Келелі мәселелер қаралды
Алматы облыстық мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде Алматы облысында «Мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік» институтын енгізу жөніндегі реформаны жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың 7 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Онда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және ұстау мәселелері реттелген және «бір көппәтерлі тұрғын үй – бір бірлестік – бір шот» жаңа қағидасы енгізілді. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 143-тармағымен мүлік иелерінің бірлестіктері институтын енгізу бойынша реформаны іске асыру көзделген.
Аталған реформаның жетісу өңірінде іске асырылу барысы жайында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Б.Тәнекенов комиссия мүшелері алдында есеп берді.
Баяндамашы сөзінше қазіргі таңда көппәтерлі тұрғын үйлердің кеңестерін сайлау және кондоминиум объектілерін басқару нысандарын таңдау үшін пәтер иелерінің 1082 жазбаша сауалнамасы мен 1013 жиналысы өткізіліп, тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына қатысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына 22 мақала, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде 2200 жазба жарияланған. Сонымен қатар ол көпқабатты тұрғын үйлердің статистикалық мәліметімен олардың қазіргі таңда жаңа реформаға сәйкес қаншасы тіркеуден өткені жайлы да ақпараттандырды.
«Облыс бойынша 3581 көп қабатты тұрғын үйдің 2698 Әділет органдарында Кондоминиум объектілері ретінде тіркелген, 883 тұрғын үйді тіркеу үшін 2021 жылға арналған кондоминиум объектілерін тіркеу бойынша негізгі көрсеткіштердің кестесі бекітіліп, жылдың соңына дейін тіркеуден өткізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге облыс бойынша барлығы 61 мүлік иелері бірлестігі және 895 жай серіктестік құрылды», – деді ол.
Жалпы осы уақытқа дейін мәслихат депутаттарының бастамасымен жұмыс тобы құрылып, көпқабатты нысандары бар аудан-қалаларда пәтер иелері кооперативтерімен ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Реформаның іске асуы халық қалаулыларының назарында болмақ және 4-ші тоқсанның басында тұрақты комиссия отырысында қайта қаралу жоспарланған.
С. БАЗАРҚҰЛОВА.