Қаншама ата-ананың көз жасы төгілді

0
478

«Балам» деп көз жасын төгіп, кеудесі қарс айырылған ана, іштей тынған әке. Оқыс оқиғаларға куә болып, балаларының тағдырына алаңдаған ел. Иә, бұл соңғы уақытта орын алып жатқан, жүрекке батқан қайғылы оқиғалардың бірі. Бейбіт күн, тәуелсіз елде орын алып жатқан оқиғаның шынайы бейнесі. Бұқараны дүрліктірген жайтта жұрттың пікірі екіге бөлінді. Оны әлі де талдап, талқыға салуда. Бұған кінәлілер кім? Жауапты адамдар қайда?Елімізде қазір күзгі әскерге шақырту науқаны басталып, оған 18-27 жас аралығындағы барлық ер азаматты  шақыруда. Алайда «баламды ешқайда жібермеймін», «әскерге алып кетіп, жазым қылмақшы», «мен жіберуге қарсымын» деген пікірлер әлеуметтік желілерде жазылып, ұлдарын әскерге жіберуге түбегейлі қарсы болған ата-аналардың қарасы  көп. Рас, соңғы кездері әскери борышын өтеуге кеткен сарбаздардың өлім-жітімі жиілеп кетті. Ай сайын бірінің ізін бірі суытпай, қаншама отбасы қара жамылып отыр.

Айта  кетейік, жыл басынан бері қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің оннан аса жауынгері қаза болды. Бірі бұл істі әскердегі қатаң тәртіпке жастардың шыдамайтынын айтса, бірі әлімжеттік пен байланыстырады. Қалай дегенмен осы мәселенің артында кімдер тұрғанын, кінәлілердің табылғанын әлі көрмедік. Тек қара жамылған отбасына әлеуметтік көмек көрсетіп жатқандарын байқадық. Сарбаздарды темірдей тәртіппен ұстап  тәрбиелегенше  дәл сондай  ұстаныммен  айыптыларды анықтауға болмас па еді?!

Еліміздің жарқын болашағы жастардың, елін, жерін сүйетін азаматтардың қолында. Біз сарбаздарды мықты қылу үшін әскери өмірді жан-жақты тексеріп, біржақты етуіміз керек-ақ. Ата Заңымызда «Адам өмірі  мен бостандығы – ең басты қазына» деп жазылғандай, осы қымбат дүниелерге баса мән беруіміз қажет. Сарбаздардың  сағын сындырмай, керісінше рухын көтеруге тиіспіз.

Жақында ғана Қазақстандық әскерилер арасында «Өміріңді сақта» бағдарламасы енгізілетіні жайлы хабарланды. Оның әскери қызметшілер қатарындағы жарақат алудың, өлім-жітімнің және суицидтік көріністердің алдын алуға бағытталғаны белгілі болды. Мемлекет басшысының араласып, бұйрық беруімен арнайы комиссия құрылды. Енді сол комиссияның жұмысынан нақты нәтиже күтеміз. Оқыс жағдай орын алмас үшін алдын ала тиісті шараларды баяғыдан қолға алу керек еді.Ол үшін  қаншама ата-ананың көз жасы төгілді. Бүкіл халықтың қабырғасы қисайды. Неге?

А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ