Қозыбай ақын қайда жүр?!

0
2173

Көне грек философы Диоген күндіз қолына шырақ алып жүрген. Кездесіп жол сұрағандарға:
– Адам іздеп жүрмін, – деп жауап берген.
Ал бұған күлгендерге:
– Жұртшылық көп, ал Адамды табу қиын, – дейді екен.Расында мына өмірде қуаныш сыйлай білетін, адалдығы мен парасаттығы басым Адамды бәріміз де іздейтініміз анық. Ал ондайлар кездесе қалса қуанып, көрмесек іздеп, қайда жүр екен деп елеңдеп жүресің тағы. Сондай, адалдығы басым, парасатты жанның бірі ақын Қозыбай Құрман дер едім. Онымен етене таныс жандар әуелі ақындығын, сонсын сын саласындағы өзіндік ізденіс жолына түскен кезеңдегі біраз жас қаламгерді тезге салғанын айтады. Мұнымен қатар журналистикадағы өзіндік жолы да айқын жігіт десек асыра айтты демессіз. Айтқандарынан ақиқат иісі аңқиды. Ал өлеңдеріндегі айшықты теңеу, көркем сурет оқырманды ойға салмай қоймасы анық.
Соңғы кездері «Қозыбай ақын, қайда жүр екен?» деген сауалды жиі құлақ шалып қалып жатады. Бұл сауалға оның өзі не дер екен деген ниетпен хабарласып, ойын білгенбіз.

«Сіз қойған сауалдың мені көп ойға қамағаны рас. Түйсінгенге бұл әрі қарапайым, әрі жанашыр, әрі ауыр сұрақ. Себебі дейсіз ғой, өйткені өзіңнің қайда жүргеніңді ойлаудың өзі кейде қуанышты, кейде қорқынышты емес пе?! Егер, сіз биікте, тіпті қарапайым ғана жұрттың жүрегінде жүрсеңіз де өміріңіз үшін сол мол қуаныш, мол мият-ақ. Ал арман-мақсат, мұрат-мұрағиятсыз қоңыз тірлікте күн кешсеңіз, Абай айтпақшы, ол күнді от оттаған хауанда гәпсіз-шәксіз кеше алмай ма?..
Міне, осындай сәл ғана ойдың өзі ойыңа ядро жасырып, миыңда атом дайындап отырса қайтесің… Мені қоғамдағы түрлі процестердің айналып өткен сәті жоқ секілденеді. Құдды Жаңаөзен менің қақ төбемде қан жылап, Арыс менің кеудемде жарылып жатқандай (арғы-бергісін беріле тәптіштемегенде). Қоғамдағы тәжтажалыңыздан да улы, жұмыры жуан жемқорлығыңыз жүйкеңізге жүгін артпаған күні бар болса, онда сіз сөз жоқ бұл жүйенің іріп-шіріген итаяғынан ас ішкенсіз. Себебі, өз салаңда да өзгенің малтасын малданып, қалтасын төңіректеп жүретін жамбасшыл журналист үйіліп жүргесін қалай ашынбайсың…
Кейде жалғыздықтың өзі ұстаз ғой деп ойлаймын. Шығармашылық адамы үшін оның құдіретін сезінудің өзі ғанибет. Сол себепті, мен көбіне жалғыздықтың адамымын. Мен мұнда ішкі әлеміңдегі аласапыран күйлермен бетпе-бет келетін өз жалғыздығыңызды айтамын. Мүмкін, оның сыртқы ортада да әсері көп болар. Сондықтан олар үйіліп-үймелеп отыратын, шапан жауып, шарапат үлестіргіш орталарға үйірлігім жоқ. Баяғыда Алматыда жүргенде қазақтың атақты Өтежан Нұрғалиевін де, эрудит Әмірхан Балқыбегін де көрдік. Ептеп есті әңгімесін де тыңдаған болдық. Бітеулеу басымызбен, өкінішке орай. Мұрат Шаймарандай шығыстық сарын есіп тұратын ғажап ақынның екі күннің бірінде қасында жүріп шәкірт болдық деп айтудың өзі мен үшін үлкен мақтаныш екенін несін жасырайық. Мен бұл кісілерді өзгесінен алабөтен неге айтты деп ойлайсыз. Оның мәні, олар өз жалғыздықтарының ұлы шәкірті бола алған адамдар еді. Міне, біз осы қасиетті бір кісідей сезініп те бағалап өстік. Сосын да қал-қадірімізше жұқтырғымыз кеп, дәл бүгінгідей емен есіктіге жұғымы аз адамға айналып шыға келдік.
Әке болу да өмірдің бар құпиясын ашып тастайтын кілт секілді маған. Тіпті, бұдан ары айтудың өзі артық болса керек. Міне, осы құпияны ашардан бұрын да, ашқан күні де алғашқылардың қатарында кімге қоңыраулатқанымды білесіз бе, марқұм Бейсен Құранбек ағаға хабарласқан едік… Иә, «әке болдым» деп бір жұмбақтың мәнін тапқандай тағатсыз қоңырау еді. Сосын бір есімізді жиғанда «қамшының сабындай қысқа, алақанындай тар» ғұмыр деп аһ ұрған жүректердің қатарында отырғанымызды да білдік сөйтіп. Біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ бұл мен үшін исі қазақ үшін үлкен жоғалту болғаны рас. Көктем көктем емес, жаз жаз емес секілді өткені содан болар. Мұны неге айтамын? Бұл да «Қозыбай қайда жүр» деген сұраққа орай айтылуы тиіс дүние еді. Себебі, жоғалту деген сөз жоқ табудың басы!
Сөз басында айтқа-нымдай, менің өмірім өмірдің әр күрсінісі мен жарылысынан қалыс қалмаған секілденеді кейде. Гете мен Жұмекен айтатын ең алдымен ақынның жүрегін талқандайтын жарылыс-жарқышақтың бәрін де «губкы» секілді сіміріп алып түк болмағандай қарап отыратын секілдіміз кейде.
Талдықорғанға келгенде өз шаңына өзі көміліп, өз үнімен өзі құмығып жатқан әдеби ортаны, тіпті ұйқыдағы қаланы бар дауысыммен айқайлап оятқым келген. Не деген амбиция десеңізші? Шынында сондай бір «бұзақы» махаббатпен, күйгелек жанашырлықпен келгенім рас. Бірақ қазір ойласам, түк бітірмеген сияқтымын…
Ал, журналистика туралы айтар болсақ, аузы қисық байдың баласы да осында жүр. Құрғақ нотацияшыл, дымқыл иллюзияшыл, нұрлы мұрагерлер де тұп-тура осы ауланың әлпештеген еркесі бүгін. Жеделдік деген етегі желп-желп еткен желеумен екі сөздің басын зорлап қосып телеарнада жүретіндер де, публицистиканың пошымы осы деп баспасөзде сылдыр сызып отыратындар да қазір «герой». Әкімнің майлы табағы мен шендінің жылы-жұмсағы да солардың алдына тосулы. Сенесіз бе, әр ауданның өз сүйікті журналисті бар. Бара қалса балын ағызып, күрішін арқалатып жіберетін. Ол аз десеңіз, әкімдер қазір брифинг дейтін біп-бітеу жиынға дорба арқалап келетін, өздеріне салса шүлен тарататын деңгейге түсті. Ал күліңіз, ал жылаңыз!».

АҚ қағаз бен қара сияны ермек еткен ақын осылай деп ағынан жарылыпты. Осы орайда оның сиясы кеуіп үлгермеген жырларын да ұсынуды жөн көрдік.

Дауыс

Тамыры ауырған елдің,
Ернінде дір қағып келемін.
Аспанның,
Хаостың,
Жердің
Өзіндей жұмбақ бұл өлеңім.

Жұмбақ бұл өлеңім көздей,
Теңіздей тереңге тартқан.
Көкпеңбек көктемгі сөздей,
Көктемге үмітін артқан.

Тасқа да шөп шығар бүрлі,
Құмның да кірпігін уақыт су етер,
Жылан да сүйеді елітіп гүлді,
Жүрегі жыланның о неден зу етер?

Үмітті тірілту оңай ма ескі:
Әділетсіз қолдардан тағдыр боп өлген.
Бұлт болып өрт құшқан кешкі,
Таң болып ағарып келген.

Келемін мен сондай көзбен,
Сен нені таныдың?
Ешкімді!
Ештеңе жоқпыз біз сезген,
Бір дауыс тек қана естілді.

Сол дауыс мұраты ма ойдың,
Сол дауыс жүрегі ме әннің?
Сол дауыс түбіне тұнатын ойдың,
Сол дауыс сағынышы – жүрегі бардың!

Арыс

Ұшқан оттың гүлге түсті бір шоғы,
Жауыздың да сұссыз бұдан білсе оғы.
Тұман қысқан дел-сал Арыс – сал Арыс,
Өкініштен санын дала тұр соғып.

Санын солай соқты дала, соқты отан,
Қарылды кеп қару құсқан шоққа тән.
Сенің бауырың – жаны сірі-ақ – дін аман,
Сенің ауылың баяғы енді жоқ, ботам.

Сені сосын уақытты ес қылдым,
Бармақ тістеп келмеп еді кеш қылғым.
Атылды ауыр оққа тосып сөз басын,
Ақырғы ауыл дауысын түсте естірмін.

Арыс емес аңсап барар ол да енді,
Апармайды өткен күнге жол да енді…
Санын солай соқты дала, соқты отан,
Сенің ауылың баяғы енді жоқ, ботам…

Қатыгез

Сезім де қақ бөліне алады,
Жүрек қақ бөлінсе деймін.
Жад та жат көріне алады,
Ұясы бұзылса ойдың.

Таң да таласар, бәлкім,
Күннің көңілін сүйіп.
Жұлдыздар жарасар, бәлкім,
Құстардың өмірін сүйіп.
Әлемге сыймаған сөздің,
Тағдырға сыйғанын көрем.
Аптапқа басын имеген гүлдің,
Тұратын еді дидарында өлең!

Торғай да сосын жылай біледі,
Бұтаның бір түп тамыры семсе.
Адамды осы құдай біледі,
Бәрінен қатыгез менше.

Тағдыр

Сөз бастап алардай бір ойға да ауыр,
Бір сезім тудырардай бойда дауыл.
Түсімде теріс қарап жатады ылғи,
Жарқабақ үстіндегі қайран ауыл.

Жарқабақ тағдырыңа налам неден?
Асқынған сені ойласам жарам неден?
Ақ арман әдірә қап барам деген,
Бір сөзің бұйырмастай «балам» деген.

Тұсауда тұрған жанмын – бар ма өткелі,
Тағдырым қанатымды бар да етпеді.
Келмедім таңдайға сап тас та жұтып,
Өтпеген бабам да өзіңе аштан үркіп.

Жан едім тірі айрылған — тағдыр көрген,
Аңқасы кепкен аумай тандыр жерден.
Жан едім екі туған — екі өлетін
Жан едім өлерінің алдында «өлген».

Үміт

Менің кеткім келеді далаға,
Түкіріп ғайбат пен жалаға.
Тәуелсіз дауыстың басына тас үйдім,
Уақытқа садаға!
Уақытқа садаға!
Тостым:
Бір дауыс естірдей кімнен?
Келешек өзіңмен доспын,
Бүгінім түсіне кірген.

Бүгінім бұйықпа бекер,
Жалыққан ұраннан жанмын,
Арманыңды иықта!
Көтер!
Дауысын естіші таңның.

* * *
Өлді шындық,
Өлді ақиқат,
Өлді кім?
Қазып отыр өлген сөзге көрді кім?
Жалғыз жұтым ауасы бар – Отан бар,
Ол да ашшы енді – көз жасындай шерлінің!

«Қағба» жасап,
Қамқа киген ұлт па осы,
(Шарығына шамданбайтын шұрқ- тесік).
Жапан отыр жалғыз ғана «эх» десіп,
«Соры қалың мынау нендей ұлт» десіп.

Ұлтаны өліп,
Сұлтан баққан — аш күлген,
Тамыры бір, құдай білсін, қасқырмен.
Сөйлеп тұрмын даңғарадай даңқты,
Дәл ішінде дімкәс бүгін бастың мен.

Дайындаған С. ӘЙТЕНОВА.


ПІКІР ЖАЗУ