Қарттарға қамқор болайық
Қоғамдағы адамдардың сан қилы тағдыры, оқыс жағдайға душар болған жандардың өмірі жайындағы тақырыпты қаузау әр журналистің қаламынан қашпаған болар. Өмірде қанша адам болса, сонша проблема бар. Солардың ішінде басты қиындық – жалғыздық.
Әсіресе қарияларымыз қартайған шағында туған-туысы болмай немесе түрлі себептермен оңаша тұруға мәжбүр болып жатады. Жас кезінде білінбегенімен, егде тартқан шақта жүріп-тұруының өзі мұң болып, өзге адамның көмегіне жүгінетіндер баршылық. Оларға мемлекет есебінен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Әлеуметтік қызмет – мемлекеттік міндеттердің ең маңыздысын жүзеге асырады, оның қызметкерлерінің мойнына қиын жағдайға тап болған азаматтарға қамқорлық жасау жүктеледі. Міне, осындай көмекке мұқтаж жандармен тікелей байланыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы қиын да күрделі.
Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша әлеуметтік қызметке мұқтаж 300-ден аса адам бар. Оның 235-і жалғызбасты қарт және мүгедектер болса, 92 мүгедек бала бар. Оларға 60-қа жуық әлеуметтік қызметкер қарайды.
«Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар жә-не азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жал-ғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің бөлімше меңгерушісі Жұлдыз Мұхамеджанованың айтуынша, 60-қа жуық әлеуметтік қызметкер үйде әлеуметтік қызметтің 8 түрін көрсетеді. Атап айтсақ, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-пси-хологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құ-қықтық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек. Ал әр әлеуметтік қызметкер 4-6 мүгедек балаға, 6-8 қарт пен мүгедектерге кесте бойынша жұмыс жүргізеді.
Барлық мүгедек-балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет жеке оңалту бағдарламасы бойынша көрсетіледі екен.
«Бөлімшенің негізгі мақсаты – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму деңгейін арттыруға, әлеуметтендіруге және кіріктіруге бағдарланған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, көр-сетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтің сапасын және тиім-ділігін арттыру болып табылады.
Аптаның әр сәр-сенбісінде әлеуметтік қызметкерлермен әр тақырыпта әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Бөлімше қызметкерлері сапалы қызмет көрсету үшін оңалту іс шараларын жүргізуге қажетті диагностикалық және дидактикалық, дамытушы құралдармен, әдістемелік әдебиетпен және техника-мен жабдықталған. Қызметкерлермен методикалық жұмыстар жүргізіліп, прак-тикалық сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, жүргізілген іс-шараларды тоқсан сайын үйде қызмет көрсету бөлімшесінің кеңесшілері жеке жоспардың орындалуы (мониторингі) туралы әр балаға жеке-жеке электрондық картотека жасалады. Жыл басынан «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесі 46 қарт пен мүгедектің құжаттары стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына рәсімделіп, жіберілді», – дейді Жұлдыз Мұхамеджанова.
Оның сөзінше, әлеуметтік қызметкер жұмысшы ғана емес, сол үйдің жақын туысындай болуы тиіс. Ең бірінші болуы қажет нәрсе, ол – сенім.
Р.S. Өзгеге көмек көрсетіп, қолұшын созу әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік десек қателеспейміз. Ал, жалғызбасты қарттарды қадірлеу – парызымыз. Оларды бағып-қағатын жандардың жағдайы да жақсы болуы тиіс. Әлеуметтік қызметкерлердің қызметі қиындығы жағынан дәрігерлермен бірдей десек те болар. Ендеше, қарияларға қызмет қылуда өз ісінің кадры болғандарды қадірлеу де қоғамның парызы екенін естен шығармайықшы.
С. ӘЙТЕНОВА.