Алматыда кітап жәрмеңкесі өтті
Жуырда әсем қала Алматының төрінде «Кітап жәрмеңкесі» өтті. Іс-шараға әр түрлі баспагерлер мен алыс-жақын Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен арнайы делегация келіп, 60-қа жуық отандық баспалар мен кітап дүкендері қатысып, өз еңбектерін оқырман назарына ұсынды. Ашық аспан астында өткен мәдени шара Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда ұйымдастырылды.
Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұйымдастыруымен өткен іс-шара кітапсүйер қауымның көңілін бір сергітті. Мәдениет министрлігі мұрындық болған мәдени мұралардың көрмесі мұнда келушілерді бірден өзіне баурап алды. Мұндағы қатары тізілген ақ шатырларға отандық баспалардың кітаптары қойылды. Айтулы жәрмеңкеге Мәдениет министрі Дәурен Абаев пен Алматы әкімі Ерболат Досаев арнайы қатысты.
Көтеріңкі көңіл-күймен жалғасқан жәрмеңкеде қала қонақтары мен тұрғындары түрлі жарыстарға, зияткерлік викториналарға қатысып, жеңімпаздарға кітап себеттері табысталды. Сонымен қатар іс-шара барысында Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар мұражайы» экспонаттары ұсынылды. Қызығушылық танытқан жандар ХIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында шыққан Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа кітаптарымен танысты. Аталған үш күн ішінде баспа ісін, балалар және заманауи әдебиеттерді дамыту бойынша дөңгелек үстелдер өтіп, білікті мамандар осы тақырыптарды талқылап, кітапсүйерқауымға пайдалы ілімдерді де сіңірді. Жәрменкені өткізудегі басты мақсат та осы болған. Кітап мәдениетінің дамуына серпін беріп, оқу мәдениетін қалыптастыру жолында дәнекерлік таныту және кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосу.
Үш күнге созылған кітап жәрмеңкесі келер ұрпақтың кемелденуіне, бәсекеге қабілетті, білімді қоғамның қалыптасуына зор ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар. Құнды кітаптар көрмесін жылда ұйымдастырып тұру – келер жылы да өз жалғасын таппақ.
* * *
Жәрмеңке тек сатылыммен ғана шектелмей, сонымен қатар прозаға, поэзияға қызығушылығы бар жандарға үлкен мүмкіндік сыйлады. Кітапсүйер қауым белгілі ақын-жазушылармен кездесіп, олардың шығармаларын алып, естелікке қолтаңба да қойғызды. Отандық эстрада әншілері мерекелік концерт беріп, халыққа керемет көңіл-күй сыйлады.
Айтулы іс-шараға Жетісу өңірінен арнайы келген бір топ ақын «Жетісу қызғалдақтары» атты жыр кешін өткізіп, жиналған жұрттың жүректерін тебірентіп, іштегі сезім, көңіл-күйлерін ақтарды.
Аппақ көңіл, арман жырларын арқалаған әсерлі кеште саңлақ Сара мен Марфуғанның, Қанипа мен Зайданың сіңлілеріміз деп өздерін таныстырған Роза Сейілхан, Гүлбақыт Қасен, Жазира Бақаева және Самал Зікірияқызы бастаған аға буын ақын қыздар кеш шымылдығын түрді.
Өлең деген – әрбір адам түсіне бермейтін, бекзат өнер. Жыр жазу екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін ерекше қасиет. Халқымыздың арғы-бергі поэзиясында айшықты қолтаңбасы қалған, қазақ поэзиясын белгілі бір деңгейге көтеруге үлес қосқан ақындардың ғұмырдариясы әр түрлі. Сондықтан да олардың табиғаты – қарапайым адамдардан өзгеше. Оны ақындықты түсінетін, киелі өнерді қадірлейтін жандар жақсы біледі. Іштегі әрбір сезімін өлең жолдарымен өрнектеген ақындардың шығармалары алаңға жиналған кімнің болмасын жүрек тұсын елжіретіп, поэзияға деген қызығушылығын одан сайын оятты.
Ақынның жазған өлең-жыры екінші бір жанның көңіліне қуаныш сыйлап, жанарынан тамшы жасты сүртуге ықпал етсе, нағыз бақыт, үлкен қуаныш сол болар.
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп, Қадыр Мырза Әли айтқандай, әсерлі жырлы кеш әуезді әнмен жалғасты. Бұл да алматылықтарға Жетісу жерінен алып келген үлкен тарту-таралғы болды. Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың әні «Дариға Дәурен» әнін Нұржан Мәулен есімді әнші жоғары деңгейде орындап шықты.
Әуезді ән мен поэзияға сусындаған халық келесі кезекте орта буын өкілдерінің өлеңдерін ұйып тыңдады. Әсел Оспан, Ақбөпе Жиенқұлова, Торғын Тұрлыбаева, Сағыныш Намазшамова бастаған екінші толқынның шығармалары өзінің өрнегімен, ерекшелігімен бағалы болғандай. Ақындардың әрқайсысының өлеңі санаға өзіндік ой тастап, шынайы, боямасыз қаз-қалпында өтіп жатқан ғұмырды бейнеледі. Орта буынның жырларын тыңдап тұрып, поэзия кеңістігіне терең бойлағанда алапат күйге бөленіп қана қоймай, шексіз бір кеңістікке түседі екенсің.
Әдемі әдеби атмосфераның жалғасы тағы бір әуезді әнмен жалғасты. Кенен Әзірбаевтың «Бастау» атты әнін орындаған Назира Асқар есімді әнші қыз қазақтың ұлттық киімі және қара домбырасымен сахнаның ортасында сән құрып, жиналған қауымды өзінің қоңыр даусымен тәнті етті.
«Жетісу қызғалдақтарының» әсерлі кешін Әмина Адайхан, Мағрипа Сандуғаш, Алуа Асқарқызы бастаған ақын қыздар жалғады. Жас болса да өздеріне тән өр мінездерімен, шығармашылық қабілеттерімен көзге түскен жандардың поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбалары қалыптасқаны байқалады. Ойға орамды, тілге жеңіл болған жырлары кез келгеннің жүрегіне жол табары сөзсіз. Өлең жарықтық жүректегі тебіреністен, махаббаттан, толқудан туады. Кез келген өнер адамының шығармашылық шеберханасы, шабыт шақырар құт-мекені болатыны секілді, мұнда тұрған әрбір ақын қағазға түсірер сиясын ерекше толқумен жазып шығады.
Әдебиет майданында жүрген ақындар мен жазушыларға кейде қарап тұрып, «Япыр-ай, осыншалықты керемет шығармалар қайдан туады?» деп таңдай қағатын сәттер болады. Алайда шығармашылық адам болғандықтан ақындардың өзіндік «Менінің» болуы заңды құбылыс. Әркім өзінің іштегі сырын, ойын жыр ғып жазып, өзінше жеткізеді.
Әсерлі жырларды естіп, немесе оқып отырып «Жүрегіне төркіндетпей көктемін, Көкбеттенген жындымын!», «Адамдардың бәрі мейірімсіз» деген секілді өлең жолдарын да байқап қалуыңыз бек мүмкін. Мұндайда оқырман ойында «мынадай сөздер неге айтты», «осындай өлең жазуына не себеп болды» деген іштей сұрақтар мен ойлар мазалап тұрары анық.
Өлең – бір мезеттегі көңіл-күймен жазылатын құбылыс болғандықтан ондайға бірден мән бермеу керек. Сондықтан оны оқып отырып, мына ақынның ойы, көзқарасы сондай екен деп пікір қалыптастыруға да болмайды. Ақын өлең жазғанда ақын, ал күнделікті өмірде қарапайым адам. Өлең түсіне білген адамға жан дүниеңдегі арпалыс, шынайылық, қарсылық, ішкі жалғыздығыңмен күресу секілді сезімдер таныс болады. Жыр кешінің әсерлі өтуінің себебі де осы – бір-біріне мүлде ұқсамайтын ақын, ерекше өлең жолдары.
Жыр кешінің соңы «Жетісу қызғалдақтары» әнші қыздарының гитарамен сүйемелденген әдемі әнімен аяқталды. Жиналған жұрт қарасы көбейіп, іштерінде тағы жалғасса екен тілек білдірушілер де болды.
Көктемнің қоңыр салқын ауа-райына қарамастан өткен жыр кеші өнерсүйер қауымды тәнті етіп, бір серпілтіп жіберді. Мәдени шарада өткен бір жарым сағат жиналған көпшілікке аз ғана уақытта зымырап өтіп кеткендей әсер қалдырды.
Біздің қазаққа ақындық – жақын өнер. Соның ішінде осы нәзікжандылардың поэзиясы жоғары бағаланады. Кезіндегі Фариза, Күләш, Зайда апаларымызды айтпағанда, олардың ізін жалғаушы ақындарымыздың жүрекжарды туындылары қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, рухани азық болып келеді.
Хан тәңірі, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» дегендей, ақындардың жырлары-нан сырға толы мұңды да, қуанышты да, ішке сыймай тұрған түрлі сезімді аңғаруға болады.
Әдеби, рухани азықпен сусындаған халық мұндай іс-шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын қалайды. Ашық аспан астындағы жыр кеші өзіндік жүректерге жол тауып, керемет әсерімен елдің есінде қалды. Шара соңына жиналған қауым ақындармен суретке түсіп, етене жақын танысып, сыр шертісті.
Арайлым НҰРЖАПАР
ТАЛДЫҚОРҒАН-АЛМАТЫ