Мұқағали мәртебесі. . .

Мен, жазушы Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали мәртебесі» атты алты тараудан тұратын, әртүрлі, қадау-қадау тақырыптарды қамтыған, 200 беттік монографиялық повестін талқыламас бұрын, Нұрлан Тоқтасынұлы мүше болып табылатын Қазақстан Жазушылар Одағы (ҚЖО) және оның атқарып жатқан жұмысы туралы қысқаша мәлімет бере кеткенім жөн болар.
Құрылғанына былтыр 90 жыл толған, біздің ҚЖО-да 1500-ден астам мүшеміз бар. Қазіргі таңда одақты танымал жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Құлкенов Мереке мырза біліктілікпен басқарып отыр.
Шындығын айтқанда, Мереке Әбдешұлы одақты басқарған екі жарым жылдан бері ұжым жұмысы бұрын болмаған дәрежеге көтеріліп отыр. Оған қысқаша тоқталсам.
Осыдан екі жылдан астам бұрын, Мереке Әбдешұлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, әдебиет, кітап оқу мәдениеті, жастарды қаламгерлікке тарту бағытындағы қажетті іс-шаралар мен маңызы зор жобаларды Мемлекет басшысының алдына жайып салған. Президентіміз оны толықтай қабыл алып, батасын берген-ді.
Артынша, 2024 – жылы Қазақстан Жазушылар Одағы Қазақстан Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетімен стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бойынша жариялаған конкурстан үш жаңа Жобаны ұтып алған еді.
Атап айтқанда: «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш жобаны ұтып алып, сәтті орындап шыққан болатын. Сол жобалардың аясында, одақ жұмысы қызу жүріп жатыр.
Одақта проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті, шетел әдебиеті мен детектив және фэнтези жанрларының кеңесі жұмыс жасайды. Нұрлан Тоқтасынұлы да, өзім де детектив жанр кеңесінің мүшесіміз. Енді діттеген негізгі тақырыбыма көшейік…
Қазақтың әдебиет саласында артында мәңгі өшпес жарық жұлдыздай жарқын із қалдырған ақындардың ішіндегі бірегейі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ақын жырлағандай, өзі кетсе де, артында мәңгі өшпес өлеңдері мен жан тебірентер жақұт сынды жырларын қалдырып кеткен Мұқағалидың қасиетті есімі ескірмей, жыл өткен сайын жаңғырып, әр қырынан таныла бермек.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер ер тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді — дер де,
мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы-деп, мұзбалақ ақын Мұқағалидың өзі жырлағандай, мына жарық фәниге келгеніне тоқсан жыл болған Мұқаң туралы ескірмейтін естеліктер де, көлемді кітаптар да, жарыққа толассыз шығып жатыр.
Өр Текестің Нұрланы
Солардың бірі – іргелес Қытай жерінде туып-өскен танымал жазушы, мұқағалитанушы Нұрлан Сәрсенбаев. Ол Қазақстан Жазушылар Одағы ғана емес, Қытай мемлекетінің Шыңжаң автономиялы өлкесінің Жазушылар Одағының мүшесі, Қытай елінің бірнеше әдеби байқау-конкурстарының жеңімпаз жүлдегері.
Нұрлан Тоқтасынұлының «Мұқағали мәртебесі» атты кітабы Алматының «Үш қиян» баспасынан 2026 жылы басылып шыққан. Монография тұрғыдағы кітап туралы сөз өрбітпес бұрын, авторды оқырман қауымға таныстыра кеткеніміз жөн болар.
Нұрлан Сәрсенбаев 1962 жылы ҚХР Шыңжаң, Іле Қазақ автономиялы облысы, Өр Текестің Ақдала ауылында дүниеге келген. 1980-1982 жылдары Іле педогогикалық техникумында білім алып, үздік бітірген. Басқы кезде мектепте ұстаздық етіп, 1986-жылы Іле оқу-ағарту институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1988 жылы үздіктер қатарында тәмамдаған. 1988 — 1994 жылдар аралығында, педагогтық техникумда дәріс берген Нұрлан Тоқтасынұлы ұстаздықтан бөлек, басшылық қызметтерде де өзін білімді, ізденімпаз маман екендігін көрсете білген.
Мәселен, 1995 – 2016 жылдарда Моңғолкүре аудандық оқу-ағарту мекемесінде Іле-Қазақ Автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінің тарихи материалдар комитетінде басшылық қызмет істеген. Бір бағытта ғана емес, әр салада ерінбей, ізденімпаздықпен еңбек етуі, оның білім-таным қабілетін кеңейтіп, көркем-әдеби шығармашылықпен айналысуға зор ықпал етті. Мәселен, «Жұмбақ тас» әңгіме-повестер жинағы, «Көдек ақын» монографиялық шығармасы, «Ғасырлар суыртпағы», «Ақын қойдым», тағы басқа көркем-әдебиет туындыларын дүниеге әкелген. Н.Сәрсенбаев тарихи отанынан жырақ жүрсе де, өз қазағының сан қырлы жасампаз мәселелерін естен шығарған емес,
Мысалы, «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті», «Ата тарих сөйлесін», «Мұқағали керуені» «Қазақтың әдебиеті және мәдениеті», тағы басқа көптеген ұлттық тұрғыдағы көркем-әдеби-танымдық шығармалары Нұрлан Тоқтасынұлының өз ұлтын сүйген, нағыз, шынайы патриоты екендігінің айқын дәлелі. Екі тілді – қазақ және қытай тілдерін төл еміп, еркін сөйлеп, таза жаза білетін Нұрлан Сәрсенбаевтың шығарған кітаптарының саны 15 шақты болса, өз жобасы бойынша құрастырған кітаптарының жалпы саны 30-дан астам.
Киелі атажұрт топырағында туған шығармалар
Қытай жерінде өткен көркем-әдеби байқауларында топ жарып, талай жүлделерді қанжығасына байлаған Нүкең, қай жерде жүрмесін, жүрегінің бір түкпірінде, сартап сағыныш болып жатқан тарихи Отаны – Қазақстанға 2019- жылдың, жасыл жапырақтары сарғайған сары күзінің қазан айында қоныс аударды.
— Шүкір, ата-баба жерінің қасиетті топырағына аяқ басуым мұң екен, туған-туыстар ғана емес, ауылдастарымның барлығы «қандас бауырымыз келді» — деп, құшақ жая қарсы алды. Сол жандардың рухани қолдаулары мен бабалардың киелі жерінің қасиетті топырағының қолдауы болар, келе компьютердің «құлағына» жармасып, шығармашылық еңбекке зор шабыт, буырқанған қуатпен кірісіп кеттім, — дейді әмбебап жазушы Нұрлан Тоқтасынұлы отша алаулаған жүзіндегі қуаныш сезімін жасыра алмай.
Ия, Нұрлан бауырымның сол жүрекжерді сөзінің дәлеліндей, ата–баба жеріне келген аз уақыт ішінде, «Райымбек батырдың ақ атаны», «Арғы атам – Райымбек қол бастаған» және «Мұқағали мәртебесі» атты үш романы үпір-жүпір жарық дүниеге «жарқ» етіп шыға келді. Киелі бабалар топырағының қасиеті-ай, десеңші…!
…Міне, менің қолымда мұқабасында кең маңдайы айдай болып жарқырап, қыран жанарын алысқа шүйліге қадап тұрған киелі Қарасаздың мұзбалақ ақынының сұсты суреті басылған «Мұқағали мәртебесі» аталған жәдігер — кітап. Республикалық «Ақиқат» ұлттық қоғамдық–саяси журналынаң бас редакторы, жазушы-публицист Дәуіржан Төлебаев «алғы сөзін» жазған бірінші бетінің жоғарғы жағында «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арнаймын» деген автордың арнау сөзі көзге жылы ұшырай шалынып тұр. Кітаптың бірінші тарауы – осы романның прологы іспеттес:
Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің – деген бір шумақ өлеңімен ашылған екен. «Киелі жырдың иесі» атты бөлімнің беташарында Н. Сәрсенбаев:
Киелі жырдың пірі – пайғамбары,
Өмірдің бақшасында сайрандады.
Адамдық ардың рухын қадір тұтты,
Мәңгілік жыр жолында таймай бағы – деп толғайды.
Мұқағали поэзиясына берілген әділ баға
Шынында, автор жоғарыда айтқанындай, Мұқағали — талмас таланты мен ақындық жолында, қандай кедергі, тосқауыл тұрса да, Тәңірдің өзі оған берген табиғи дарыны мен тек шындықты шыжғырып тұрып бетке айтатын өткір де батылдық қасиетімен ерекшеленген дара ақын екендігі хақ!
Ең бастысы, прологында: «соған берем ойымның алтын кенін» деп, жырлағанындай, Мұқағали тек қарапайым халықтың жоғын жоқтап, халін күйттейдігін кітап авторы Нұрлан Сәрсенбаев анық та, ашық көрсете білген.
«Мұқағалидың атағы әлем қазақтарына тараған жақұттай жырлары арқылы, туған елінің жүрегіне терең тамыр тартқан, артына қалдырып кеткен мәңгі өлмес поэзиясы, қара ормандай халқының шынайы мақтанышы. Туған халқының ардақтауы мен қастерлеуіне, заңғар-заңғар бағаларына ие болған, алуан түрлі хикаяларының арқауы болып, аты аңызға айналған ақиық ақын М.Мақатаевтың беделі аса жоғары. ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының маңдайалды жыр жұлдыздарының бірі де, бірегейі» — деп, әділ баға береді кітап авторы Н. Сәрсенбаев. Әрі қарай автор:
«Шын мәніндегі бақыт – адамның адал, таза өнері мен толағай таланты арқылы келеді. Тарих сынынан өткен нағыз өнер иелері ғана бұл дүниеден мол сыбағасын алып, есімі өз заманының жасаған дәуір шежіресінде алтын әріппен жазылады» деп, шынайы, әділ бағасын береді.
«Мықты палуанға оң-солы бірдей» демекші…
Ия, авторға қосыла отырып, өзімнің де бағамды білдіре кетсем… Мұзбалақ Мұқағали ақын да мықты палуан сияқты, қазақтың қара өлеңі болсын, алты-жеті, немесе, сегіз-тоғыз буынды өлеңдерді болсын өз қалауы бойынша, қиналмай, шебер жаза береді. Қане, мысал келтірейін:
Қалқам, мен Лермонтов,
Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда, жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазағымның дәл өзіндей қарапайым…
Міне, осы екі шумақ өлеңде Мұқаң, қай ұлттың, қандай атақты ақыны болсын, ешкімге еліктемей, солықтамай, «қазақтың меншікті қара өлеңіне тең келер ештеңе жоқ» дейді. Дейді — дағы, өзінің қазағының ешбір ұлтқа ұқсамайтын қарапайым, ешкімді жатсынбайтын мейірім, қайырым иесі екендігін, ерін емеуірінімен білдіреді.
Ия, баяғыда Сталиндік репрессия кезінде, біздің қазақ халқы кімді ғана бауырына басып, паналатпады, кімге ғана қамқор болмады? Аш-жалаңаш, ауыру-сырқау болып, елі мен жерінен қуылып, шалажансар болып келген шешен, кәріс, неміс, курд пен иврид (еврей) ұлт өкілдеріне қоржын тамдарының бір басын «мүсәпір ғой» деп, босатып беріп, жүгерінің қарма наны мен өз бала-шағасына жетпей жатқан болымсыз айран мен сүтін ауызынан жырып беріп, адам қатарына қосты емес пе?! «Қазағымның дәл өзіндей қарапайым» деп, Мұқаңның өз жырында, туралап емес, емеуірінмен ғана жеткізген шеберлігіне қалай таң қалмассың?
Нұрлан Тоқтасынұлы осы кітаптың 2-тарауында Мұқағалидың Майгүл атты қызының 1962 — жылы қайғылы қазасына орай:
Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін.
Мен тірімін, тірімін… көресің бе…!!! – деп, жанайқайын жазған Мұқаңның, жанарынан аққан қанды жасын Н. Сәрсенбаев жан-жүрегімен түйсініп, ақынмен қоса қамығып, жүрегі қан жылайды. «Аллам — ау, қай қазағымның болмасын, құдіреті күшті Құдайым ұрпағының қазасы арқылы сынап, жылата көрмесінші» деп, ақынның жан қайғысын жанымен түсініп, бірге қайғырады.
Осы жолдары қағаз бетіне түсіре отырып мұзбалақ Мұқаңның:
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйқыдағы ұлымды тербетуге — деп келетін «Бесік басында» атты жыр жолдары Нұрлан Тоқтасынұлының тіл ұшына еріксіз оралып: «Тәңірім күнәдан пәк, періште сәбилердің ұйқысын бұзып, жылата көрмесінші. Өмірге енді талпынып, анасы мен алтын күннің шуақты сәулесінен айырып, тоңдыра көрмесінші…» деген ақындық және әкелік пәк пейілін, шын жүрегінен тілейді.
Қыранның ұраны «Райымбек!»
…Мұқаңның «Райымбек, Райымбек!» атты атақты поэмасын оқымаған қазақ жоқ-ау, сірә… Нұрлан Тоқтасынұлы осы поэманы да шебер саралап талдаған екен өз монологында:
Қу даладағы құйын ба, дейсің ойнаған,
Қыран ба дейсің, қылт еткен құсты қоймаған.
Өз атын ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін Ту ғып байлаған…
Қалай, құрметті оқырманым, қазақтың қара баласының ат ойнатып, ту орнына үстіндегі шыт жейдесін тобылғы күрең қамшысының сабына байлап, хас жауына ұрандап шапқан батылдығы көз алдыңызға келе қалды ма?! Бұл кім екен, әкәу? Кім болушы еді, «ойын баласы» жасындағы, қазағымның бар-жоғы 13-тегі батыр оғланы – Райымбек қой…! Қабырғасы қатқан кәнігі батырдай, қабағы қас жабыла түйіліп, қос жанарынан, жауына кектене от шаша атойлап, құйындай ұйытқып шауып келе жатқан – бала батыр — Райымбек!
Жайына қалып, өлі аруақ пенен
тірі аруақ,
Келеді бала, өз атын өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап
тұр аулақ,
Өлгендер көрде, түскен де болар
бір аунап…
«Мұқағали мәртебесі» кітабында, жазушы Нұрлан Тоқтасынұлы Райымбек батырдың шығу тегіне былай деп түсінік береді: «Райымбек батыр Қанкелдінің екінші ұлы Түкеден туған. 1723 – жылы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы қарсаңында, атасы Қанкелдінің жаугершілік жорығын немересі Райымбек әрі қарай жалғастырады. Осы тұста, Райымбек, Сатай, Бөлек, Қойкелді, Қонақкелді, Малай, Бәйсейіт, тағы басқа батырлармен бірлікте қол ұйымдастырып, жоңғар шеріктеріне үздіксіз соққы береді» дейді сұңғыла қаламгер Нүкең.(Түнеу жылдары Сатай батыр туралы «Мың бала» атты, өзімізде түсірілген кинофильмді көргендеріңіз ойға түскен болар, құрметті оқырман. Автор Ғ.Ю.)
«Шыңжаң» газетінде Нұрлан Фариза қыз туралы
Мұзбалақ қыран Мұқағали мен қазақтың ақын, қыран қызы Фаризаның достығы туралы ел ауызында әңгімелер көп айтылады.
Фариза! Фаризажан, Фариза — қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай — шыдай, ақыры жалығармыз.
Бірімізден – біріміз арылармыз,
Біздерді де жоқтайтын жан
болса, егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз…
Қытай жерінде жүргенінде Нұрлан Сәрсенбаев «Шыңжаң газетінің 2011-жылдың 16-қыркүйегіндегі санында былай деп жазған екен: «Кезінде Мұқағали Фаризаның атын аспандатса, кейіннен Фариза Мұқағалиды ең жақсы танушылардың бірі болды.
Бұл туралы Фариза Оңғарсынова мен Жақыпжан Нұрғожа өткізген сұхбатқа назар салайық дейді:
«Мұқағалидың «Фаризаға» деген өлеңі тарихи жәдігерге айналды. Бұл өлең ақынның соңғы дауыстарын естірткен «Аққу әні» секілді болып сезіледі. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын» деп жазған. Осы өлеңді неге сізге арнады екен? – деген сұрақ қояды.
— Менің баспасөз беттерінде шыққан топтама өлеңдерімді оқыды. Сырқаты жанына батып, шипаханада жатқан кезде, өзінің мұң-наласы шіне сыймай, кімге мұңын шағарын білмеген кезде, адал сөйлейтін, өсек-аяң немесе басқа қақ-соқтан оқшау жүретін мен есіне түсіп, көзіне елестеген болуым керек, — деп жауап қатқан көрінеді, ақтаңгер ақын Фариза Оңғарсынова.
Сөз соңында айтарым…
Ия, алғаш танысқанда да, кейіннен әр тақырыпқа екеуіміз әңгіме өрбітіп жүрген сәттерде де, артық әңгімеге жоқ, сыпайы да мәдениетті сөйлесетін Нүкеңмен тез тіл табысып кеткен едік. Оның сабырлы да салиқалы мінезі мен қай тақырыпқа сөз қозғасақ та өзін судағы балықтай сезінетін білімдарлығын байқағаннан болар, екеуіміз ағалы-інідей жақындасып кеткенбіз. «Өзі жақсыға қайдан болсын бір адамдық орын бар» дегендей, Қытай жерінде қалам сиясы құрғамай, кітаптары толассыз шығып жүрген Нүкеңнің, тарихи отанына оралған аз ғана уақыт аралығында, үш бірдей кітабы жарық көріп үлгерді. Осындай, бұлтартпас фактілерден болар, Нұрлан Сәрсенбаев бауырымды, көршілес екі елдің әдебиеті мен мәдениетін төл емген, Қытай мен қазақ арасындағы алтын көпір сынды сезініп кеткендігім айдай ақиқат. Сөз соңында айтарым:
«Өзің жан-дүниеңмен түйсініп, шынайы сүйіспеншілікпен жақсы көретін мұзбалақ ақын ағаң – «Мұқаңның 95 жылдығына арнаған асыл қазынаң — «Мұқағали мәртебесі» өзіңнің де мәртебеңді асыра берсін» деген ағалық ақ тілегімді білдіремін. Қабыл ал, бауырым!
Ғабдул – Сәбит Юсупов,
жазушы-журналист, Кемел Тоқаев атындағы детектив жанры байқауларының
лауреаты,
Қаратал ауданының құрметті азаматы






