Әрқашан алдыңғы қатарда

0
1466

Индира  Серікболова  –   Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың үздік мамандарының бірі.  Ол бала  шағынан дәрігер болуды, адамдарға көмектесуді армандады.

Сондықтан тоғызыншы сыныптан бастап  медициналық институтқа түсуге дайындалды. Биология мен химия пәндерін терең меңгеріп, Алматы университетіне түсу үшін емтихан тапсырды.  Бірақ конкурстан өте алмады. Дей тұрғанмен  арманынан  қол үзіп қалмау үшін Семей қаласының медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны үздік бітірді. Содан кейін 1995 жылы Семей медициналық академиясының педиатрия факультетінің студенті атанды.

Өз таңдаған оқу орнында  білім алып  жүріп-ақ өзінің өмірлік жолын таңдауда  қателеспегенін  және міндетті түрде дәрігер болатынын және көптеген курстасы секілді медицинаның басқа салаларына бармайтынын түсінді. Индира Тоқтарқызы университет мақтанышына айналды.  Оның Медициналық академияның үздік түлектерінің бірі ретінде фотосуреті Құрмет тақтасында ұзақ жыл бойы ілінген еді.  Ата-анасы Тоқтар мен Ирина Жақыпбаевтар қыздарына қашанда сенім артып, оның әрбір жетістігі үшін қуанып, әрдайым  қолдап, қолпаштаумен келді. 2001 жылы Индира Серікболова Семей медициналық академиясына интернатураға түсті. 2002-2005 жылдар аралығында  «Нұр-Авиценум» медициналық орталығында терапевт болып жұмыс істеді.

Өз ісін жанындай жақсы көретін білікті маманды Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханадағы әріптестері де байқады. Неврологиялық бөлімшенің меңгерушісі Салтанат Мықтыбаева оның дәрігер невропотолог болып қалыптасуына барынша көмегін берді.  Бұл туралы Индира Тоқтарқызы: «Невропотолог болуда  ғана  емес, Салтанат Жексембекқызы тұлға ретінде қалыптасуда  айқын жол салып берген адам. Ол әр уақытта да  қанатының астына алып, үнемі демеп, білгенін үйретті»,  –  деп  ағынан жарылды.

Осының бәрі Индира Тоқтарқызына  дәрігерлік жолда өсудің  жаңа  мүмкіндіктері мен жаңа перспективаларын ашты. Еңбек еткен жылдары невропатолог мамандығы бойынша жоғары медициналық санатты алып, 2014 жылдан бастап облыстық аурухананың неврологиялық бөлімін басқарды.

Оның дәрігерлік жолындағы ең қиын кезең  күллі  адамзатты кіріптар қылған коронавируспен күрес болды. Пандемия басталған  уақыттан  қысқа мерзім ішінде ол невропотологтан инфекционист дәрігеріне айналды.

«Коронавирустың  бірінші  толқынында  қатты қиналдық, бірақ  біз үшін  үлкен тәжірибе болды.  Бұл  дерт  әлі зерттеліп үлгермеген аурудың жаңа түрі болғандықтан,  вирусқа  шалдыққандардың саны артып, өлім-жітім көбейді. Оның үстіне ауруларды  емдеудің  анық  протоколы да болмады. Емдеу тәсілі де нақты жолға қойылмады.  Бірінші  толқында вирус жұқтырып, өте ауыр халде аруханаға түскендердің жайына алаңдағаным  әлі күнге дейін  есімде. Бірақ  қандай  жағдай болмасын  біз  қиындыққа төтеп бере алдық», – деп өткен күндерді еске алды ол.

КВИ-мен күрестің бірінші, екінші және үшінші толқынында дертке қарсы тұрып күрескендіктен де жеңілген жоқ,  ауруды  жеңіп шықты. Осы тұста ол адам жанына арашашы болатын дәрігерлік мамандықты таңдағаны үшін Аллаға сансыз шүкіршілік  айтты.

Индира Тоқтарқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасының көптеген мақтау қағазы  және грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар  коронавируспен күрескені үшін «Халық алғысы»  медалімен, өткен жылы медицина күніне орай «Медициналық көмек көрсетуге қосқан  үлесі үшін» төсбелгісін иеленді.

Бүгінде ол біліктілікті арттырудың түрлі  курсына қатысып, білімін жетілдіріп келеді. Осы орайда  еліміздегі және шетелдегі жетекші невропатологтармен бетпе-бет және онлайн курстарға қатысады. Ол невропатолог ретінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Уәлиханқызы Каменовамен, медицина ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Кенжахметқызы Кужибаевамен, Семей мемлекеттік медицина академиясының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Татьяна Каймак  және басқа да  елдің жетекші неврологтарымен тұрақты жұмыс жасайды.

Ол тек өзі ғана оқып қоймай, әріптестеріне де көмектесіп келеді.  Алматы облысының жетекші невропатолог-дәрігері ретінде емхана базасында солтүстік аймақ өңірінің невропатологтарының қатысуымен семинар-тренингтер өткізуді де басты жолға қойған. Ұжым арасында  Индира Тоқтарқызы жоғары кәсібилігімен, өз ісін  жақсы білетіндігімен үлкен беделге ие. Дәл  Индира Серікболова сынды дәрігерлер бүгінде отандық медицинамыздың негізін,  оның алтын қорын құрап отыр. Өз ісін жетік білетін білікті дәрігерге әрқашан алдыңғы қатардан көріне беріңіз дейміз. Мерекеңіз құтты болсын!

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ