Өз ісіне адал жан

0
1204

Сәбира Заманбекқызы Сембинова  –  «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» алқасының иегері, жоғары санатты дәрігер-анестезиолог, «ҚР анестезиолог-реаниматологтар федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының президенті. Қазақстан Республикасы»,  Алматы облысы бойынша нефрологтар,  диализ дәрігерлері және трансплантологтар қоғамдық ұйымы филиалының директоры – отыз бес жылдан астам еңбек өтілі бар.

Ол 1980 жылы С. Асфендияров атындағы медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы өндірістік тәжірибеден өткен соң  Ақсу ауданында жас маман ретінде қызмет атқарды. Тәжірибенің алғашқы жылдары жас дәрігерді төзімділік пен кәсібилікке сынады. Бірден бірнеше тапсырманы орындауға тиіс болды. Шалғай ауылдарда мамандар жетіспегендіктен, іссапарға жиі жіберіліп, сол жерде басқа әріптестерімен бірге жедел әрекет ету тобының құрамында кез келген ауа райға қарамастан жайлауға баратын. Басшылық оның қаншалықты жанқиярлықпен және адалдылықпен жұмыс істейтінін көріп, реанимация анестезиологы болуды ұсынады. Тынышбай Керімбаев ол кездері бүкіл аумаққа жалғыз анестезиолог болған еді. Сабира Заманбекқызының анестезиолог болып қалыптасуында тәлімгер маңызды рөл атқарды.

Сәбира Заманбекқызы Ақсу өңірінде 15 жыл еңбек етті. Осы уақыт ішінде нағыз кәсіби маманға айналды, өз ісіне терең берілген адам ретінде бағаланып, құрметке бөленді. 2003 жылы Талдықорған қаласына қоныс аударған соң дәрігер-ординатор болып жұмыс істесе, 2007 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі болды. Тәжірибелі де білікті маман реанимация мен анестезияның негізгі мәселелерін анық көрді. Оның бастамасымен емхана басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2009 жылы ауруханада оттегі станциясы салынды.

Сәбира Сембинова әлемдік анестезиологияның ілгері қадам басып кеткенін, көп нәрсені үйренуі керек екенін жақсы түсінді. Алматының және басқа аумақтардың жетекші анестезиолог-реаниматологтарын шақырумен шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, өткізді.

Дәл оның бөлімшені басқарған жылдары нарықта жаңа заманауи әлемдік деңгейдегі дәрілердің пайда болуына байланысты аймақтық анестезия қалпына келтірілді.

2008-2017 жылдар аралығында ол облыстың  штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматолог дәрігері болды. Оның медициналық тәжірибесінде COVID-19 пандемиясының уақыты өте  қиын болды. Пандемияның екі жарым айында   бірнеше күн үйде болмай, нефрологиялық науқастарын жеке емханада  аман алып қалды. Ол осы қиын-қыстау кезеңде өзінің басты жеңісі ретінде барлық санитарлық талапты  сақтаудың арқасында қарт әкесінің КВИ-мен ауырмауы деп санайды… «Егер мен инфекцияны үйге әкелсем, өзімді кешірмес едім», – дейді. Сәбира Заманбекқызы.

Біз, дәрігерлер, алғашында есеңгіреп қалдық. Бірақ, бір-бірімізден тез үйрендік, онлайн оқыдық, барлық жерден ақпарат іздедік, нәтижесінде көптеген пациентті, соның ішінде диализ тобындағыларды да құтқара алдық. Көбісі өте үлкен өкпе жарақатын алды, бірақ біз оларға көмектестік, олар өмірлерін жалғастыруда. Бұл бізді қуантпай қоймайды, – дейді дәрігер.

Медицинаның жаңа бағытын зерттей отырып, ол нефрология бойынша Еуропалық конгресстерге, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің  II конгрессіне, «Қазақстандағы нефрология күндері» халықаралық нефрологиялық семинарына және басқа да кәсіби өсу, денсаулық сақтау тұрғысынан маңызды кездесулерге,  қамқорлық форумдары, ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сыныптарына қатысты. Мәскеудегі Халықаралық нефрология мектебінде оқыды. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеудің озық тәжірибесін зерттеу үшін Париж және Марокко, Мадрид, Амстердам, Стамбул, Грузия, Ресейге барды.

Дәрігер Сәбира Сембинованың көп жылғы еңбегі бағаланып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің, Талдықорған қаласы әкімінің, көптеген қоғамдық бірлестіктің алғыс хаттарымен марапатталды. Ол – білімі мен тәжірибесі халық денсаулығына қызмет етіп келе жатқан ізденісті маман. Оның талантты шәкірттерінің қатарында жас дәрігерлер Мерей  Қаламбеков, Осман  Седат, Аяулым Төлегенова бар.

Сәбира Сембинова қазір Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың диализ бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыр созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен алғашқы науқастармен жұмыс істейді. Ол, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Панфилов және Алакөл аудандарындағы гемодиализ орталықтарының ашылуын өзінің ең жоғары марапаты деп санайды. Жақын арадағы жоспарға Сарқан ауданында гемодиализ аппараттарын орнату, нефрология бөлімшесін ашу және алғашқы медициналық санитарлық қызметте нефропротекторлық терапияны дамыту кіреді.

Білікті маман өзін өзгертуге деген үлкен ұмтылысының арқасында кәсіби қызметінде жаңа дүниелерді меңгеріп, мүлде беймәлім қырларын аша отырып, жұмысында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мерейлі мереке қарсаңында  Сәбира  Заманбекқызына бағындырған абырой биігіңіз аласармай, мерейіңіз үстем бола берсін дейміз. Мерекеңіз  құтты болсын, антына адал дәрігер!

С.ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ