«500-ден астам адам емделіп шықты»
Елімізде COVID-19 Вирусын жұқтырғандар саны 45 мыңға жуықтады.
Осы тұста ажалмен бетпе-бет келіп, ерлік танытқан дәрігерлердің еңбегі зор. Солардың бірі Текелі қаласындағы орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, терепевт дәрігер Талшолпан Алтынбаева. Жас та болса қауіпті індеттің ортасында науқастарға қолұшын созып жүрген дәрігерден сұхбат алып, кеңес сұрауды жөн көрдік.
— Таңшолпан Асқарқызы, өзіңіз білетіндей, коронавирус індетін жұқтыруда біздің облыс та алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бұл әрине өкінішті жағдай. Айтыңызшы Текелі қаласы бойынша ахуал қандай?
— 23 маусымнан бастап, Текелі қаласындағы 134 орындық аурухананы түгелдей провизорлық стационарға ауыстырды. Оның 5-еуі реанимациялық орын. Біз тек Текелі ғана емес, алыс-жақынды елді мекендерден келген науқастармен де жұмыс жасаймыз. Қазіргі кездегі жағдай өздеріңіз көріп отырғандай қиын. Күніне фильтрге 60-70 науқас жедел жәрдеммен түседі. Әрине олардың ішінде жеңіл, орташа және ауыр түрлері бар. Біз ол науқастарды жағдайына қарап ем қолданамыз. Үйлеріне қайтаратындарын үйлеріне, ем алатындарын жатқызып, жағдайы нашарларын жан сақтау бөліміне жатқызып қараймыз. Дәрігерлер қолдарынан келгенін жасап жатыр.
— Түскен науқастарды індет жұқтырған немесе жұқтырмағанын қалай және қанша уақытта анықтай аласыздар?
— Ең бірінші науқастың өкпесін тыңдап, кейін ауыз қуысынан жағынды аламыз. Вирусалогияға жіберіп, нәтижесін күтеміз. Ол екі-үш күнде дайын болады. Оғанға дейін қажетті ем-домын алып, емделе береді. Нәтиже келген соң ары қарай үйінде емделетіндерін жіберіп, жатқызатындарды осында қалдырып емдейміз. Осы тұста айта кететін жағдай біз түскен науқастардың бәріне бірдей қараймыз. Өйткені вирус әр адамда әртүрлі өтеді. Кейбіреулерде жасырын, біреулерде тұмау сияқты. Оны адамдардың өздері де шатастырады. Сол себепті нәтижесі келгенше дәрігерлердің тексеруімен барлық адамға ем қолданамыз. Қашан нәтиже шығады деп қарап отырмаймыз.
— Ауруханаларда орын санының жетпеуіне, ауырғандарың тым көп болуына байланысты вирус жұқтырған адамдарды да үй жағдайында емдеуге тура келетін жағдайларды көріп жүрміз. Олар өз денсаулықтарын қалай бақылайды?
— Үйде ем алып жатқан адамдарға арналып мобильді топтар ұйымдастырылған. Ол учаскелік дәрігер, медбике және психологпен құрылған топ. Олар күнделікті міндетті түрде науқастың жағдайын 2-3 рет қоңырау шалу арқылы бақылап, қажетті емін жасайды. Әрине бұндай науқастарға жағдайы нашар науқастар жатпайды. Тек вирус жасырын анықталған, жеңіл өтіп жатқан адамдар осылай үйлерінде емделеді. Сонымен қатар оларға 14 күн үйден шықпау, ешкіммен байланыста болмау деген шектеулер қойылады.
— Вирус жасырын яғни симптомсыз анықталған науқастар дедіңіз сөзіңізде. Ол адамда өзі коронавируспен ауырғанын білгеннен кейін қандай өзгерістер болады, уайымға беріліп, жағдайы нашарлап кеткендер бар ма?
— Иә. Ондай жағдайлар өте көп. Адамдардың психологиялық тұрғыда жағдайлары нашарлап кетеді. Жағдайлары жақсы жандардың өзі уайымнан қан қысымдары көбейіп, тыныс алулары нашарлағандар да кездескен. Осы жағдайларға байланысты дәрігер ретінде айтарым, уайымға жол беріп керек емес. Барынша сабырлы болу керек. Нәтижесін білмей тұрған кездегідей өзін ұстап, емін жалғастыруға кеңес беремін. Байбалам салып, уайымға берілген сайын денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
— Ауруханаларыңызда дәрі-дәрмек, жасанды тыныс алу аппараттары жеткілкті ме?
— Қазіргі кезде дәрі-дәрмек жеткілікті деп айта аламын. Тыныс алу аппараты (ИВЛ) 3 дана, кислародты консентратор 20 дана бар. Ол бізге жеткілікті. Неге ИВл аппараты аз деп жатады. Біз бұл аппаратты науқастардың барлығына қолдана бермейміз. Тек жағдай нашарлап, тыныс ала алмаған кезде ғана қолданамыз. Сол себепті бізде өршіп тұрған індетпен күресуге толық жағдай жасалған деп айта аламын.
— Короновирус дерті әсіресе созылмалы аурулары бар науқастарға қауіп төндіруде. Айтыңызшы, қандай науқастар бұл аурумен қиын жағдайда күресіп жүр?
— Иә, дұрыс айтасыз. Бұл вирус қан қысымы жоғары, қант диабетімен ауыратын, демікпесі бар жандар және созылмалы бронхитпен ауыратындарға қиын соғуда. Сонымен қатар өкпенің созылмалы аурулары, инфаркт, инсульт алған жандар, бұрын бүйрек, бауыр, грыжа сынды аурумен ауырған диагноздары болса сондай науқастарға да қиын әсер етуде. Жалпы бәрі адамның иммунитетіне және де психологиясына да байланысты.
— Бізде ыстық жоғарыласа терлеу керек деп орнынан тұрмай жататын адамдар кездеседі. Ыстық, көтеріліп, тыныс алуы нашарлағанда не істеу керек?
— Қазіргі кезде ең көп жіберілетін қателік те осы. Ыстығы жоғарылаған науқастар білместікпен орнынан тұрмай қалың көрпені тұмшалап алып жатады. Ол дұрыс емес. Дәл коронавирус індеті жатқан адамдарды ұнатпайды. Керісінше жағдайы нашарлай береді. Жалпы осы індетпен ауырғандарға да, сақтанып жүргендерге де айтарым үнемі қозғалыста болу керек. Сұйықтықты көп ішіп, иммунитетін көтергендері дұрыс. Мен көп адамды білемін, менде әлсіздік басым, жата бергім келеді дейтін. Ол иммунитеттің әлсіздігі мен қозғалыстың аз екендігін білдіреді. Сондықтан көп қозғалып, жеміс-жидекті, витаминдерді көбірек қабылдау керек. Жоғарыда айтқанымдай, ең маңызды жағдай иммунитетті жақсылап көтеру керек. Әсіресе, дәрі қабылдап, жазылып шыққан жандар болса, антибиотик адам иммунитетін өте төмендетіп жібереді. Сол себепті ең алдымен ішкен-жеген тағамға мән берген жөн. Пайдалы асты ішіп, құрамында витаминге толы тағамдармен азықтанған жөн.
— Қиын жағдайдағы науқастармен күнделікті бетпе-бет келесіздер. Өз қауіпсіздіктеріңізді қалай сақтайсыздар? Жалпы қорғаныш киімдеріңіз жеткілікті ме?
— Жеткілікті. Біздің жергілікті әкімшіліктен де, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да қолдаулар өте жақсы. Бір реттік, көп реттік қолданылатын костюмдеріміз барлығы жеткілікті. Әр дәрігерге өз қорғаныш кимдері маскасы түгел беріліп отырады.
— Білуімше Текелі қаласына Ресейден келіп бірнеше дәрігер көмек қолын созды. Қандай да бір емдеу жағынан, науқастармен қарым-қатынас жасауда айырмашылықтар бар ма екен?
— Біздің ауруханамызға Ресей елінен дәрігерлер келіп, өз көмектерін берді. Дәрі-дәрмектерді, аппараттарды қолдануда бір-бірімізге кеңесімізді бердік көп жерде ойымыз бір жерден шықты. Жалпы тәжірибе алмасып, көптеген пайдалы емдеу шараларын көрші елдің дәрігерлерінен көре алдық деп айта аламын. Сонымен бірге осындай жағдай туғызып, басқа дәрігерлердің бізге көмек қолын созуына жағдай жасаған басшылыққа, Президентімізге өз алғысымды білдіремін.
— Мамандар жеткілікті ме? Қанша дәрігер жұмыс жасап жатырсыздар?
— Қазір ауруханада 2 реаниматолог дәрігер, 11 емдеуші дәрігер жұмыс жасауда. 2 дәрігер фильтрда отырады, 9-ымыз емдеумен айналысамыз. Жалпы маман тапшылығы, әсіресе, дәрігерлер дәл қазіргі кезде өте тапшы. Дегенмен, бар дәрігерлерімізбен барынша ұйқысыз, демалыссыз күндерімізді өткізіп, Текелі халқына қол ұшымызды созудамыз. Бұл біздің адам, дәрігер ретіндегі міндетіміз. Осындаға барлық дәрігер өз міндеттерін артығымен атқарып жүр десем қателеспеймін. Тіпті, үймізге талай күн бармай, бала-шағамызды көрмейтін кездер болды. Бұл індетпен күресуде бізге жауапкершілік көп жүктелген. Сондықтан барынша қолдан келген көмегімізді аямай, емдеу шараларын жасаудамыз. Кейде үлгермей қалып жатқан кездерімізде болады. Ондай кезде науқастарға, туыстарына түсіністікпен қарайтындарына алғысымды айтамын. Бұл індетті бәріміз бірігіп, бір ымыраға келіп, бірлігімізбен жеңеміз деп айтар едім. Індетпен күресу тек дәрігерлерге, үкімет басшыларына ғана емес, барша халқымызға жүктелген жауапкершілік деп санаймын.
— Осы уақытқа дейін коронавирустан Текелі қаласында қанша адам емделіп шықты?
— Жасыратыны жоқ бұл індет бізде ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша қауіп төндіріп тұр. Індет асқынып, жағдай шын мәнісінде қиын. Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай, дәрігерлер қолдарынан келгенін аянып қалып жатқан жоқ. Науқастармен барынша тығыз байланыста болып, барлық ем шараларын жасауда. Бүгінгі күнге дейін 560 астам адам емделіп шықты. Қазіргі кезде жағдайлары жақсы. Әлі де болса дәрігерлердің бақылауында, кеңесін алып тұрады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Әріптестерімнің еңбегі далаға кетпегініне іштей қуанып жүремін. Әлі де еңбектенеміз, өлім-жітімнің орын алмауына бар күш жігерімізді саламыз.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Г. ЕРДӘУЛЕТОВА.