Жүрек ауруына жүре қарауға болмайды
Ауыл тұрғындарына консультативтік-диагностикалық көмек көрсету мақсатында Облыстық кардиологиялық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Шормақов бастаған дәрігерлер: кардиохирург Алмат Садықов, рентген-хирург (аритмолог) Рақымжан Наеков және функционалдық диагностика дәрігері Гүлнәр Демесіновалар Ақсу аудандық орталық ауруханасында болып, науқастарға кеңестерін берді.
Директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Бекетайұлының айтуынша, қазіргі таңда жүрек дертіне шалдыққандар саны өте көп.
– Біздің іссапарға шығудағы негізгі мақсатымыз – қала мен ауыл арасында байланыс орнату. Яғни, ауылдағы науқастарға кеңес беріп, тексеруден өткізу. Қазір жүрек ауруымен сырқаттанушылар көбейді. Осы аудандық ауруханада кардиолог, УЗИ мамандары болмағандықтан, арнайы келдік – деген А. Шормақов мырза жүрек ауруын жүре қарауға болмайтынын да айтты.
Өткен жылдың нәтижесі бойынша Алматы облысында жүз адамға шаққандағы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 23 пайызға, яғни, 152,6-дан 187,7-ге дейін өскен. Ал, өлім-жітім деңгейінің артуына мамандардың жетіспеушілігі мен медициналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі басты себептердің бірі болып табылады.
Осындай аудандардың қатарына жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім жоғары (187,2) және кадр тапшылығымен кіріккен 40,5 мың халқы бар Ақсу ауданы да бар.
Бұл күні аудандағы 60-тан астам науқас мамандардың арнайы тексеруінен өтті. Оның ішінде 20 адам эхокардиография (жүректің УЗИ), 12 науқас кардиохирургтың қабылдауында болса, 19 науқас аритмологтың кеңесін алды. Тексеру барысында 4 науқасқа кардиостимуляторды жоспарлы түрде имплантациялау ұсынылды, бір науқаста диаметрі 0,9 см болатын митральды қақпақшаның стенозымен хирургиялық емдеу үшін госпитализация және 16 жағдайда коронарлық ангиографияны жоспарлы түрде жүргізу ұсынылды.
Осындай керемет мүмкіндік тудырған медицина мамандарына аудандық аурухана дәрігерлері мен денсаулықтары бойынша ем-дом алып, кеңестер тыңдаған аудан тұрғындары алғыстарын білдірді.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.