Олай емес

0
308

Әріптесім дұрыс айтады: біз оқуға түскен жылдары жұмыс орындары жабылып, ата-анамыз айлығын айлап ала алмаған, экономикалық жағдай тұралаған қиын уақыт болды. Бірақ  соған   қарамастан ешкімге де алақан жаймай, бізді оқытты, барын беріп, қолындағы тапқан тиынына киіндірді. Шынында да сол кездегі әр отбасындағы проблема төрт қабырғадан тысқа тарамаушы еді. Мемлекет  бермеді  деп  байбалам салып, айқайға баспады. Қазіргілер ше?  Бүгінгілердің    шағымын естігенде ұялып қалатын жағдайға жеттік. Мемлекет берсе де, бермесе де сынап-мінеп жатқанымыз сол.  Жуырда ғана инста желіде 38 мың теңгеге берілген мектеп формасына қатысты ауылдағы ата-ананың білім министріне шағымданған бейнетүсірілімі тарады.

«Сіздердің  38 мың теңгеге берген киіміңіздің түрі мынау. Біз форма өлшемін өзіміз берген едік. Алайда мынадай киім алғанша, ақшаны қолға бермеді ме. Мына киіммен оқу-шы мектепке қалай барады?  Бұл  аудандық білім бөлімінен  берілген  киім. Ал енді мен өзімнің алған мектеп формасын  көрсетейін» деген ананың  сөзін естіп, сананы сан түрлі ой қаузады. Ең алдымен, оның сол киімді өзі сатып беретіндей жағдайы бар  екен, ендеше  баласын тұрғызып қойып  күллі жұртқа жария қылудың не қажеті бар еді. Осындай дүниені көріп өскен перзенттің  ертеңі туралы неге ойламаймыз.  Ана ретінде өзінің миссиясын орындағанымен  бұл  бала  психологиясына кері  әсерін тигізбесіне кім кепіл?  Қалай болғанда да баласын киіндіріп, асырап-бағу әр ата-ананың міндеті емес пе еді. Егер мемлекет  асырауы керек  деп отырсақ,  мұны көрген балаларымызда  қандай талпыныс болмақ.

Бұл ғана емес, бүгінгі қоғамда мемлекеттен бір алып, сосын «көпбалалы едім, көмектесіңізіші» дейтін жазбалар да көбейіп барады. Өткенде сол инста желіден оқығаным бар. Төртінші баласына босанған келіншек  күйеуінің жұмыссыз  екенін айтып, ал  отбасының кірісі  тек бір жасқа толғанша мемлекет төлейтін жөргекпұл деп, көмектессеңіздер  деп  көмек  сұрап  жазыпты. Осы жазбаға орай «онда неге туасың?» дегендерге «енді құдай беріп жатыр баланы» депті.  Күйеуіңіз  жұмыс істеп, отбасын асырауға міндетті ғой деп жазғандарға берген жауабы: «ол үйленгеннен бері жұмыс істемейді және бұл біздің проблемамыз» депті тағы. Әріптесім айтқандай, күйеу жігіт пен қалыңдық некесін заңдастыруға барғанда «Неке және отбасы» кодексіндегі ата-ананың міндетін оқыту керек. Балалардың құқығын қорғайтын заң бар.  Бірақ  өкінішке қарай оны ешкім оқымайды. Білгенге,   әркім бір  «елім маған не береді?» деп емес, «мен еліме не беремін?» деп ойласа ғой дейсің. Бірақ олай емес. Неге?

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ