Жетісуым мекенім

«Жетісуым — мекенім» атты жарнама ілінгелі және ақпарат желісінен көрініс бергелі де бірталай уақыт болды. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, композитор, әнші, күйші, Көксу, Панфилов аудандарының,Талдықорған қаласы және Алматы облысының Құрметті азаматы Бақберген Асқарбеков бұл есепті концертін көрермендеріне 70 жасқа толуына байланысты өткізді.
Шақыруда көрсетілгендей 09.10.2026. кешкі сағат 18-де Талдықорған қаласының орталығындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінің залы көрермендермен лық толды.
Әли Демегенұлы Алпысбаевтың дирижерлығымен мерейтой иесі Бақберген Асқарбеков Гүлбақыт Қасенованың сөзіне жазылған «Жетісуым – мекенім» атты өзінің әнін айтып, сахна шымылдығын ашты. Одан әрі оркестр Медет Есбергеновтың дирижерлік етуімен автордың бірнеше күйлерін («Шабыт», «Жолбарыс би», «Қабан жырау», «Ескелді», «Балпық», «Құрманғазы», «Дина апам», «Атамекенді аңсау» күйлерін) орындады.
Нұрғиса Тілендиевтің тікелей шәкірті болғандықтан қос домбырамен орындаған «Аққу» күйін тыңдап, ел ұзақ ду қол шапалақ соқты. Одан да басқа көптеген әндері орындалды. Камералық хормен де автордың әндері керемет айтылып тыңдармандар риза болып жатты. Әнмен қосыла мың бұралған бишілер сахнаның сәнін келтірді. Жас әнші Жомарт Текебаевтың орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Бақбергеннің «Ақмарал» әні, орындаушының тынысының кеңдігі кештің әсерлі сәттерін арттыра түсті.
Қандай да бір талант иесі болғанмен де оны әрі қарай жетелеу немесе бұлақтың көзін ашу талмай ізденіс пен таза еңбектің арқасында танылып, биікке көтеріледі.
Дегенмен де қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген ата-бабалардан қалған ұғымды сөз бар. Мен жастайымнан сонау ХIX ғасырдың соңына ала туған үлкен ақсақалдардың әңгімесін көп тыңдағандықтан естіп-білгенімді айтайын:
Бақбергеннің арғы аталары: Кезеңғара одан Әуелбек, одан Одаман туады. Одаманнан Асқарбек, одан Нұршабек, одан — Бақберген. Мұндағы айтайын дегенім ата-бабаларының бәрі де өнерге жақын адамдар болған. Соның ішінде Одаман керемет күйшілігімен елге танымал кісі екен. Сол тұстағы билік иелері де жақсы ән, күй тыңдағанды қалады емес пе? Жаз жайлауда ауыл шетіндегі биіктеу орындарда күйшілер жарысын ұйымдастырып отырған. Сонда ылғи Одаманнан озған ешкім болмаған. Олай болса Бақберген де бұл өнерге тектен-тек жастайынан келе қалған жоқ. Оның бойына өнер ата-бабаларының қанымен келген. Өнер саласында 1970-ші жылдардың басынан осы күнге дейін жүріп келеді. Өсу жолында керемет талантты әнші ҚР халық әртісі Дәнеш Рақышевпен бірге жүріп, өнер саласының қыр сырын меңгере білді.
Ата тегінде бар күйшілік өнерді бала кезінен бойына сіңірген Бақберген Нұрғиса Тілендиевтің репертуарындағы көптеген күйлерді тыңдай жүріп үйреніп, сахнадан орындап, халықтың қошеметіне бөленіп жүрді. Осы өнер саласында жүріп, Нұрағамен кездесіп, қос домбырамен «Аққу» күйін орындағанын көріп тыңдаған Нұраға риза болып батасын берген екен.
Бақберген ұдайы ізденісте жүріп, өзінің табиғатына тән қаншама шығармалар жазды. Бүгінде ол 170-тен астам ән мен 25 күйдің авторы болып танылды.
Кештің соңына ала мерей той иесінің өзі орындаған «Мен әкемнің ұлымын»,
«Көк көбелек», «Мәдинаға» атты, мың бұралған бишілердің қолдауымен айтылған, әндерді тыңдаған халық ду-ду шапалақпен үлкен ризашылық танытты. Бакеңнің өнерінде құлақ құрышын қандырған әуезді әндері ғана емес, айтылар ойдың салмағы бар қазақ ақындарының ішіндегі ақиық тұлғалардың жырларынан теріп алатындығында. Әнші ретінде сахнаны жандандырып, жайнатса, компазиторлығымен елдің ішкі дүниесін оятар, жүрегіне жақын әуен табады. Күйшілігі өз алдына қазақ ұлтының рухын асқақтата көтеріп, жарты әлемге таратты. Оның әндері мен күйлері бүкіл қазақ елін, Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресейді аралап кетті. Бәкеңнің әндері мен күйлерін өз репертуарына қосып алып шырқатып жүрген әншілер бүгінде әр тараптан табылады.
Концерттік бағдарлама өз мәресіне жеткен соң сахнаға Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов ҚР мәдениет министрлігі мен Жетісу облысы әкімі Б.Исабаевтың «Құттықтау хатын» тапсырды. Сахнадағы мерейтой иесіне залдан гүл шоқтары ағылып келіп жатты. Солардың қатарында Қаблиса ауылының Сайлау Бәзілұлы бастаған азаматтары ат мінгізіп, шапан жапты. Көрермен халық риза болып тарасты.
Жетісу жерін күмбірлетіп күйге,сазды әуенге бөлеген өнерпаз жетпіс жасқа өнерге деген құлшынысы талмай жетті.
Мінеки, бүгінде қажырлы еңбектенудің, ізденістің нәтижесі, төккен тердің қайтарымы болып 70 жасында ел құрметіне бөленуде. Еңбегіңіз жана берсін, Бәке!
Сембек Солтанұлы
«Алатау»










