БАТЫР БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

0
32

Өрқұсақ ауылының тұрғындары өткенге тағзым етіп, ел мен жерді қорғаған батыр бабаларын еске алды. Ұлы Отан соғысында от кешіп, ерлікпен қаза тапқан жерлестер құрметіне ауыл ортасында еңселі ескерткіш бой көтерді.

Бұл – елдік пен бірліктің белгісі. Ескерткіш орнату ісіне ауыл азаматтары жұдырықтай жұмылып, қолынан келген көмегін аямады. Ауылдастар өз бастамасымен игі істің ұйытқысы болған Ерғали Нұғмановқа, Кененбай келіні Зояға, Қошым келіні Аймұханға, Баймұрат келіні Индираға және басқа да белсенді жандарға алғыстарын білдірді.
Салтанатты рәсімде ауылдың мақтанышы, ақын Сайлаубай жүрекжарды өлеңін оқып, жиналған жұрттың көңілін толқытты. Жас ұрпақтың өнері шараның сәнін кіргізсе, Қарабұлақ кентінің имамы қасиетті құран бағыштап, батыр бабалар рухына дұға жасады. Осындай шаралар – өткеннің өнегесін ұмытпай, ерлік рухын кейінгі буынға жеткізудің жарқын көрінісі.

Нұрила САЙДАҚҰЛОВА