлтан Назарбаев: «Екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлесіңдер» десе де  жиындарда залда 99 пайыз қазақтар отырса да,  қазақ тілінде қысқаша ақпарат беріп, орыс тілінде осқырынған жылқыдай, тілі тісіне тимей сайрайтын шенділердің бойында әкесінің қаны, Алланның берген жаны, анасының ақ сүті дарыса да ана тіліне неге сонша боркемік болды екен деп қынжыласың. Заңды, адамдардың құқығын қорғайды деген құқық қорғау органдары прокуратура, полиция, соттардың жиындарына барсаңыз да басымдылық ресми тіл орыс тіліне берілген. «Жетім қозы, тас бауырдың» күйін кешкен қазақ тілі өз елінде өгей бала сияқты.

Алматы облысы әкімдігінің   2005 жылы 14 сәуірде №83 қаулысы негізінде  Мемлекеттік тілді оқыту орталығы Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанынан құрылған-ды. Одан бертінде  атауы өзгеріп, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылып, аудандық қалалық 9 филиал ашылды. 2019 жылы 19 аудандық, қалалық филиалдар жұмыс істей бастады. Бір қарағанға мемлекеттік тілді, оған қоса ағылшын, орыс тілін үйренміз дегендерге бар мүмкіндік жасалып жатқаны да жасырын емес-ті. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 869 тіл үйренуші қабылданған. Соның 173-і мемлекеттік, 602-і бюджеттік сала қызметкерлері  болса, 94-і  жеке тұлғалар екен. Енді осылардың ұлттық құрамына зер салсақ, 415 қазақ, 45-і  этнос өкілдері. Оқытылған топ саны 75, сертификат алғандар 136, куәлік алғандар — 435, анықтама алғандар саны 25. Ағылшын тілі курсына 462 тыңдаушы қабылданған. Олардың 143-і мемлекеттік қызметкер, 272-і  бюджеттік сала, ж 47-і жеке тұлға. Ұлттық құрамы  433 қазақ,  29 этнос өкілдері. Байқап отырсақ,  мемлекеттік тілді меңгеруге 415 қазақ келген. Енді осылардың арасындағы мемлекеттік салада қызмет атқарғандар өз ана тілін қаншалықты меңгеріп шықты. Курстан кейін, өз беттерімен, қазақ тілін жетілдіре алды ма ма, жоқ па? Мәселе сонда. Биылғы  жылдың жарты жылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсына 424, ағылшын тіліне 225, орыс тіліне 14 тыңдаушы дәріс алуда.  Жыры мен мұңы бітпеген мемлекеттік тілге тұмсықтарын шүйіре қарап жүрген өзіміздің қазақтың  шепенді би шонжарлары. Бәріне бірдей топырақ шашудан да аулақпыз. Мәселен, Бердібек Сапарбаевты ерекшелеп айтуға болады. Ақтөбе облысына әкім болып барғанда, Қытай компанияларының басшыларына тілмаш арқылы Қазақстанда мемлекеттік тілге үстемдік берілгенін, оған құрметпен қарау керектігін нығарлап тұрып айтқан-ды. Тапсырма беріп,  оның орындалуын өзі қадағалады. Сол Бердібек әкім Жамбыл облысына келгенде жол салып жатқан қытай компаниялары мекемелерінің маңдайшаларына қытай тілінде жазып қойғанын көріп, дереу мемлекеттік тілде жазылуды талап етіп, әрі жергілікті жұмысышылардың жалақысын қытай жұмысшыларымен бірдей теңестіруін міндеттеді. «Тағы бір айналып келгенімде бәрі мен талап еткендей болсын, бұл қазақ мемлекеті» дегеніне жаның сүйінеді. Мемлекеттік қызметтегі әрбір шенді-шекпенді өз ана тіліне, мемлекеттік тілге Бердібек Сапарбаевтай қараса, қазақ тілі қағажу көрмес еді. Парламент мінберіне шығып, депутаттар алдында мемлекеттік тіл аясында сақау баланың күйін кешкен талай шендінің тілі күрмеліп, күлкі болғанын да көріп жүрміз. Бұл күлкі емес, түрпі. Қазақ тілінде қойылған сұрақтарға қазақша жауап бере алмай, алма беттері алаулаған алыптар, қашықтықтан оқытуды «ғашықтықтан» оқу деп, қашық пен махабатты шатастырғандар ұлт мүддесін қашан ойлайды?! Мемлекеттік тілге кең өріс ашылсын деп, Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевқа 100 000-нан астам қол жинап, «Ата заңдағы  7- баптың 2- тармағын алып  тастап, мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдау керек» деп ұрандап жатыр. Қазақ тілі өз мәртебесін алғанша, бұл жанайқай толастамайды. Марқұм жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әішімбаевтың 1990 жылдары «Қазақтың ең өзекті мәселесі жер мен тіл, тіл жойылса ұлт жойылады» деп жанұшыра айтқаны ойға оралады. Ұлттық тіл туралы  сан абыздар,  Алаш арыстарының жар құлақтары жастыққа тимей, жақтары талғанша, қолдары жеткенше сермеген. Ал, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан шенділері ұлт тіліне тікен қадап, өзге тілдің өрісін ұлғайтып, ұлтқа жек көрнішті болып жүр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, береке- бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл-ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлмеге таныта алады. Халықтың тілі халықтың төл құжаты. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады»-деді. Ендеше,  «Ата заңдағы 7-баптың-2 тармағын алып тастау туралы қол жинап ұрандаған қарға тамыры қазақтың үні Қасым-Жомарт Кемелұлының да құлағына жеткені айдан анық. Бұл бап өзгермей, мемлекеттік тіл қазақ тілі  орыс тілінің қолына су құйған өгей бала күйінде қала береді. Ол үшін мемлекеттік қызметке ана тілінде таза сөйлейтін, ұлттың әдеп-ғұрпын, тілін, ділін, жетік меңгерген азаматар мен азаматшалар ғана іріктеліп  алынуы керек. Қайбір жылдары, Президенттік сайлауға Ғани Қасымовты мемлекеттік тіл сынағынан мүдірмей өтті деп қолпаштап жіберген өзіміздің мүйізі қарағайдай  қазақ ғалымы еді. Сол  Ғани Қасымов күні бүгінге дейін ана тілде шатып-пұтып,  шүлдірлеп жүр.  Мемлекеттік тіл сынағында Абайдың бір өлеңін айтып, Президенттік таққа таласқан Ғани Қасымовтай қаншама шала қазақ, билік тұтқасын ұстап жүр десеңші…

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Кілтсөздер:ҚОҒАМ


ПІКІР ЖАЗУ