Өрлеу жолындағы игі істер

0
350

Журналистер үйінде ұйымдастырылған жиында Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов  моноқалада  атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Баяндамашының айтуынша, бүгінде моноқалада әлеуметтік-экономикалық даму бойынша барлық жұмыс  қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан ел экономикасына 3 млрд теңге қаржы бөлінген, оның ішінде бюджеттен тыс инвестицияның көлемі 1,7 млрд теңге немесе  57 пайызды құрайды. Шаһарда басты назарға алынған нысандардың бірі темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электроманганец» ЖШС тәжірибелік зауытының құрылысы аяқталды. Оның қуаттылығы жылына 20 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ индустриалды бағытқа қарамастан  қалада туризм саласы да айтарлықтай дамып келеді. Бүгінде туристік инфрақұрылымның 14 нысаны бар. Мұндай  кешендердің  қатарына 2021 жылы «Vuslat» және «Жетісу» демалыс орындары енгізілді. Оған 800 миллион теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар қазіргі таңда «Этноауыл» туристік кешенінің де құрылысы жүріп жатыр. Жалпы қаражат сомасы 500 млн. теңге, онда 20 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Тұрғындар аймақта күнделікті велосипедпен немесе жаяу серуендеуді әдетке айналдырған.

Қала  әкімінің  сөзінше  туризмді  одан әрі дамыту мақсатында инновациялық смарт қала технологияларын ұйымдастыру ойда бар. Мәселен, медициналық және полиция бөлімі пункттері орналасқан жерлерде сенсорлық экран жүйесі бар интерактивті ақпараттық жабдықтау, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына баратын барлық туристік бағыттар бойынша тегін Wi-Fi интернет және туризм саласындағы федерацияларды орналастыру қарастырылған. Алдағы уақытта қаланың бұдан да көркеюі үшін түрлі жұмыстар жүргізу көзделінуде.

Жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл нысан орталық спорт залмен, компьютерлік кабинетпен жабдықталған және болашақта IT клуб құру да жоспарда бар көрінеді. «Coworking» орталығы мен шахмат клубы бар. Аталған орталық жастарға жұмыспен қамту мәселелерін шешуге, кәсіп ашуға және ұлттық жобаларды түсіндіруге қолдау көрсетеді. Технологияның озық түрлерін пайдалану мақсатында қала ішінде интернетке қосылған 5 мектеп толықтай  IT сыныптарымен жабдықталыпты.

Сонымен қатар  биыл Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталыпты. Жобаның құны 1,5 млрд теңге, 2022 жылға 100 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ  биылғы  жылы Мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтпек.

– Соңғы уақытта туризмді дамыту қарқынды іске асуда. Жаңадан көптеген нысан ашылғалы жатыр. Бұл бастама қаладағы жастар мен балаларға арналған үлкен мүмкіндік болмақ. Қазіргі уақытта спорт кешенінің құрылысын бастадық. Жастардың бос уақытында спортпен шұғылдануына пайдалы болады. Жастарға қызмет көрсету орталығы  да жұмысын аяқтады. Ендігі кезекте мәдениет үйін жаңартуды көздеп отырмыз, – дейді Б. Қайыркенұлы.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 40 пәтерлі екі үйдің жобасы әзірленіп, құрылыс нысаны аяқталған. Әлеуметтік топтағы 80 адам пәтер кілттерін алып, жаңа баспанаға ие болыпты.

Жиында қаланың басты түйткілі – ауыз су мәселесі де сөз болды. Оны шешу үшін аймақтың жоғарғы бөлігінде 4 ұңғыма бұрғыланып, оның 3-еуі ішуге жарамды деп танылған.  Қолданыстағы ұңғымалардан 16,4 км инженерлік су құбырын тартуға ағымдағы жылы 100 млн. теңге бөлініп, жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, өңір басшысының қадағалауымен газ тарту жұмыстары да қолға алынған. Қаланың 194,3 шақырымдық газ құбырын және оны тарату желілерін тарту жобасын жүзеге асыру басталды. Оның құны шамамен 6 млрд теңгені құрайды. Бұдан әрі қаржыландыру мәселесі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына енгізілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2023 жылға шамамен 2 млрд теңге қарастырылуда.

Брифингте қаланың 8 көшесіне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгені жөнінде, жылыту маусымына дайындық басталып жатқандығы туралы да айтылды. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 400 адам уақытша жұмысқа орналасқан. 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 217 миллион теңгеге түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілген. Әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды қолдау мақсатында жалпыға бірдей білім беру қорынан 12 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, 481 бала қамтылыпты. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлер мен Текелі қалалық мешітінің қолдауымен әлеуметтік осал отбасынан шыққан 123 балаға 1,8 млн. теңгеге көмек көрсетілген.

Жиын соңында қала әкімі журналистер қойған  сауалдарға  жауап берді. Мәселен, қала тазалығы турасындағы мәселеге қатысты тиісті шаралардың қолға алынып жатқандығын айтып, алдағы уақытта іске асатындығын мәлімдеді.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ