Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып

0
27

  Әнге айналған осы бір өлең жолдары ұмытылмас мектеп жылдарын әрдайым еске салады. Өз үйің — туған шаңырағың болса, мектеп — білім шаңырағы. Ал, ұстаз — оқушының болашаққа жол сілтер ақылшысы, баланың оқуға құштарлығын оятатын, шәкірттің ағаттығын кешіре білетін, талай тентекті сабасына түсіретін, небір қиқарды тәртіпке баулып, жуасытатын өте ұстамды білімді адам. Осы ретте ағартушы Абайдың
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Қазіргі білім беру саласындағы мұғалімдердің басты мақсаты – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру. Мұғалімнің өзі де заман ағымына қарай жаңа педагогтік көзқарасқа трансформацияланады. Ұстаз ретінде өзіне мол жауапкершілік жүктелетінін сезінеді. Өйткені қазіргі шәкірттер озық технология заманының балалары. Олар ақпараттың ағымды тез игеріп алады.Әр бала бір әлем. Бүгінгі қоғамның да, қазіргі заман мектебінің де сұранысы дәл осындай.

Жақында Ақсу ауданында іссапармен болғанымда Ұстаздар күніне орай өткізілген салтанатты жиынның куәсі болдым.
Ақсу ауданы орталығындағы мәдениет үйіне ауданның барлық мектептерінен келген ұстаздармен толған залда ине шаншар орын жоқ. Сахна төріндегі LED экраннан мектеп, оқушы, ұстаз туралы әртүрлі көріністер жүріп жатты. Жиынға ән шашу ретінде аудандық мәдениет үйінің қызметкері ән шырқап жатты.
«Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы.

Ұстаз!.. Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз»,- деп аудан орталығы Жансүгір кентіндегі қобызшы Молықбай Байсақов атындағы мәдениет үйі сахнасындағы жүргізушілер зал толы ұстаздарды жылы лебізбен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеп, құттықау сөз кезегін аудан әкімі Тынышбаев Берік Тынышбайұлына берді.
— Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны — мұғалім» деген еді. Шәкіртінің жетістігіне шын жүректен қуанатын, болашаққа жол сілтейтін шамшырақ иелері, сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! — деп, жүрекжарды құттықтауын жеткізген аудан әкімі залда отырған мұғалімдер қауымына сарқылмас жігер, биік белестер тіледі. Мерекелік салтанатта еңбегімен ерекшеленген ұстаздар шетінен аталып, сахнаға марапатын алуға көтеріліп жатты. Солардың ішінде «Шапағат» медалімен марапатталған Сағымбекова Бақыт Советханқызының есімі жарияланды. Аудан әкімі облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған Б.Сырттанов атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Сарбекова Айгүл Рүстембекқызын, Ақсу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған 6 мұғалімді, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған 18 мұғалімді есімдерін атап, сахна төрінде марапаттарын ұсынды.
Бұдан кейін сахна төріне шыққан Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлан Тұрсынмамедұлы:
— «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады» деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай, мен сіздерден жай мұғалім емес керемет, жақсы мұғалімдер шығуын қалаймын. Өткен оқу жылын нәтижелі аяқтадық. Осы жаңа оқу жылында бәріңізге қажымайтын, талмайтын күш-қайрат тілеймін. Мереке құтты болсын, әріптестер! — деді.
Бүгінгі салтанатты жиындағы ұстаздарға деген марапат толассыз жүріп жатты.
Ауданның он мұғалімі Жетісу облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасымен мадақталды. «Үздік сынып жетекшісі -2026» номинациясы бойынша Ж. Сыдықов атындағы орта мектеп ұстазы Абдықадыр Алтынай Қожахметқызы, «Үздік бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі-2026» номинациясы бойынша Қ.Терібаев атындағы орта мектебінің ұстазы Ахмет Берік Серікханұлы, «Үздік дене шынықтыру мұғалімі-2026» номинациясы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп ұстазы Айтқожа Азамат марапатталды. «Үздік педагог-психолог-2026» номинациясы бойынша 6 мұғалім марапатталды. Ақсу ауданы білім бөлімінің Құрмет грамотасымен 6 мұғалім, Алғыс хатпен 5 мұғалім марапатталды. Салтанатты жиын соңында «Ұстазым» әні шырқалып, оған залдағы ұстаздар орындарынан тұрып түгелдей әнге қосылды. Одан әрі Ақсу аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концертіне жалғасты.
Марапатталған ұстаздардың еңбегі бағаланды деп ойлаймын. Өйткені олардың қайсысы болмасын ақпараттық қоғам дәуірінде мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани қалыптасуына, өзін – өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға, жаңа технологияны меңгеріп, қолданыста кең пайдалана білуге ұмтылған педагогтар деп түсінемін.
Менің есебім бойынша, жаңылмасам, 60-қа жуық аудан ұстаздары марапатталды. Ұстаздар күніне арналған айтулы мереке өз мәресіне жоғары деңгейде жетті. Ақсулық елдің осындай абыройлы істері көп болсын дейміз!

            Сембек Солтанұлы

«Алатау»