ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАР МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ БОЛЫП ТҰР
Жетісу облысында қаңғыбас жануарлардың жалпы саны 10 147-ге жетті, оның ішінде 9 731-і ит және 416-сы мысық. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, ресми жануарлар панасы жоқ болғандықтан, уақытша ұстау пункттері тек ветеринариялық станциялар жанынан ұйымдастырылған. Қаңғыбас жануарларды аулау мен күтіп-бағу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, облыста қаңғыбас жануарларды реттеу мақсатында апта сайын рейдтер өткізіліп, стерилизация және вакцинация жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралардан кейін жануарлар өздерінің табиғи ортасына қайта жіберіледі. Қазіргі уақытта өңір бойынша 4 мыңнан астам жануарға чип орнатылған, оның ішінде 1 630-ы Талдықорғанда тіркелген.
Дегенмен, тұрғындар көшелерде қаңғыбас иттер мен мысықтардың әлі де көп екенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін жануарларды чиптеу мен стерилизациялауды жалғастырып қана қоймай, қоғамда жауапты асырау мәдениетін қалыптастыру қажет.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
