Адами қасиет азайған

0
4034

Соңғы уақыттарда Қазақстанда тәж вирусын жұқтырушылар саны едәуір көбейген. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, бұған қоса елде пневмония да өршіп кетті. Маусым айында тап осы дерттен 628 адам қайтыс болып, ауырғандар саны артқан. Қазіргі сәтте елде 28 мың адам пневмония диагнозымен стационарда емделуде.
Дәл осы тұста індетке шалдығып, ауруын асқындырып алудан үрейленген жұртшылықтың арасында дәрі-дәрмекке деген сұраныс еселей өсті. Сеңдей соғылысқан халық дәріхана табалдырығын тоздырып, сағаттап кезекте тұрса да, іздеген дәрісін таба алмауда. Елде антибиотиктер мен парацетамол, аспирин, цитрамон сынды дәрілердің жеткіліксіз екені байқалды. Осы сала мамандарының мәліметінше, індеттен сақтану мен қорғануға қажетті дәрі-дәрмектер уақытылы жеткізілуде. Әрі бірден қабылданып, сөрелерге шығарылған дәрілер дереу сатылып жатыр екен.
– Әлеуметтік желілерде антибиотиктер мен вирусқа қарсы дәрілермен емделгені туралы жалған, нақты емес ақпараттар көбейген. Осыған сенген адамдар ол дәрілерді қажеттілігі болмаса да көптеп алып жатыр. Мұндай фейк ақпараттар халықты адастырады, – дейді мамандар.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жасаған үндеуінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатынын жеткізді.
Осындай қысыл-таяң тұста дәрі-дәрмек бағаларын негізсіз қымбаттату былай тұрсын, тегін берілетін дәрілерді заңсыз сатқан алаяқтар мен алыпсатарлардыңқарасы көбейген. Тұрғындардың бірі дерт жұқтырып, денсаулығымен әлек боп жүргенде, қара басының күйін күйттеп, табыс табудың соңына түскендердің ісі әшкере болуда. Мәселен, осы аптада бір күннің ішінде республика бойынша дәрі-дәрмектерді алып-сатумен айналысқан 76 адам ұсталған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, дәрілерді заңсыз сату фактілері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында тіркелген екен.
– Іс-шаралар жалғасып жатыр. 6 шілдеде полицияға 76 адам жеткізілді, олардан 20864 дәрілік зат, оның ішінде глюкоза мен ферсинол тәркіленді. 2600-ден аса ацетилосалицилол қышқылы, оның 654 орам парацетамол және тағы басқа дәрілер алынды,– деді ол.
Алайда, елде қатерлі дерттің беті қайтпай, билік індетке қарсы шараларды барынша қолға алып жатқан осындай тұста жұрт болып жұмылудың орнына, халық арасында жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендер мен адами қасиеттен айырылған алаяқтар көбейген. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ