ИНВЕСТОРЛАРМЕН 34 МЛРД ТЕҢГЕГЕ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

0
30

Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың жетекшілігімен өңір делегациясы шетелдік компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздердің нәтижесінде жалпы құны 34 млрд теңгеден асатын және шамамен 800 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін төрт меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер Бельгия, Қытай және Пәкістан инвесторларымен өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жаңа жобалардың қатарында «Envision KKS» ЖШС-ның «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жел генераторлары мен энергия сақтау жүйелерін өндіретін зауыттың құрылысы бар. Сондай-ақ «Каусар-Карго» ЖШС Панфилов ауданында халықаралық автовокзал мен көлік-логистикалық хаб салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, пәкістандық «STS Jetisu» ЖШС Талдықорған индустриялық аймағында SPC үлгісіндегі еден жабынын шығаратын зауыт тұрғызбақ, ал бельгиялық «Saron Kazakhstan» ЖШС «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде айналма жол мен логистикалық орталық салу жобасын жүзеге асырады.
Әсет Қанағатовтың айтуынша, Жетісу облысы халықаралық әріптестікті кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы жылдары өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, 135 жоба іске асырылған және 3,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Биылғы жылдың тоғыз айының өзінде облысқа тартылған инвестиция көлемі 330,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға артқан. Жаңа келісімдер өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі технологияларды енгізуге және экономиканың тұрақты дамуына серпін бермек.

 

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»