Шекара шебінде

0
28

САРЫБӨКТЕРЛІКТЕР СЕРГЕК ҚЫЗМЕТТЕ

Тау төсіндегі тыныштықтың өзі кейде қырағылықты талап етеді. Өйткені мемлекеттік шекара дегеніміз – бейқамдықты көтермейтін жауапты шеп.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Сарыбөктер» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері дәл осындай күрделі учаскеде ел шебін күзетіп келеді.
Шалғайдағы таулы аймақтың табиғаты қатал. Биік тау, құбылмалы ауа райы, ұзақ кезекшілік – мұның бәрі шекарашыдан кәсіби шеберлікпен қатар, төзімділік пен табандылықты талап етеді.
Бөлімшеге капитан Абдыхан Серікбай басшылық етеді. Тәжірибелі офицер үшін басты міндет – шекара күзетін сапалы ұйымдастырып қана қоймай, әр әскери қызметшінің жауынгерлік әзірлігін шыңдау.
«Сарыбөктерліктер» бірнеше буын қалыптастырған жауынгерлік дәстүрді жалғастырып келеді. Олар тәуліктің қай мезгілі, ауа райының қандай болғанына қарамастан, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындауға тырысады.

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН

Шекара қызметінде жылдар жинақталған тәжірибе – жас сарбаздарға көрсетілген бағыт-бағдар. Осындай азаматтардың бірі – ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісубойынша департаментінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Үйгентас» шекара бөлімшесінің топ бастығы, кіші сержант Ерзат Жанымханов.
Ол үш жылдан астам уақыттан бері «Үйгентас» шекара бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде өз ісінің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, жинаған тәжірибесін жас әскери қызметшілерге үйретуді де азаматтық міндеті санайды.
Бүгінде топ бастығы ретінде жеке құрамның қызметін ұйымдастырып, әр жауынгердің өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына мән береді. Жас буынға үлгі болатын осындай әскери қызметшілердің еңбегі шекарадағы сабақтастықтың берік екенін көрсетеді.

ШЕКАРА МЕН ШАҢЫРАҚҚА ДЕГЕН СЕРТ

Отан қорғау – үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті отбасылық міндетпен қатар алып жүру – одан да үлкен сын.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Үйгентас» шекара бөлімшесінің старшинасы, ефрейтор Олжас Тасыбек үшін әскери қызмет пен отбасы – өмірінің қос тірегі.
Оның жары Аружан Масақбаева да осы бөлімшеде санитар нұсқаушы болып еңбек етеді. Бір бөлімшеде бірге қызмет ету ерлі-зайыптылардың бір-бірін жақсы түсінуіне, қызметтің қиындығын бірге сезінуіне мүмкіндік береді.
Кейде қызметтен оралғанша алаңдап күтетін жар, әкесінің жолына елеңдеп қарайтын бала бар. Ал шекарашының ойында – ел алдындағы міндет. Олжас үшін бұл екі жауапкершілік бір-біріне қайшы емес. Керісінше, отбасының қолдауы оның қызметіне деген жігерін арттыра түседі.
Олардың ұлы Мади үшін ата-анасының елге қызмет етуі – күнделікті көріп жүрген үлкен тәрбие мектебі. Әкесінің әскери киімі, анасының қызметі, Отан туралы әңгімелер – бала жүрегіне елге деген құрметтің дәнін себері анық.
Ефрейтор Олжас Тасыбек үшін шекараны күзету – әскери антқа адалдықтың көрінісі болса, шаңырағына қамқор болу – азаматтық әрі әкелік парыз.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

Өз тілшіміз