Қос кітаптың тұсауы кесілді

0
1371

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің мамандары «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» атты қос кітаптың тұсаукесерін өткізіп, ел тыныштығына елеулі үлес қосқан мамандарды арнайы марапаттады.

Салтанатты шараны ашып, жүргізген  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев өткен 30 жылдың бедерінде ұлттық қауіпсіздікті бекемдеу жолындағы жетістіктер мен табыстарға тоқталып, тұсаукесер рәсімге жиналған көпшілікті алда келетін  мерекелермен құттықтады.

Мұнан соң  сөз алған   Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагері, отставкадағы полковник Кеңес Бабаев халықтың тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау жолында бастарын қауіп-қатерге тігетін шекарашылар мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің ерлікке толы өмір жолдарының өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатынын айтты.

Тәуелсіздік  алған  90-шы жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта орын алған оқиғаларды қамтыған қос кітаптың тұсаукесерін  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Сәбит Құрманәлиев,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Кеңес Бабаев, кітапқа кіргізілген  «Мәңгілікке қадам» атты мақаланың кейіпкері,  ұлттық қауіпсіздік полковнигі Мақсат Есімбеков,  ұлттық қауіпсіздік аға лейтенанты Әлішер Кеңесов өткізіп, туындыны оқырманға жолдады.  Тұсаукесер рәсімінен соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты  К.Масимовтың Алғыс хаты мен мерекелік төсбелгісімен марапатталған ұлттық қауіпсіздік полковнигі Мақсат Есімбеков өзі куә болған оқиғаны әңгімеледі.

Келесі кезекте Тәуелсіздіктің құрдасы, ұлттық қауіпсіздік аға лейтенанты Әлішер Кеңесов те сөз алып, жылы  лебізін  білдірді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ