«Жасын ойлар жанымды мазалайды»

0
2173

«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек » деген аталы сөзді тура осы Секербек Жабықбаев бауырыма қаратып айтуға болады. Тау-тұлғалы, жанары жасындай от шашып тұратын Секербекті өткен ғасырдың 90 жылдары көрдім. Жүріс-тұрысы баяғының батырларындай, сөйлесе сөздің сорпасын сапырып, қалжыңдаса қабырғаңды қақырататын   азаматқа  қарап  сүйінетінмін.

«Жігіттің төресі» ол кезде Талдықорған облыстық  орыс драма театрының директоры қызметін атқарды. Оған дейін де түрлі мәдени шаралардың басы-қасында жүрді. Облыстық қазақ театрында  актерлік қызмет атқарып жүргенде (атын ұмытып қалыппын) бір қойылымда немістің рөлін сомдағанын көріп таңдай қаққаным бар-ды. Әсіресе, байырғы айтыс ақындарының Иса Байзақов, Қалқа Жапсарбаев, Жамбыл Жабаевтың бұралқы бір қағытпаларын айтып, «ақын болсаң осылардай бол» деп, өзі де өлеңдетіп қағыта жөнелетін.  Ағаға қарап бой түзеп, еліктеп, сөздің сөлін сығып берген шешен қай жердің тумасы екен деп, өзінен сұраудан ұялып, өмірбаянына үңілгем. Сөйтсем, Секербек бауырымның әкесі Айтқали ұлы Абайды өмірге әкелген, алыптардың мекені Семей өңірі, «Сыбандардан» шыққан 17 ақын туған Аякөз ауданының тумасы екен. Еее, «тегіңде бар тектілік пен ақындық, айтқыштық өнер  саған да бүтіндей қонған екен-ау, бауырым, «ұқсамасаң тумағыр» деген осы шығар дескем!

Жақында, қала тұрғыны, ардагер  Мұхамедкәрім ақсақалдан Секербектің:

«Жасын ойлар, жанымды мазалайды»  атты жыр жинағы қолыма түсті. Жырларын оқып, алыста жүрген,  1996 жылдан бері Павлодар облысының мәдениет саласында  зейнет жасына жеткенше  үздіксіз еңбек сіңірген аға жайлы, «Өлең сөздің патшасы» Абай дана айтқандай: «Өлең шіркін- өсекші жұртқа жаяр» дегендей,  ақының өлеңдері туралы ой толғауды жөн көрдім.

Секербек Жабықбаев қандай актер, қандай басшы, ұйымдастырушылық қабілет қандай болды оны, сахнада бірге қызмет жасаған әріптестері айта жатар. Ал, мен ақындығы жайлы, халыққа ұсынған жанын мазалаған, жасын ойлары туралы айтпақпын. Әркімнің туған жері өзіне «Мысыр Шаһар». Секербек те туған ауылы туралы «Ауылым менің ауылым» деген жыр шумағында былай дейді.

 Мәңгі қымбат дәмің де, тұзың маған,

 Көтеріп тұр ауылды қызыл далам.

 Ұрпақтарын ұзатып болашаққа,

 Ауылым тұр қаймағы бұзылмаған.

 

Сыйладың маған жастықтың асау дауылын,

 Жинадың маған сезімнің ыстық-ауырын.

 Алыстап кетіп айналып саған соға алмай,

Аңсаумен сені аурып жүрмін ауылым,-

дейді. Бірде он бір, бірде он үш буыннан құралған бұл өлең де өзі туған құмды өлкеге деген сағынышын, жүрегінің сыздағанын айтады. Секербектің көптеген өлеңіне ән де жазылыпты, соның бірі осы «Ауылым менің ауылым». Шабыты аста-төк шалғында, сатираның сардары, өлеңнің өрен жүйрігі Жарасқан Әбдірешке еліктеп кететініне бар. Ол да заңдылық. Адам бірінен бірі көріп, еліктеп, оқып-тоқып үйренеді. Секербектің жырларының құрылымына,  ұйқасымен құйқасына сыншылар баға бере жатар.  «Тілге жеңіл, айналасы жұп-жұмыр», «Көкектің балапаны секілдісің» деген өлеңінде 70 жыл билеп төстеген, қазақты зарлатқан Москваның өктемдігін айыптайды.

«Арызым бар табиғат, айтар менің,

Нар ұлдарын еліме қайтар менің.

Қайтар менің елме нар ұлдарын,

Қайтар менің еліме бәрін, бәрін.

 

Соқсадағы тағы бір жасын келіп,

Кетер ме еді шіркін-ай, Қасым келіп.

Арызым бар, табиғат тыңда мені,

Тыңда мені көзімнің жасын көріп»,-

деп, өздерін ұлы халықа санайтын көршімізге:

Ей орыстар! Сен маған өтімдісің,

 Мен таң болсам, сен маған екінтісің.

 Ей Росия! Тура айтсам мен сен үшін,

 Торғайдың ұсына тастап кеткен,

Көкектің балапаны секілдісің,-

дейді. Жалпы Секербектің поэзиялық жырынан ауыз әдебиетіндегі ақпа-төкпе ақындардың иісі бұрқырап тұрады. Оның жазған жырлары да ақ өлең сарындас. Бір мақалаға бір кітаптағы жырларды сараптап жазу міндетті емес. Оның толғауларынан Алатау мен Қара Ертістің атырабындағы Баянтаудың, Қызылжардың, сол өңірдің алыптары Мағжан, Ғабит, Сәбитті Жасыбайдың аспанына теңесе,  Бөрлі төбе-Балқашта дүниеге келген Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиевтей нар тұлғаларды тіліне тиек етеді. Сезім, махаббат әр пенде бар. Ол  жасқа қарамайды. Көзіңді байлап, адастыратын да махаббат!

Армандап жүріп кезігу,

Үйіңді тастап безіну,

Ойламай мүлде ұятты,

Сүйікті екеніңді сезіну,

Сезімге иіп езілу,

Сол махабат сияқты.

 

Өзіңнен өзің күлетін,

Жападан жалғыз жүретін.

Аймаңдай асау сұлудың,

Құпиясын өзің білетін.

 Сол махаббат сияқты.

 

Еш нәрсе санаң ұқпайды,

Ойыңнан мәңгі шықпайды,

Тұлғасы әсем сұлу боп,

Аумайды Хорлан ұқсайды,

Солмахаббат сияқты,-

дейді. Махаббат мәңгі жыр, одан пенде Секербек те айналып өте алмаған. Көңілі құлазып, шабыты шалқығанда өміріне серік еткен өлеңді аңсайды. Ол шіркінде, найзағайдай шатырлап, күндей күркіреп келетін мезгілі болмаса пендесін мазаламайды. Сондай сәтте «Қайдасың өлең» деп аласұрған ақын жүрегі:

 Бір достар жетті мұратқа,

 Байлықты іздеп асыға.

 Бір достар кетті қыратқа,

 Ескерткіш қойдық басына.

 

Кетіпті өтіп уақыт,

Ал біздер ақ бас атандай.

Жүрсеңші мені қуантып,

Мауқымды жүрмін баса алмай,-деп шағаладай шарқ ұрады.

Мен уақытпын. Анықпын.

Тағдырыңа қанықпын.

Ие болған,

Боз далаға бабасы,

Ұрпағысың,

Қазақ деген халықтың.

Жалғасы сен алыптың.

Көк байрағың,

Көк жүзінде қалықтап,

Өзіңді сен бар әлемге таныттың,–дейді  «Ей,  өр қазақтың баласы» атты жырында. Бір сөзбен айтқанда «жасын ойлар, мазалайды жанымды» атты жыр жинағының  басым бөлігі арнау өлеңдер.   Одан бөлек, табиғатпен үндесіп көңілінің көкаршыны көкке көтерілгенде сезіммен ұштасып, күйдің құдіретіне бас иген Секербек Жабықбаев  жырларында өзіндік өрнек, өзіндік әлем бар!

 

Cағындық ЖҰМӘДІЛОВ, актер: «Секербек  Айтқалиұлы сері  әрі ақын жігіт, тауып айтып, есіп сөйлейтін қасиеті  бар. Кұдай қосқан, сүйіп алған жары ҚР Еңбек сіңірген жары Жанат (Чайкина) апам екеуміз рулас болып келеміз. Осы жағынан жезде деп қалжыңдайтынмын. Бір-бірімізді жақын тартып араластық. Аңшылыққа  құмар. Талай  рет үйрек атуға, тіпті Павлодарға Алдаш Шалбаев екеумізді қаз атуға шақырып, барып қайтқанбыз. Театрымызда директор болып қызмет атқарды. Жаман істеген жок. Обалы не керек өнер үшін қолынан келгеннің  бәрін жасады. Павлодар  облысындағы театрға директор болып ауысқанда, сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы (Камал Абдрахманов) театрдың ақсақалдарымен ақылдаса отырып Секербектің орнына мені театр директорына  тағайындады.  Қолы ашық,  қонақжай азамат. Сыртта жүргендіктен болар, елдегі  көңілі жақын жігіттерді сағынғанда, достарыма деп бәрімізге өлең арнап, кітабына енгізіп көңілімізді  бір көтеріп   тастағаны бар. Сонау студент кезінің  өзінде Шәкен, Мұхтар, Күләш апаларын жоқтап  « Москва сенің атың суық маган» (если память не изменяет) деген өлең жазып, үлкен резонанс тудырған. Үш әріптің тыңшылары соңына түсіп,  біраз әуреге салғаны бар.  Достары мен өкшесін  басқан інілеріне  адал болды. Әлі де сол қалпынан танған жоқ. Айналып- толғанып сөйлейтін қасиетке ие. Барлық  өнер адамдары секілді жүрегі жұмсақ, бауырмал. Осы күнге дейін сәлеміміз түзу, телефонмен болса да хабарласып тұрамыз».

 Серік НҰРҒАЛЫҚОВ, әртіс: «Мен Секербекті 1977 жылы театрға актер болып келгеннен білем, ақынжанды әзілқой жігіт, аяқасты біреуге әзіл өлең шығарып жіберетіні бар, ол өлеңдері кейде жанынан, кей  сәттерде сатирик ақындардың өлеңдерін бұрмалап ұйқастырып жібереді. Қандай орта болса да тез бейімделіп, қысылмай-қымтырылмай ойындағысын ашып айтып, елді күлдіріп отырады. Спектакльдерде режиссерлар сол қасиетін пайдаланып, көбіне сондай әзілкеш комедия жанрына жақын рольдер беретін. Тұрсынзада  Есімжановтың «Жолда қалған жолаушы» қойылымында сондай қысық-қыңыр ісінен сөзі көп  шофердің бейнесін өте жақсы жасады. Эпизод болса да көрермендердің есінде қалды. Ал,

Ә. Рахмановтың «Опасыздың ойраны» атты спектаклінде  өзінде, сөзінде пәтуә жоқ Маусымбай деген қойшының рөлін сәтті сомдады. Сахнада ойлап таппайтыны жоқ. Неше түрліні жасайтын. Есімнен кетпейді,  бір жылдары сол қойылыммен Семей облысының Үржар, Мақаншы аудандарында гастрольдік сапарда жүргенімізде совхоздың бас зоотехнигінің үйіне келетін жері бар. Иығына жаңа керзі етік  алып кіретін. Зоотехник «ей,  мынауың не» дегенде: «Еее, басеке, мына етігім тесіліп қалып деп етігінің тесігінен бақайын шығарып елді күлдіретін. Бір күні спектакльде әлгі бақайын шығарып көрсететін алып, «басеке енді осыны жуып жіберейік деп жаңа етігінің қонышынан бір бөтелке арақ шығарып жұртты күлдіргені, зоотехниктің рөлін сомдап жүрген Мұса Әжібеков күліп жібере жаздап, «әй-әй-әй» деп басын шайқаған-ды. «Саспаңыз, закоскесі міне»  деп екінші етігінің  қонышынан банкіге су құйып салып қойған тірі балықты суырып алғанда көрермен қыран-топан күліп, сахнаның сыртында тұрған біз қоса күліп жатырмыз. Мұса күлкіден сөзін айтуға шамасы келмей,  ішін басып теріс қарап екі иығы бүлк-бүлк  күлгенде ай бір 5-6 минутқа созылды-ау деймін. Міне Секербектің осындай жүрген жерін күлкіге бөлеп жүретіні бар-тын. Бізде екі-үш жылдай істесе де облыстық халық шығармашылық орталығына директор болып ауысып кетті. Кейіннен еліміз тәуелсіздік алған жылдарда 1993 жылдары театрға директор болып келді. Осы тапқырлығының арқасында сол бір қиын-қыстау кездерде театрдың  репертурына М. Әуезовтың «Хан Кене» спектаклін режисер, Қазақстанның Халық әртісі Қадір Жетпісбаевты шақырып қойғызды. Бұл қазақ театрлар тарихындағы үлкен жаңалық болды. Себебі, М. Әуезов бұл пьесаны 1928 жылы жазып, сол замандағы астанамыз Алматыдағы  екі жыл бұрын ғана ашылған Республикалық драма театрының сахнасына шығармақ болған. Өкінішке орай сол уақыттарда саясатқа қайшы деп бұл пьесаны мүлдем жауып тастаған болатын. Міне, Секербектің осындай ерлігі бар.

                                                                                          Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ