Сайынның сырлы әлемі

Қазақ әдебиеті бас-аяғы жүз жылдың ішінде кемелденіп, толысып, биік тұғырына қонды. Тебінгіге жетер-жетпес судан телегей теңізге айналды. Осы көкжайқынға сансыз бұлақ, қаншама өзен келіп барын құйды, нәрін төкті. Қотарылып құйылған арналы өзеннің бірі – Сайын Мұратбеков шығармашылығы деп аталады. Жазушының тағылымды өмірбаяны, шығармашылығы туралы барлық баспа беттерінде ақпарат желілерінде айтылып жатады және ол тоқтаусыз жалғаса береді. Себебі, жазушы Сайын Мұратбеков артына өшпестей мұра қалдыра білді.
Оның замандастары оған түрлі баға берген естеліктер қалдырған
Шерхан Мұртаза
«Зергер сөздің шебері жазушы Сайын Мұратбеков өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегін баурап,ықылас құрметіне бөленген дарын иесі. Сайын — біздің ұлттық құндылығымыз, оның шығармасының ғұмыры ұзақ. Бүгін болмаса ертең, ұлтына қарамай-ақ өз оқырманымен ажырамастай табысатыны кәміл»
Нұрлан Оразалин
«Өмір…Қоғам…Дәуір…адамдар дейтін мына мәңгілік қозғалыстың қара көрігі болған ұғымдарға жиырмасыншы ғасырдағы басынан қайғы мен қасіретті көп өткізген, Жұбан ақынның тілімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» жанын, жүрегін, ойын, санасын шағын әңгіме дейтін жанр үлгісінде өрген жазушы Сайын Мұратбековтің ұлт кеңістігіндегі үлгісін, жолы, жөні бөлек, ешкімге ұқсамайтын көркемдік шеберліктің жемісі деп бағалауымыз керек.».
Әбіш Кекілбаев
«Табиғаты әсем өлкеде туған суреткер көзін аша сала көрген әлемді сөзбен тіркеуге тырысты. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ сөз өнері жәрмеңкесінің бір төрінде — Жетісу бағынан жаңа үзіп әкелген бір себет миуадай жұпар аңқып бір үйір кітаптар тұрар. Ол – Сайын Мұратбековтің әңгімелері мен хикаяттары. Дер кезінде жұлынған жемістердей шырыны да сүйкімін таныта алатындай сындарлы туындылар».
Мерейтойға арналған конференция
Өткен аптаның бейсенбі күні ешкімге ұқсамайтын көркемдіктің шебері жазушы Сайын Мұратбековтың 90 жылдық мерейтойлық конференциясы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде
аталып өтті.
Кешті жүргізуші Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сахна төріне Мағрипа, Майра Мұратбековалармен қатар Мереке Құлкеновті және Әміре Әрінді шақырып, қазіргі ақын, жазушылардың шығармаларынан тұратын «Суреткер» атты кітаптың тұсаукесері жасалынды. Алғашқы құттықтау сөз алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Әскербекұлы Жақанбаев ҚР вице президенті Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді:
Әдебиеті бар елдің – рухы бар, танымы мен тарихы бар. Ендеше сол әдебиетті жасаушы қаламгерлердің еңбегі халықтың қашанда асыл мұрасы болып қала береді. Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар, адам жанына терең бойлайтын көркемдік әлемі бөлек қаламгер. Оның шығармалары туған жердің топырағын, ауылдың тынысын, балалықтың бал шағын, адам көңілінің қыртыс-қатпарларын қапысыз сезіндіреді. Қаламгер тақырыпты алыстан іздеген жоқ. Өзі туып-өскен өлкедегі замандастарының, қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тіршілігінен, өзара қарым-қатынасынан, тағдыр талайынан адамгершілік, адалдық, мейірім, ар-ұят секілді мәңгілік құндылықтарды көркемдікпен кестелей білді. Сайын Мұратбековтің Жетісу топырағынан түлеп ұшқаны – біз үшін үлкен мәртебе, – делінген құттықтау қағазында.
Әдебиеттің өміршеңдігі оның адам жүрегіне жол табуымен өлшенеді. Ал адам жанының нәзік иірімдерін шынайы суреттеп, қарапайым тіршіліктің өзінен үлкен тағылым түйе білген қаламгерлердің шығармалары уақыт өткен сайын жаңғырып, оқырманмен қайта қауышады. Қазақ прозасында осындай сыршылдық өрнегін қалдырған көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің әдеби мұрасы да ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани құндылығын жоғалтқан емес.
Келелі кездесуде сөз алған қаламгер-публицист Жүсіпбек Қорғасбек Сайын Мұратбековті «соңғы классик» деп атады. Айтуынша, «Соңғы классик» ұғымы – әдебиеттанудағы нақты әрі бәрі бірдей мойындаған ғылыми дәреже емес, белгілі бір қаламгердің әдеби үдерістегі орнын сипаттайтын бағалау ұғымы.
– Жазушы кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда асығыстыққа бармайды. Олардың сезімін бүкпесіз жайып салмай, күнделікті өмірдегі әрекеттері, сөздері арқылы танытады. Кейіпкерлерінің тағдыры арқылы адам болмысының күрделі қырларын көрсетеді. Мұндай ерекшелік «Жабайы алма» повесінде де айқын байқалады. Шығарманы оқығанда, оқиғалардың сыртқы желісінен гөрі адам жанының тереңіндегі сезімдерге көбірек үңілесің. Сайын Мұратбековтің жазушылық қуаты да осында. Ол оқырманға ойды күштеп таңбайды, сезімді қолдан жасамайды. Оның шығармаларындағы мұң, сағыныш, мейірім мен адамгершілік табиғи қалпында көрінеді. Қарапайым оқиғалардың өзінен үлкен мағына таба білуі қаламгердің көркемдік шеберлігін танытады. Жазушының шығармалары кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да оқырманын жоғалтқан жоқ. Қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны мен көркемдік мұрасының өміршеңдігі Сайын Мұратбековті «соңғы классик» атауға толық негіз, – деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Өз кезегінде сөз алған жерлесіміз әдеби «Алаш» сыйлығының иегері Әміре Әрін төмендегідей ой тұжырымын жеткізді
-«Жабайы алма» хикаятын оқымаған жан жоқ шығар. Иір-шиір таусылмас тіршілік қамы. Еңбекке ойын балалары да тартылған. Масақ тереді. Әрбір дән — жауға атылған оқ! Әр оқушы күніне 2 атдорба масақ жинауға тиіс. Солардың бел ортасында, әрине автордың өзі де жүрді. Жазушылық жұлдызын жарқыратқан өмір мектебінен дәл осылай өтті де!
Қаламгер бір сұхбатында: «Меніңше, өзің өмір сүріп отырған орта, өзің күнделікті аралас-құралас жүрген замандастарың туралы ғана дәл жазуға болады. Мен өз басым жақсы білетінімді, бастан кешкенімді жазамын» деп ағынан жарылған болатын. Шындығы да осы! Барлық туындыларында осы бір ордалы ойының сілемдері атойлап алдыңыздан шығады.
Қаламгердің кез келген шығармасының жетегіне бойыңыз бір ысып, бір мұздаған қалпыңызда, еркіңізден тыс ілесіп кете бересіз. Кейіпкерлердің ішкі қайшылықтары қаншалықты ширығып тұрса да, адалдық айдынына шомылып, ақзер сезім нұрымен қуаттанасыз. Сөз саптау мәнерінен бастап, ой-санасында пісіп, жетілген бейнелердің болмысын қиыннан қиыстыра кейіптеу, олардың әрқайсының табиғатына тән тілдік ерекшелікті дөп басу, негізгі образдардың психологиялық лиризм шуағы арқылы көркем сомдалуы – суреткерлік кемелдігі, қазақ прозасының алтын көмбесі деп бағалаймыз.
Сайын Мұратбековтің жерлесі әрі шәкірті саналатын Арасанбай Естен кезегімен сөз алып естеліктерді жалғастырды.
– Қаламгердің туындыларын оқығанда, көз алдымызға қарапайым ауыл көріністері, балалық шақтың ұмытылмас сәттері, көңілде сақталған аяулы естеліктер келеді. Алайда осы қарапайым көріністердің астарында адам жанының терең сыры жатады. Сайын Мұратбеков кейіпкерлерінің бойындағы мейірімділікті, жалғыздықты, сағыныш пен арманды нәзік сезіммен суреттейді. Сондықтан оның шығармалары оқырманды бейжай қалдырмай, адам өмірі мен тағдыры туралы терең ойға жетелейді, – деді Арасанбай Естен.
Сайын Мұратбеков жайында Әділбек Ыбырайымұлы да өз бағасын бере отырып, жүрекжарды жақсы-жақсы пікірлерімен бөлісті.
Сайын Мұратбековтің 90 жылдық мерейлі жасын атап өтуге орай қаламгердің туған ауылы Қоңыр ауылында спорттық турнирлер, Талдықорған қаласындағы Сайын Мұратбеков атындағы № 9 орта мектепте оқушылармен тағылымды іс-шара өтіп жатқандығын Қуаныш Сүлейменов хабарлады.
Сол сияқты облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханада да Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай оқушылар арасында «Сайын салған сырлы әлем» атты облыстық байқау өтті. Әдеби шараның негізгі мақсаты – жазушының бай мұрасын кеңінен насихаттау, жас оқырмандардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру және олардың шығармашылық қабілетін шыңдау. Осы мақаланы жазу барысында ішкі дүнием толғанысқа бөленіп, төмендегідей жыр шумақтары туды:
Суреткерді әкелген сайын дала,
Бала шақтан бал жиған
Сайын бала.
Жабайы алма ащы дәмін татып
өсіп,
Жусан исін паш етті ерек дара!
Қыран келіп қонғандай тұғырына,
Оқырман еніп айдын тұнығына.
Елес болып сары дала,
сайын дала,
Жусан исі келеді мұрыныңа.
Елің, жұртың сенен еш
қол үзбейді,
Сайын менен сары дала егіз дейді.
Өтіп жатыр 90 жас мерейтойың,
Жабайы алма жемісі сені іздейді.
Сайынды оқу керек және одан үйрену керек екендігін кешке қатысқан көп тыңдарман көңілдеріне түйіп қайтты.
Сембек Солтанұлы
«Алатау»










