Той –қазына, дегенмен…

0
6003

     Соңғы жылдары қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Олай дейтініміз бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақтар шамасы жетсін-жетпесін, кредитке белшеден батып, дүбірлетіп той жасайды. Қазақ тойындағы ысырапшылдық – қоғамда бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған тақырып еді. Ал, мына аты жаман ауру келгелі қазақтың қазынасы деп келген тойына да тыйым салынды. Карантин кезінде той тоқтап, ысырапшылдық азаяр ма деп едік, олай болмай тұр. Тығылып той жасаған, ас берген, туған күн тойлағандар әлі тыйылар емес. Статистика бойынша әр мерекелік шарадан соң орташа жиырма адам коронавируспен ауруханаға түседі екен.

Жақында ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы тойға қатысты пікрі әлеуметтік желілер мен баспа беттерінде кеңінен тарады.
– Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі, – деді мемлекет басшысы.
Иә, «той десе қу бас домалайды» деген сөзді кез келген қазақтың аузынан естиміз. Бар тапқан-таянғанын тойға шашатын да, үйінде ас-ауқат алатын соңғы ақшасын тойға апаратын да – қазақ.

Несие алсақ та, той жасауға ақша тауып, дүбірлетіп жіберетін кезіміз көп. Тіпті, бұрын сенбіде ғана той жасайтын қазақ қазір аптаның жеті күнінде де тойдан босамайды. Ал «үйлену оңай, той жасау қиын» заманда бұл қуаныш қанша шығынға батырады? Бақуатты адамға той жасау түк емес. Өзінің ет жақын туыстарының басын қосып, қуанышын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп мақтану, шені үлкен, шекпені қымбат қонақтарға құрмет көрсету үшін той жасайтындар көбейіп барады. Кедей байғұс ше? Қатарынан қалмау үшін қарызға батып, өмір бойы банктің үстеме пайызын төлеп жүргендерді кім санамалап көріпті?! Кейде бізді «пәленшеден қалмайық, түгеншеден асайық» деген пасық психология құртып жатқанға ұқсайды.
Қазір жалпақ әлем коронавирус індетімен бел шешіп күресуде. Одан біз де тысқары қалып отырған жоқпыз. Елімізде екі айға жуық төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың бәрі үйде отырды. Қызық-думанның бәрі сап тиылып, мейрамханалар мен кафелер жабылды. Осы уақытқа жоспарланған той-томалақ тоқтатылды.  Алайда, өзін де өзгені де ойламай, тойларын жасап, құдаларын күтіп жүргендер де табылды. Ол жандардың қоғам алдында жауапкершілігі жоқ деп де айтуға болатын шығар. Жоғарыда айтылған статистикаға қарасақ бір жиынан жиырма адам ауру жұқтырса, қанша адам той тойлаймын деп жүріп көз жұмды екен?

Ауыл-аймақтарда той жасап, туған күн тойлағандар көп кездеседі қазірде. Оған дәлеле жақындарымыздың той тойлап ауылға қыдырып кетіп жатқаны. Әлеуметтік желілерде де тойдың қамын жасап жатқан түрлі видоелар мен суреттер көреміз. Әйтсе де, бүгінде көп жандар жауапкершілікті түсініп, тойларын тоқтатуда. Солардың бірі жақында ғана шаңырақ көтерген Дархан мен Гүлнұр есімді жас отбасы. Олардың үлкен тойлары шілде айына белгіленген еді. Алайда, елдегі жағдайға байланысты барлық жоспарларын тоқтатқан.
– Біздің тойымыз өткен аптада болуы керек еді. Бірақ біз алдын ала тойымызды болмайды деп шешіп, барлық жақындарымызға хабар бердік. Арамызда тойларын тоқтатпай, өткізіп жатқан адамдар өте көп болды. Бірақ біз қатты қорықтық. Біздің тойымыздан адамдар бір-біріне ауру жұқтырып, артынша көз жұмса біз кінәлі боламыз ғой. Той деген деніміз сау болса кейін де бола жатады. Ешкім де, ештеңе де біз той жасамағаннан өзгеріп кеткен жоқ. Алайда, той болса қиындықтар болу мүмкін еді. Біз еш өкінбейміз. Алда тойларымыз көп болатынына сенеміз. Ең бастысы мына дерттен аман-есен құтылсақ болар еді, – деген жас отбасы той жасаудың ешқашан кеш емес екенін айтады.
Ал, тоймен өз күндерін көріп жүрген асабалар басында карантинге аса мән бермегенмен, кейіннен жағдайдың шынымен қиын екенін түсінгендерін жеткізді. Тіпті көп ысарапшылыққа жол берген қазақ елі үшін, бұл бір сабақ болды дейді ол.
– Ашаршылық пен жоқшылықтан шыққан халық дастарханды тағаммен толтыруды әдетке айналдырғанын көрдім. Өз басым мұны «ашаршылық синдромы» деп атаймын. «Ашаршылық синдромы»қазақтың тойы тұрмақ, өлім-жітіміндегі асқа да жетті. Дастарқанды майыстырып жасау артық ысырапты көбейтті. Тойға шақырған уақытта келмеу дәстүрге айналды. Қияста жоқ нәрселерді жасап атын шығарғысы келетіндер пайда болды. Беташарды үйде жасап, онан соңүлкен тойда тағы бір жасайтын деңгейге жетіп қалдық. Кейде осындай тойлардан қазақтыңөзі жалыққандай көрінеді. Бұл індет таяуда тоқтай қоятынға ұқсамайды. Ұзаққа созылатын болса, той мәдениетіміз белгілі бір өзгеріске ұшырайтыны анық. Бұрынғыдай 500 адам емес 100 адам не одан да аз адаммен той жасауға болатынын түсінетін шығармыз. Дарақы тойдың заманы өтті, – дейді белгілі асаба Марат Тоқашбаев.
Қазақ «Той десе, қу бас домалайды» дегенді жақсы мағынада айтқан. Той деген сөздің өзі адамға қуаныш, мереке сыйлайды. Өмірден ерте өткен Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жырлағаны да бекер емес. Әрбір адамның жарық дүниеге келіп, жер басып жүргеннен кейін бір ұлан-асыр тойды күтіп жүретіні рас. Тойдың да түр-түрі көп. Бесік той, сүндетке отырғызу, қыз ұзату, келін түсіру… осылай кете береді. Байқасаңыз, бұрын қазақтың тойы ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің қайнары болды. Қазір де біз ата-бабамыз ұстанған дәстүрден, құндылықтан ажыраған жоқпыз. Бірақ жаңа заман, жүйрік уақыт өз жаңалығын әкелді. Уақытқа қарсы тұру да мүмкін емес. Бүгінде тойдың мән-мағынасы өзгеріп, дақпырт, даңғазалық көбейді, ысырапшылдыққа жол беріп қаламыз. Әрине, әрбір ата-ана баласының өмірдегі бір қызығы үшін қолда барын аямайды. Бірақ әр нәрсенің шегі бар, кейде біз одан асып кетеміз.
Осы індеттің қазақтың қазынасының құнын көрсетіп, шынайы қуаныштың қалай өту керек екенін түсіндіретін сыңайлы. Той халық қазынасы дегенмен, оныәркімнің шама-шарқына қарай жасалғаны абзал. Сондықтан да той үшін кредит алып, даурықпа, даңғой, даңғазалыққа, ысырапқа барғаннан гөрі, керісінше  ұлтымыздың құндылығын, ысыраптың обал екендігін ұғынып, сауапты іс жасағанымыз әлдеқайда дұрыс шығар.

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ