Ел жастарға сенеді

0
1871

Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін  естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі де басым.

Бүгінде  мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.  Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ»  халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылды.  Елімізде  жыл сайын жастар форумы да ұйымдастырылып тұрады.  Мұнымен қоса «Жастар кадрлық резерві» жобасы, «Жастар практикасы»  бағдарламасы да қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған.

Соңғы жылдары елімізде жастар ұйымдарының саны әжептәуір артуда. Олардың қаншасы өз міндетін толығымен атқарып, жастар проблемасын шешіп жүргені – ол басқа әңгіме. Жастар ұйымдарының дені қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген, сондықтан түйткілдің түйінін тарқату көбісінің қолынан келмейтіні түсінікті. Ал жастар ұйымдары дегенде, ең алдымен, «Nur Otan»  партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатын айтуға болады.

Облыстық кітапхананың онлайн форматындағы  сұхбат  барысында  «Nur Otan»  партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы облыстық филиалының  төрағасы   Еркебұлан  АҚБОЛАТОВ  жастар ұйымының   атқарып жатқан жұмыстары  туралы  баян етті.

– «Жас Отан» жастар қанаты  еліміздегі ең ірі жастар ұйымдарының бірі болып табылады. «Жас Отан» жастар қанаты  еліміздің  тұңғыш Президенті, Елбасы, Партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың бастамасымен, қолдауымен құрылды. Әр мемлекетің негізгі механизмі  осы жастар болғандықтан,  мемлекет тарапынан барынша қолдау  көрсетіліп, көңіл бөлінуде. Алғашқыда шағын үйірме  ретінде құрылған  «Жас Отан» жастар қанаты  бүгінде еліміздің жастар  саясатының дамуына елеулі үлесін қосқан саяси ұйымға айналды десек болады.

Жалпы,  Алматы облысы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының 6 мыңнан аса белсенді  мүшесі бар. Сондай-ақ, 31 бөлімше жұмыс атқаруда. Бұл бөлімшелердің әрқайсысының өзіндік жетекшілері де бар. Тағы бір айта кетерлік жағдай «Жас Отан» жастар қанатының жанынан құрылған «Кеңес орталығы» бар. Бұл орталық  жастарға  құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан арнайы кеңестер береді.  Биылғы жылы облыс орталығында ашылды. Ал олардың орналасқан жері орталық базар мен сауда үйлерінде. Қазіргі таңда бір ғана Кеңес беру  орталығы жұмыс жасауда, алдағы уақытта осындай орталықты  қажет  ететін аудандарда ашу жоспарда бар.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, жастар саясаты өте бір сүбелі дүние. Сондықтан  оға баса   мән беру қажет. Бұған тек жастар ғана емес, аға буын  өкілдері де тікелей  қатысуы тиіс. «Nur Otan»  партиясы негізгі қолдаушыларымыз  ретінде бізге  бағыт-бағдар көрсетіп келеді әрі  олармен бірігіп атқарып жатқан жұмыстарымыз  жетерлік.   Әсіресе,  елімізде орын алып отырған төтенше жағдай кезінде түрлі  игі шаралар ұйымдастырылып жатыр, осы бастаманың басында жүрген барлық мекеме-ұйымдармен қатар жастар да бір жағадан  бас,  бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс атқаруда. Бұдан өзге де жастардың тікелей араласуымен атқарылып жатқан дүниелер  көп»  – деген  Еркебұлан  Ешмұхамбетұлы  әңгіме аясында  еріктілік қызмет жайында да кең ауқымда түсіндіріп   өтті. Айтуынша, дәл қазіргі жағдайда, еріктілер қызметі өте маңызды. Себебі дәл осы қиын шақта барлық ауыртпашылық мемлекеттік мекемелер мен арнайы өкілдеріне және қарапайым халықтың мойнына артылады. «Осы  тұста барлығымыз, үлкен-кіші демей,  еріктілік қызметті бірауыздан жүзеге асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді»,  –  дейді ол.

 Бүгінгі таңда облыс бойынша мыңнан аса ерікті жас қызмет атқаруда екен. Олардың барлығы  Алматы облыстық Жастарға қызмет көрсету орталығының тізіміне тіркеліпті.

Еркін  форматта өткен сұхбатта  ел өміріндегі жастар мәселесі жайында да сүбелі ойлар ортаға салынды. Оқырмандар тарапынан  көптің көңілінде жүрген сауалдар қойылды. Бұл тарапта тұщымды жауаптар да қайтарылды.

P.S. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің ертеңі.  Кемел келешек кілтіне қол жеткізуге олардың қосар үлесі қомақты. Ақын тілімен айтқанда: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» ел жастарға сенеді.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Кілтсөздер:#BizBirgemiz


ПІКІР ЖАЗУ